Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

Болашақтың іргесін бірге қалаймыз Тәуелсіздік – бақыт, оны мәңгілік ету – елге сын Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Азат қазақ елінің өміріндегі айтулы оқиға – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен айшықталған биылғы мерекелі жыл да тарих қойнауына еніп барады. Шежірелі тарихымыздың жаңа бір парағы болып қалмақ бұл жыл еліміз үшін толымды табыстар мен сындарлы сынақтарға да толы болды.

Биылғы жылдың басты оқиғасы, бұл – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Жыл ішінде атқарылған ауқымды шаралар мен іргелі істердің барлығы халқымыз үшін қасиетті де қастерлі ең басты мереке – осы Тәуелсіздік күніне арналды. Осыған орай мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Президент әкімшілігінің, үкіметтің, «Нұр Отан» ХДП басшылығымен өткен кеңесте мерекелі жылы қол жеткен жетістіктер мен әттеген-айлар сараланды, нақты міндеттер айқындалып, тапсырмалар берілді.

Биыл атқарылған жұмыстардың алдын-ала шығарылған қорытындыларына сәйкес, еліміз Тәуелсіздіктің 20 жылдығын жақсы көрсеткіштермен аяқтайды. Ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі 7,3 пайызды құрайды, халықаралық қорлар жиынтығы 75 млрд АҚШ долларынан асады. Жыл ауыл шаруашылығы үшін табысты болды. Биыл диқандар бұрын-соңды болмаған егін өсіріп, 29,7 млн тонна рекордты астық жинады. Салада өнім өсімінің көлемі былтырғыға қарағанда 25,5 пайыз, ал құрылыс саласында 3 пайыз, өнеркәсіпте 4 пайызға жуық көрсеткішті құрады, сауда мен көлік салаларында да өсім бар. Биыл халық игілігіне қызмет ете бастаған іргелі жобалардың қатарында Мойнақ су электр стансасы бар. Оңтүстік аймақтың электр қуатына қажеттілігін толықтай дерлік қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бұл бірегей жоба еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қол жеткізудің кепілі болып табылады. Осы жылғы қуанышты оқиғаның бірі – 23 жыл сарғая күткен Алматы метросының іске қосылуы болды. Қорғаста Қазақстан мен Қытай теміржол тармағы түйісті, халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы ашылды. Екі ел арасында ғана емес, Батыс және Азия елдерімен сауда және ықпалдастықтың дамуына үлкен жол ашатын бұл жобалардың ел экономикасының қарқынды алға басуына ықпалы мол болмақ. Мұның сыртында жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған жобалар қаншама.

Президент қазіргі күні Индустрияландыру картасына 9,6 трлн теңгені құрайтын 609 жоба енгізілгенін атап көрсетті. Соңғы екі жылдың ішінде нысандарды іске қосу есебінен 90 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Мыңдаған адамдар тиісінше табыс пен жоғары білікті жұмысқа ие болды. Бұрын Қазақстанда ешқашан өнім шығарып көрмеген 106 өндіріс игерілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй құрылысы бағдарламасы іске асырыла бастады. 389 нысан бойынша 53 мың үлескердің проблемасы шешімін тапты. 2010 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру барысында жалпы сомасы 240 млрд теңге болатын 750 жоба мақұлданды. Бұл дегеніміз – жаңа жұмыс орындарының ашылуы, экономиканың жандануы. Сондай-ақ әлеуметтік салада оң нәтижелерге қол жеткізілді. Жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызға дейін төмендеді. Биылдан бастап 2015 жылға дейінгі кезеңге арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастады.

Мерейлі мерекелі жыл – экономиканың одан әрі жылдам өсімі мен халықтың өмір сүру деңгейінің арту жылы болғанын атап өткен Президент шешімін таппаған мәселелерге тоқталды. «Маңғыстау облысындағы оқиға күллі Қазақстан үшін айтарлықтай сынақ болды. Мерейтойлық жылы бізге қатер төнді. Мақсаты біздің қоғамда әлеуметтік, ұлтаралық, дінаралық және басқа да алауыздықты тудыру болды. Қазір тек оның шығу себептерін ғана емес, сондай-ақ осы оқиғаларды ұйымдастырушыларды табу үшін тергеу жүргізілуде, – деді Президент. – …Басты себеп, үкіметтік шенеуніктер, «Самұрық-Қазына» басшылығы және осы еңбек кикілжіңін тікелей шешуге қатысы барлар жауапсыздық көрсетті, іс жүзінде нақты адасушылыққа жол берді. Сондықтан қазір барлығы осы оқиғалардан сабақ алулары тиіс. Бас прокуратура назарын қылмыстық істерді ашық, адал жүргізуді және осы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен арандатушылардың барлығын қатал заң бойынша жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету қажеттігіне тағы да аударамын».

Мемлекет басшысы келесі жылы бәрі де әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқынының басталуын күтіп отырғанын атап өтті. Қазақстан бұған бұрыннан дайындалуда. Дегенмен дағдарыс басталып кеткен күнде оны еңсеруге біз барлық, орталық және жергілікті деңгейде де, дайын болуымыз керек.

Жаңа жылдан бастап Қазақстан Ресей мен Беларусьтің қатысуымен Біртұтас экономикалық кеңістік (БЭК) аясында жұмыс істей бастайды. Бұл қазақстандық кәсіпорындар алдында жаңа мүмкіндіктер туғызып, өнім өткізуде жаңа нарықтар ашады. Сонымен бірге, отандық кәсіпорындар біздің серіктестерімізбен бірге жаңа бәсекелестік алаңға енеді. Сондықтан «Қазақстандық өндірушілер мұндай бәсекелестікке дайын болып, одан мықты әрі нығайып шығып, Бүкіләлемдік сауда ұйымы аумағындағы бәсекелестікке даяр болулары тиіс. Үкімет БЭК жұмысындағы ережелер, барлық артықшылықтар мен тәуекелдер жайлы нақты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруы қажет. Бұл жұмыс, әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдеріне бағытталуы керек», – деді Елбасы.

Президент атап өткендей, индустрияландыру бағдарламасы бсты міндеттің бірі болып қала береді. Осыған байланысты үкіметте, жергілікті атқарушы органдарда жылына екі рет баяндама жүзеге асырылатын болады.

Мемлекет басшысы әрбір министр осы кезеңде өз саласының жай-күйі мен жұмысы үшін дербес жауапкершілікте болатынын атап көрсетті.

Елбасы үкіметтің, министрліктер мен ведомстволардың барлық басшы қызметкерлері, барлық әкімдіктер үшін жаңажылдық және өзге де мемлекеттік мерекелерде демалысқа шетелдік сапарға шығуға тыйым салды. «Мерекені елде, өз халқыңмен атап өту керек. Бұл алдағы жаңа жылға ғана емес, сондай-ақ барлық ұлттық және мемлекеттік мерекелерге де қатысты», – деп атап өтті Президент.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының одан әрі ойдағыдай жүзеге асуы халқымыздың береке-бірлігіне және біздің қандай Парламентті таңдайтынымызға байланысты болады. Сондықтан Мемлекет басшысы сайлауалды кезеңде ұлттық және діни картаны ойнағысы келетіндер әрдайым табылып қалатынын атап өтті. Мұндай әрекетке батыл тойтарыс беру қажет. Бұл біздің қағидаттарға қарама-қайшы келетінін, тұрақтылыққа, мемлекеттің дамуына, біздің Тәуелсіздігімізге қарама-қайшы келетінін ұғындыру қажет.

– Сайлау қоғамды біздің басты құндылығымыз – тұрақтылық, бірлік, келісімнің айналасына топтастыру факторы болуы тиіс. Тек соның нәтижесінде ғана біз алға жылжимыз. Мен бұл туралы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай жасаған баяндамамда толық айттым. Қазір адамдарға, олардың мүддесіне жақын болу үшін, халқымыз мерекені жақсы атап өтуі және біз сайлауалды кезеңнен жақсы өтуіміз үшін, елдің әр күнгі тыныс-тіршілігі үзіліп қалмауы үшін жұмыла жұмыс істеуіміз қажет, – деді Президент.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру