Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

Нақты тапсырмалар берілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Президент әкімшілігінің, үкіметтің, «Нұр Отан» ХДП басшылығымен кеңес болып өтті.

Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын жақсы көрсеткіштермен аяқтайды. Президент мерейтойлық жыл – экономиканың одан әрі жылдам өсімі мен халықтың өмір сүру деңгейінің арту жылы болғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы жергілікті жерлердегі әкімдердің әлеуметтік маңызды мәні бар проблемалық мәселелерді жедел шешу қажеттігіне тоқталды. Жұмыста ешқандай да ұсақ-түйектік болмауы тиіс. Осы кезеңде барлық деңгейдегі әкімдіктер алдында тұрғын үйлерді жылумен, сумен, газбен үздіксіз қамтамасыз ету, әлеуметтік мәні бар бағыттар бойынша басқа да мәселелерді шешу міндеті тұр. Қыс биыл суық болады. Барлық облыста, қалалар мен ауылдарда коммуналдық қызмет атаулы мінсіз жұмысы істеуі тиіс. Жылыту маусымында бұл мәселе әкімдердің қатаң бақылауында болуы керек. Көлік қызметі, сауда-саттық нақты қамтамасыз етілуі тиіс. Әрбір әкім азаматтардың шағымына назар аударып, өтініштері бойынша барлық мәселені жедел шешуі қажет.

Президент келесі жылы бәрі де әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқынын күтіп отырғанын атап өтті. Қазақстан бұған бұрыннан дайындалуда. Дегенмен Үкімет әлемдік экономикадағы жағдайдың даму үрдістеріне мониторинг жасау жұмыстарын айтарлықтай күшейтуі қажет. Дағдарыс және оны еңсерудің әртүрлі жоспарларын пысықтау қажет.

– Дағдарыс жағдайында ерекше ыждағатты болу керек, ең алдымен, бұл мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың шығысына қатысты. Олар қымбат тұратын шулы іс-шараларды, таныстырылымдарды, халықаралық конференцияларды өткізуден бас тартулары тиіс. Оның бәрін тоқтату қажет, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент индустрияландыру бағдарламасы қазір қолға алып отырғандай, басты назарда бола беретінін атап өтті. Барлық жерде, Үкіметте де, жергілікті атқарушы органдарда да жылына екі рет баяндама жүзеге асырылатын болады. Мұны негізгі міндет деп санау қажет.

Мемлекет басшысы әрбір министр осы кезеңде өз саласының жай-күйі мен жұмысы үшін дербес жауапкершілікте болатынын атап көрсетті.

Кеңестің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру