Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

Ғылым мен өндіріс интеграциясы

Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында еліміз дамуының жаңа дәуірінде экономиканың аграрлық секторын серпінді дамытуға бағытталған Үшінші жаңғырту міндетін алға қойды. Жолдауда ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігі атап көрсетілді. Бұл тұрғыда ғылым мен өндіріс интеграциясының маңызы алдыңғы кезекке шығатыны түсінікті. Осыған орай таяуда еліміздегі ауыл шаруашылығы білімінің қарашаңырағы – Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Жамбыл облысы өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңес өтті.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде Жолдауда алға қойылған міндеттерге тоқталып өтті.   
Жолдауда 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге біріктіру жоспарланған. Ауыл шаруашылығын субсидиялау мен несиелендірудің жаңа шарттары жүзеге асырылатын болады. Ауыл шаруашылық кооперативтеріне арнайы салық жүйесі енгізіледі. Бұл жерде 70 пайыздық жеңілдік қарастырылған. 5 жыл ішінде суармалы егіс алқабын 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу көзделуде. 
Өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемі, орга­никалық азық-түліктің өндірісі ұлғаяды.

Жолдауда Қазақстанның агроөнеркәсіптік ке­ше­нінің алдына әлемдік нарықта экспортқа бағыт­талған, бәсекеге қабілетті, сапалы өнімдер өндірісін ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету міндеттері қойылған. 
Т.Есполов өз сөзінде атап өткендей, Жамбыл облысы – аграрлық секторды индустриялды-инновациялық жолмен дамыту арқылы еліміздің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өнімдерді экспорттауды кеңейтуге әлеуеті мол аймақ. Алайда аймақтың ауыл шаруашылығын дамыту жағдайы өте күрделі. Осы ретте ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу арқылы ғана тұрақты дамуға қол жеткізуге болады. 
Жамбыл облысының еліміздің ауыл шаруа­шылығы жалпы өнімінің құрылымындағы үлесі 7,0 пайыз. Өңірдегі 373 ауылда 329 мыңнан астам адам немесе халықтың 58,0 пайызы тұрады. Ауыл шаруашылығында ұсақ тауарлы өндіріс басым. Қазіргі күні мұнда 16 мыңға тарта ауылшаруашылық кәсіпорындары мен шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Жалпы ауыл­шаруашылық құрылым­дарының 98 пайызы шаруа қожалықтары болып табылады. Олардың ішінде егістік алқабы бар қожалықтардың 85,0 пайызының, ал өзге шаруашылықтардың 73,0 пайызының иелігіндегі жер көлемі 50 гектардан аспайды. Бұл жерде, әрине, өндіріс тиімділігі туралы айту қиын. 
Осыған байланысты 2015 жылы қазан айында «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» заң қабылданды. «Қазақстан Республика­сының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­ма­сының» жобасы әзірленіп, Үкіметке бекітуге ұсынылды.
Университет ғалымдары кооперативтің түрлері мен формаларын негіздеуге, кооперативтің жұ­мысын, кооператив кірісін құрылтайшылар арасында әділ бөлуді реттейтін заңдық құжаттарды дайын­дауға, кооперативтің тиімді жұмысына қажет­ті инновациялық технологияларды әзірлеп, өнді­ріске ендіруге қызмет көрсетуге дайын.
Мал шаруашылығын дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тиімді жол­дарының бірі – жайылымдық мал шаруашы­лығын ғылыми тұрғыда негіздеп, ұйымдастыруға елімізде толық мүмкіндік бар. «Парламентте қаралып жатқан «Жайылым туралы» заңның тез арада қабылдануы мал шаруашылығын дамытуда үлкен мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Оған біздің университет ғалымдары да өз ұсыныстарын беріп, ат салысуда, – деп атап өтті Тілектес Есполов. – Осыған байланысты Жамбыл облысында жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін табиғи жағдай өте қолайлы екенін атап өткім келеді. Өңірдің өзіндік құны арзан, сапасы жоғары мал өнімдерін өндіруге қажетті әлеуеті жоғары. Осы ретте университет ғалымдары «Жамбыл облысы жайылымдарын суландыру тиімділігін арттыру» бағдарламасын дайындап, өндіріске енгізуге ұсынып отыр».
Ректор тоқталып өткен келесі бір өзекті мәселе – суармалы егістіктердің жағдайы. Осы орайда бүгінгі күні суды тиімді пайдалану, топырақтың құнарлылығын көтеру, екінші қайтара тұздануды азайту, суару-коллекторлық жүйелерді қалпына келтіру секілді күрделі проблемалардың бар екені белгілі. Бұл мәселелерді ғылымның инновациялық жетістіктерін пайдаланбай шешу мүмкін емес. Осы бағытта да университет ғалымдарының ұсы­ныстары жеткілікті.
Елбасы Жолдауында айтылған өсімдік шаруа­шы­лығын әртараптандыру бағытында да ғалымдар ұсынысы баршылық. Мәселен, мал азықтық дақылдар өсіру саласы бойынша университет ғалымдары шаруа қожалықтарымен жұмыс істеуге дайын. Бұл ретте көкбалауса конвейерін жасау арқылы сүтті бағыттағы сиырлардың өнімін 3-3,5 жарым есеге арттырып, әр сиырдан сауылатын сүт мөлшерін 3,5-4 тоннаға жеткізуге болады. 
Сондай-ақ Мерке және тағы бірқатар аудан­дардың табиғи-климаттық жағдайы сапалы жүзім және жеміс-жидектің түр-түрін өсіруге қолайлы. Бұл бағытта облыс шаруашылықтарында жүзім және жеміс-жидек ағаштарын өсірудің жаңа технологияларын енгізу жөнінде ғалымдар ұсыныстары дайын. Сонымен қатар ветеринария, мал шаруа­шылығы, аграрлық инженерия, жылыжай шаруа­шы­лығы және өңірді жасылдандыру саласында да ұсыныстар жеткілікті.
Қай саланың болмасын ілгері дамуының негізінде ғылым, ғылыми жетістіктер тұрады. Осы ретте университет ғалымдары Жамбыл облысына іс-сапар барысында аудандық әкімшіліктермен бірлесіп жұмыс жасау туралы келісім-шарттарға отырған. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау да бар. Онда әр ауданның экономикалық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып кешенді даму бағдарламаларын жасау, әсіресе дарынды балаларды агробизнеске мектеп қабырғасынан баулып, университетте көп деңгейлі білім алуына жол ашу, кейін өз ауданына қайтып келу мақсатындағы іс-шараларды қолға алу қарастырылған. Осы орайда ректор Тілектес Есполов бакалавриат бойынша 42, магистратурада 39, PhD докторантурада 16 мамандық бойынша Жамбыл өңірі жастарын оқытып, облысқа ауыл шаруашылығының бар саласы үшін мамандар даярлау мәселесін шешуге оқу ордасының дайын екендігін атап өтті.
Кеңес барысында айтылғандай, еліміздің ауыл шаруашылығы саласында орын алып отырған мәселелерді шешуге атсалысып келе жатқан жетекші білім мен ғылым ордасы – Қазақ ұлттық аграрлық университеті жаңа уақыт талаптарына сай аграрлық сектордың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру ісіне қызмет көрсетуге әзір. Университеттегі барлық ғылыми инфрақұрылымдар, соңғы жылдары ашылған заманауи агротехникалық хаб, жаңа зертханалар озық ой мен ізденістердің аграрлық өндіріс тиімділігін көтеруге жол ашарына сендіреді. 
Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының басшысы Нұржан Молдиярұлы бастаған сала мамандары, шаруашылық жетекшілері және бір топ кәсіпкерлер университет ғалымдарымен пікір алмасып, ауылшаруашылық өнімінің бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру жолында бірігіп ынтымақты жұмыс жасау жолдарын талқылады. Өндіріске тікелей енгізілетін ғылыми жобалармен танысты.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру