Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

Тасқын қаупіне түбегейлі дайынбыз ба?

Көктем жақындағанда су басу қаупі де әдеттегідей күннің өзекті проблемасына айналады. Сондықтан жылда қайталанатын жағдайға тас-түйін дайын болу қажет. Осыған байланысты Үкімет отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың көктемгі су тасқынына даярлығы мәселесі талқыланды.

Отырысты ашқан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысында өткі­зілген оқу-жаттығуларын ұйымдастыру кезінде қар көшкіні салдарынан қаза болған әскери қызметкерлердің отбасыларына көңіл айтты. Сонымен қатар, осы мәселе бойынша үкіметтік комиссияның хабарламасын тыңдады. Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов әр отбасына қаза тапқан әскерилердің бес жылдық жалақысы көлемінде, орта есеппен 4-7 миллион теңгеден өтемақы төленетінін айтты. Сондай-ақ, қаза тапқан жауынгерлердің отбасымен кездескендіктерін, жаралы болғандардың жағдайы туралы айтып берді. 
– Айдың-күннің аманында жеті бірдей адамды жоғалттық. Оның себептері егжей-тегжейлі зерттелуі керек, – деді Премьер-министр. 
Көктемгі су тасқынына даярлық жайын баяндаған ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Қазақстанның алты облысында су тасуы мүмкін екендігін айтты. Министрдің мәлімдеуінше, ағымдағы жылы судың мол көлемі Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында болжанып отыр. Қазіргі кезде еліміз бойынша тәуекел аймағындағы 918 елді мекен, 1,5 мыңнан астам автомобиль және темір жолдар айқындалған. Өткен жылы елді мекендерді инженерлік тұрғыда қорғау мақсатында 122 шақырым бөгет салынып, 146 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үйлерді су басып кетпеуі үшін елді мекендерді қардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі кезде 6,2 млн. текше метр қар шығарылған. Министрдің атап өтуінше, көктемгі кезеңге 8 мың тонна жанар-жағармай, 180 мың тонна инертті материалдар, 829 мың қап және 10 тонна жарылғыш зат даярланды. Кезек күттірмейтін шығындар бойынша төтенше жағдайларға әкімдіктер бюджеттерінде 20 млрд. теңге қарастырылған. 
Министр ірі су қоймаларының барлығы бірдей көктемгі тасқын суларға төтеп бере алмайтынын мәлім етті. Оның айтуынша, қызыл су келгенде су қоймаларында бос орын қамтамасыз етілуі тиіс. «Былтыр Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы су қоймаларында бос орын болғандықтан, өзен маңындағы елді мекендерді тасқын су баса алмады. Бүгінде ірі су қоймаларының барлығы бірдей тасқын суларды толассыз қабылдауға дайын емес», деді Қ.Қасымов. Қазірдің өзінде Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы 85 пайызға, Өскемен су қоймасы 97 пайызға, Шүлбі 86 пайызға толы. Қарағанды облысындағы Кеңгір су қоймасы 84 пайызға, Федоров су қоймасы 97 пайызға, Самарқанд 75 пайызға толысқан. 
Гидротехникалық құрылыстардың су тасқыны кезеңіне дайындығы бойынша қабылданған іс-шаралар туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады. Оның айтуынша, су тасқынына қарсы комиссия құрылды. Қазіргі жағдай бойынша республикалық меншікте «Қазсушар» РМК теңгерімінде 2 177 гидротехникалық құрылыс, олардың ішінде 78 су қоймасы, 83 су торабы, 26 бөгет және 1 990 басқа да құрылыстар бар.

Су ресурстары жөніндегі комитеттің бассейндік инспекциялары төтенше жағдайлар, экология аумақтық органдарымен және жергілікті атқарушы органдармен бірге 761 гидротехникалық құрылысқа визуалды зерттеу жүргізді. Республика бойынша 27 гидротехникалық құрылыс қанағаттанғысыз, су тасқыны және сел кезінде қирау қаупі ұлғаюда. 
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев шұғыл гидрометеорологиялық ақпарат негізінде 307 гидрологиялық бекет, 339 метеорологиялық станция және бекет, 2 қар көшкіні станциясы бақылау жүргізіп жатқандығын айтты. Су нысандарында айқын өзгерістер пайда болған кезде, барлық гидрологиялық бекеттер жиіленген әрбір 4 сағат сайынғы бақылауға ауысады. Су тасқыны кезеңінің негізгі болжамы наурыздың бірінші онкүндігінде әзірленеді.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында су тасқыны кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәулік бойғы диспетчерлік қызмет ұйымдастырылып, күн сайын жолдарда кезекшілік жүргізілетінін айтты. Бекітілген жоспарға сәйкес, су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақытылы ұйымдастыру үшін қажетті құрылыс материалдары мен конструкциялары әзірленген. 
Отырыста Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері сөз сөйлеп, алдағы су тасқыны маусымына орай қабылданып жатқан әзірлік шаралары туралы ақпараттандырды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин өңірлерде тасқынға қарсы шаралар жоспары әзірленіп, барлық қажетті ресурстарды жұмылдыру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты. Сонымен қатар, А. Мамин гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайына назар аудару керектігін айтты.
Баяндамаларды тыңдаған соң Үкімет басшысы су тасқыны кезеңін өткізу бірнеше мәселелерге – қаржыландыруға, су қоймаларының бос көлеміне, апатты гидротехникалық құрылыстардың жөнделуіне және иесіз су қоймаларының жай-күйіне байланысты екендігін, болашақта қайғылы жағдайлар орын алмас үшін су тасқыны кезеңіне әзірлік тәсілдерін қайта қарастыру қажеттігін баса айтты. Яғни, жыл сайын сөз болатын су тасқыны қаупіне дайын болу мәселесін біржола, жан-жақты қарастыра отырып шешу жолдарын белгілейтін кез жетті.  
– Біз осы іске жылма-жыл миллиардтаған теңге бөліп, дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Алайда, мәселені әлі толық шеше алмай келеміз. Дәл осы табиғат құбылысынан адамдар қаза тауып жатыр. Адам өмірі бәрінен қымбат. Ол ақшамен есептелмейді, – деді Б.Сағынтаев.
Үкімет отырысында сондай-ақ, «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды іске асыру туралы Үкімет қаулысының жобасы қаралды. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдарға трансферттер есебінде 377,3 млрд. теңге бөлінеді. 2017 жылға басымдық беріліп отырған республикалық бюджеттік инвестициялар көлемі 250,1 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар, ол басқа да мә­селе­лер бойынша бөлінетін қаржы көлемін атады. Ал 2016 жылдың республикалық бюджетінде қалған 1,5 млрд. теңге сәйкес бағдарламаларға бөлінетін болады. 
Мақсатты трансферттерді дер кезінде бөлу үшін келісімдер кешіктірілмей жасалуы тиіс. Осыған байланысты Премьер-министр тиісті органдарға тапсырмалар берді. 
Отырыстың күн тәртібіне қойылған тағы бір мәселе – ағымдағы жылдан бастап енгізілетін мін­детті медициналық сақтандыру жайы болатын. Ол туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндап, қабылданған заңға енгізілетін жаңа өзгерістер туралы айтты. Министр атап өткендей, жалпы, заң жобасында денсаулық сақтау жүйесінің, оның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тоқтаусыз жұмысын қам­тамасыз етуге мүмкіндік беретін негізгі жайттар қамтылған. 

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір(4)

  • Алтын
    24.02.2017 at 12:23 pm

    Көктем келісімен еліміздің бірқатар өңірлерінде тасқын қаупі туындайды. Тасқынның алдын алу үшін қыстан бастап қамдану керек қой. Жергілікті билік орындары осыны ойласа, игі.

  • Райхан
    24.02.2017 at 12:25 pm

    Денсаулық министрі басшылығына келген Елжан Біртановқа зор сенім артамыз. Өйткені оны білікті дәрігер, өз ісінің мықты маманы ретінде жұртшылық жақсы біледі. Кезінде ақ халатты абзал жан талай науқастың өміріне араша боп, өлім ауызынан арашалап қалған. Басшылықтағы ісіне сәттілік тілейміз.

  • Елдана
    01.03.2017 at 3:48 pm

    Апат айтып келмейді. Десе де алдын-ала сақтық шараларын қолға алған дұрыс. Өткен жылдардағы өкініш қайталанбасын.

  • Алуа
    01.03.2017 at 3:53 pm

    Денсаулық сақтау министрлігіне келген білікті дәрігер Елжан Біртанов осы саладағы біраз кемшіліктерді жоюға атсалысады деп үміттенеміз. Денсаулық сақтау саласында қызметін дәрігерліктен бастап, адал еңбегінің арқасында министр лауазымына дейін көтерілген Елжан Біртанов халықтың жағдайын жақсы түсінеді деген ойдамын.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру