Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

Дүниенің ғылымын меңгерген алға озады

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына арналған жалпы жиналыстың салтанатты сессиясы өтті.

Мемлекет басшысы мерейтойлық сессияға қатысушыларды Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдығымен құттықтап, оның Қазақстан ғылымының қалыптасуы мен дамуындағы үлесін ерекше атап өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
 – Бүгінгі мерейлі сәтте біз Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сынды ғұламаларымызды атап өтуіміз қажет. Тәуелсіздік жылдарында ҰҒА алдыңғы буынның абыройлы ісін жалғастыра білді. 25 жылда ғылыми ұйымдардың саны 2 есеге көбейіп, 300-ден асты.  Ғылымды қаржыландыру жыл өткен сайын артып келеді. Соңғы 3 жылда ғана 100 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта бұл ұстанымнан айнымай, ғылымның қарқынды дами беруіне жағдай жасайтын боламыз. Әлемнің дамыған 30 еліне қосылу жолында сіздерге зор үміт артылады. Осы алдымызға қойған мақсатымызға жету үшін мен Қазақстанның  Үшінші жаңғыруы туралы Жолдауымда 5 басымдықты айқындап бердім. Жиырма бірінші ғасыр – ғылым мен білімнің ғасыры. Әсіресе, қолданбалы ғылымның көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанын көріп отырмыз. Ғалымдарымыз жаңа көкжиектерге көз тігіп, зерттелмеген кеңістіктерді игеруі тиіс. Біз әлемдік жаңа технологияларды игеріп, өзімізге бейімдеуіміз керек.

Мен академиктермен кездесуімде дүниеде бол­мағанды ашу нағыз революция болар еді, бірақ дүниеде бар нәрсені Қазақстанға әкеліп бейімдеу – ол да ғылым деп айтқан болатынмын. Ғалым­дарымыз осы іске белсенді атсалысуы үшін ғы­лыми көзқарастарын дәуір сұраныстарына сай қайта қарауы керек. Біз өнеркәсіптік ғылымның қажеттігін ескере отырып, гуманитарлық салаға да ұмтылуымыз керек, – деді Елбасы.
Бүгінде Ұлттық ғылым академиясы салалық және өңірлік бөлімшелері бар ірі зияткерлік орталыққа айналды. «Бұл ретте ол Франция, АҚШ және басқа да елдердегі ғылым академиялары сияқты ғылым үшін жат нәрсемен – әкімшілендірумен айналыспайды. Ғылым саласын орталықтандырудың, онда қалыптасатын монополияның тиімсіз екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауда айқындалған міндеттерді, жаһандық дамудың жаңа кезеңдері үндейтін уақыт талаптарын жүзеге асыратын болашақ қазақ азаматы қандай болуы керек деген сұраққа тоқтала келіп, Елбасы: «Алдыға қарайтын кез келді. Тони Блэрдің парламентте айтқан «Ұлыбританияның ұлы тарихы бар. Бірақ біз мұражайларда өмір сүре алмаймыз, адамдарды компьютерге отырғызатын уақыт келді» деген сөзі бар еді. Сол сияқты біз де ойлануымыз керек. Жаңа жағдайда Қазақстанның болашақ ұрпағы қандай болуы керек деген сауал туындайтыны заңды. Біз – тәуелсіздікке қол жеткізіп, Ұлы дала төсінде тұғырлы мемлекет құрған аға буынбыз. Бізге осы киелі жетістіктерімізді баянды ететін, біздің асқақ болмысымызды еселей түсетін зерек те зияткер ұрпақ керек. Ол қандай ұрпақ? Ол – рухани әлемі бай, қасиетті тәуелсіздігімізді пір тұтатын, діні мен мәдениетін қастерлейтін, денсаулығы мықты, өресі биік азамат. Озық технологиялар мен ғылымды меңгерген, жаһандық деңгейдегі кәсіби білікті маман болуы керек. Ол үшін ана тілімен бірге ағылшын тілін игеру керек. Сонда ғана қазақтың азаматы дүниежүзілік бәсекеге қабілетті болады. Біз сондай ұрпақты дайындауымыз керек», – деді.
Халық шаруашылығының қай саласында болмасын ғылым мен ғылым жетістіктеріне сүйенбей, алға озу мүмкін емес. Елбасы осы тұрғыда Алматы облысындағы «Байсерке» шаруа қожалығын үлгі ретінде мысалға келтіріп, еңбек өнімділігін арттыруға ғылым жетістіктерін тартудың қажеттігін атап өтті. «Темірхан Досмұхамедов жетекшілік ететін «Байсерке» қожалығы шағын кәсіпорыннан салмақты компанияға айналды. Онда академиктер жұмыс істейді, олар білімге сүйеніп, өз қолдарымен ғажайып нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Бұл шар­уашылықта бидай шығымдылығы гектарына 50 центнерден айналады. Біз гектардан 13 центнер өнім алғанға қуанамыз», – деді Мемлекет басшысы. 
– Еңбек өнімділігі артып келеді, бірақ ғылымды іске қоспасақ ол әрі қарай өспейтіні анық. Бұл жерде ғылымды кәсіпорындарға араластыру мәселесі бар. Мұндай механизм жеке бизнестің міндетті қаржыландыруы арқылы болуы керек. Мысалы, Сингапурде ғалымға бизнестен қанша тапса, сонша қаржы беретін ереже бар. Солай болуы керек. Осындай жолмен ғана патенттеудің үлесін арттырып, ғылымға құйылатын жеке инвестицияны көбейтуге болады. Қолданбалы табыстардың негізі қозғаушы күші жеке сектор болуы қажет, – деді Н.Назарбаев. 
Сонымен бірге, Елбасы отандық басқару жүйесі мен ғылыми қызметті үйлестіруге қатысты бірнеше өзекті мәселеге тоқталды.
– Біз ғылымды орталықсыздандырдық. Көп­теген бөлігін жоғары оқу орындарына бердік, алайда олардың бәрі әлі инновациялық орталықтарға айнала қойған жоқ. Қазақстанның ғалымдары өз жұмыстарын белсенді түрде патенттеуде. Бірақ олардың басым көпшілігіне сұраныс жоқ. Ғылым негізінен мемлекет есебінен қаржыландырылуда. Іс жүзінде нақты сектордан тапсырыс түспей жатыр. Сонымен қатар, ғылыми жұмыстарда плагиат жиі кездеседі, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған орай Қазақстан Президенті отандық ғы­лымды дамытуға қатысты ұстанымдарды түбегей­лі өзгертуді тапсырып, осы бағытта бірқатар нақты міндеттер белгіледі.
– Біз ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы заң қабылдадық. Енді осы заң толыққанды қолданылуы қажет. Ғылыми-зерттеушілік қызмет нәти­желерін қазақстандық кәсіпорындардың қа­жет­тіліктеріне бағыттайтын тетіктер енгізу керек. Біздің алдымызда импортты алмастыру және экспорттық өндірісті дамыту міндеті тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті акаде­мияның әлеуетін пайдалана отырып фундамен­талды және гуманитарлық ғылыми жобалар сарап­тамасының сапасын жақсарту қажеттігін айтты.
– Ғылымды басқарудың, оны қаржыландыру­дың жаңа формат бойынша және уақтылы жүзеге асырылатын жаңа жүйесі енгізілді. Сондай-ақ, Ғылым академиясы жанынан әдеп жөніндегі алқалы орган құруды ұсынамын. Ол Ғалым кодексін және Жарияланымдар әдебі жөніндегі кодексті әзірлеп шыға алар еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Білім және ғылым минис­трлігіне Академиямен және жоғары оқу орындарымен бірге отандық ғылыми басылымдарды халықаралық рейтингтік базаларда ілгерілету жұ­мыс­тарын жүзеге асыруды тапсырды.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін үздік зерттеушілерге қосымша гранттар тағайындау, сонымен бірге Орталық Азия елдерінің жас ғалымдарына Қазақстанда ғылыми зерттеу жүргізу үшін грант бөлу мәселесін зерделеу жөнінде тапсырма берді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

 


Оқи отырыңыз

Пікір(4)

  • Аймарал
    24.02.2017 at 12:29 pm

    Ғылым саласының ілгері басуына елімізде барынша жағдай жасалуда. Қаржылай көмек көптеп бөлінуде.

  • Әлішер
    24.02.2017 at 12:32 pm

    Ғылымға келіп жатқан жас мамандарға қолдауды аямау керек.

  • Мая
    01.03.2017 at 4:01 pm

    Бәсекеге қабілетті болу үшін осы ғылым саласын да мықтап қолға алу қажет. Елдің болашағын қалайтын білімді, білікті жастар ғой.

  • Сәулет
    01.03.2017 at 4:32 pm

    Жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттырудан бастаған жөн деп ойлаймын. Қазір мектеп бітірген үш түлектің екеуі заңгер немесе қаржыгер болуды қалайды. Ал ғылымға келіп жатқан жастардың саны көп емес. Ғылым саласын қаржыландыру қаншалықты деңгейде? Осыған да назар аударылуы қажет.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру