Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

Қаржылық қызмет қорытындылары

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби 
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі 
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Шаруа баққан жұрт әдетте жыл бойғы тірліктің қорытындысын қоңыр күзде шыға­рады. «Балапанды күзде санайтын» ауыл шаруа­шылығы еңбеккерлері үшін бұл сындарлы шақтың жауапкершілігі жоғары. Ал, қаржы төңірегіндегі үнемшіл жұрт диқан қауымның бүкіл дәйек-дерегін қабылдап, қорытындысын жария етіп барып қана өз мәліметтерін жазуға отырады. Қалыптасқан ереже бойынша олар есеп-қисаптарын қыраулы қыста тапсырып жатады. 

Ел қоржынындағы қаржы, инфляция деңгейі, Ұлттық қор қаражаты сияқты аса маңызды деректер жиынтығы мамандар қолына енді ғана тиіп отыр. Атап айтқанда, республика Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми деректері бойынша 2016 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,5 пайыз деңгейінде қалыптасқан, бұл тұтастай алғанда Ұлттық банк бағаларына сәйкес келеді. Инфляцияның нысаналы бағдардан аздап асып кетуі 2016 жылғы 4-тоқсанда жекелеген тауарлар бағасының қысқамерзімді сипаттағы өзгеруімен байланысты болды. Жыл бойы инфляциялық үдерістердің баяулауы және айырбастау бағамын елдегі бағалар деңгейіне ауыстыру әсерінің біртіндеп теңесуі байқалды. 
Инфляция құрылымында азық-түлік тауарлары бағасының 9,7 пайызға артуы инфляцияға көп үлес қосты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 9,5 пайызға көтерілді, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен (22,6 пайыз) айтарлықтай төмен. Ақылы қызметтер бір жылда 6,1 пайызға қымбаттады. Осылайша, 2016 жылдың соңына қарай инфляция қарқыны бір таңбалы цифрға дейін баяулап, инфляциялық күтулер төмендеді. Жедел деректер бойынша 2016 жылы Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері 29,8 млрд. АҚШ долларына дейін, яғни 6,8 пайызға ұлғайды. Ұлттық қордың активтері 2016 жылы 3,7 пайызға төмендеп, 61,0 млрд. АҚШ долларын құрады. Тұтастай алғанда, елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда жедел деректер бойынша 2016 жылы 90,8 млрд. АҚШ долларына дейін, яғни 0,5 пайызға азайды. 
Ақша базасы 2016 жылы 8,7 пайызға кеңейіп, 5 162,2 млрд. теңгені құрады, айналыстағы қолма-қол ақша мен теңгедегі барлық ағымдағы шот кіретін М1 ақша агрегаты 4 603 млрд. теңгеге дейін, яғни 51,8 пайызға кеңейді. Қолма-қол  ақша мен теңгедегі барлық ағымдағы және мерзімді шот, сондай-ақ шетел валютасындағы ағымдағы шоттар кіретін М2 ақша агрегаты 12 590 млрд. теңгеге дейін, яғни 46,4 пайызға кеңейді. Ақша массасы 15,7 пайызға ұлғайып, 19 912,6 млрд. теңгені құрады. Оның құрылымында айналыстағы ақша 41,4 пайызға өсіп, 1 748,6 млрд. теңгеге жетті, банк жүйесіндегі  депо­зиттердің көлемі 18 163,8 млрд. теңгеге дейін, яғни 13,7 пайызға ұлғайды. 
Экономикадағы ақша ұсынысының байқалып отырған өсуі теңгедегі бөлік есебінен болып отыр. Белгілі бір аралығы бар ақша ұсынысының өсуі экономиканы несиелеудің кеңеюіне себепші болды. 2016 жылы автоматты РЕПО нарығындағы сауда-саттықтың жалпы көлемі 2015 жылмен салыстырғанда  2,5 есе өсіп, 56,8 трлн. теңгені құрады. 1 күндік операциялар бойынша сауда-саттықтың РЕПО-ның жалпы көлеміндегі үлесі 95,7 пайызды құрады. 1 күндік РЕПО операциялары бойынша орташа алынған мөлшерлеме 2015 жылғы 19,14 пайыздан 2016 жылғы 14,85 пайызға дейін  төмендеді. Бұл ретте ақша нарығының мөлшерлемесі базалық  мөлшерлеменің пайыздық дәлізі ішінде қалыптасты, ол 2016 жылғы ақпандағы 17 пайыздан қарашадағы 12 пайызға дейін төмендеді.
2016 жыл бойы  Ұлттық банк теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы тәртібін ұстап тұрды. Іргелі сыртқы және ішкі факторлардың әсеріне байланысты теңгенің бағамы бір АҚШ доллары үшін 327,66 – 383,91 теңге ауқымында ауытқыды. Бұл ретте мұнай бағасының бір баррель үшін 27 долларға дейін төмендеуіне байланысты теңге бағамының ең көп құбылмалылығы 2016 жылдың басында байқалды. 2016 жылдың соңында биржалық бағам бір жылда 2,0 пайызға нығайып, бір доллар үшін 333,29 теңге болды. Қазақстан қор биржасында KZT/USD валюталық жұбы бойынша биржалық операциялар көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы 45,пайызға төмендеп, 30,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Биржадан тыс валюта нарығында KZT/USD валюталық жұбы бойынша операциялар көлемі 72,5 млрд. АҚШ долларына жетті. Тұтастай алғанда ішкі валюта нарығында KZT/USD валюталық жұбы бойынша операциялар көлемі 102,9 млрд. АҚШ долларын құрады. Ұлттық банктің валюта нарығына қатысуы халықтың валюталық басымдықтарының ауысуына және ұлттық валютадағы құралдардың тартымдылығының өсуіне байланысты болды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру