Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

ЖЭК өндіретін электр энергиясы

Ол жалпы көлемде жыл сайын арта түсетін болады

Таяу болашақта ЖЭК (жаңартылатын энергия көздері) басқа қуат атаулының бәрінен асып түсетін тартымды күшке айналады. Қазақстанда тек соңғы кездері ғана ЖЭК нысандарының электр энергиясын өндіруі 77%-ға өскені де осының жарқын айғағы болса керек.

Шындап келгенде, қоршаған ортаның экологиялық жағдайы мәселелері, бүкіл әлемдегідей, Қазақстанда да барған сайын көкейтесті және аса зәру маңызға ие. Еліміздің 20-ға жуық ірі және орта қалалары ауа атмосферасы ластануының жоғары және көтеріңкі деңгейіне жатады, олардың арасында Нұр-Сұлтан, Алматы, Теміртау, Қарағанды, Атырау және т.б. бар.
Ластанудың жоғары деңгейі автомобиль жолдарының қалалық көлікке сіресіп толуы, өнеркәсіптік кәсіпорындар эмиссияларының шашырауы, елді мекендердің атмосфералық кеңістігінде желдетудің төмен­дігімен айқындалып отыр. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғауға шығындар да арта түсуде. Мәселен, бесжылдық кезеңде (2014-2018 жж.) қоршаған ортаны қорғауға 830 млрд тг-ден астам қаржы жұмсалып, орташа жылдық өсім 8,9%-ды құраған.
Отын жағумен ауаны ластау күніне 8 млрд АҚШ долл.-на пара-пар экономикалық шығындарға ұрындырады, деп хабарлайды Bloomberg Green «Гринписке» сілтеме жасап. Аталған есепке сәйкес, бұл әлемдік жалпы ішкі өнімнің 3,3%-ына жуық немесе жылына 2,9 трлн доллар жұмсалып отыр деген сөз. Ауаның ластануы, кейбір елдер мен компаниялардың жаңартылатын энергия көздерін және тазарақ отынды пайдалануды кеңейте түсулеріне қарамастан, күн сайын миллиардтаған адам­дардың зардап шегуі одан әрі жалғасуда. Аса маңызды бұл мәселелерді жаңартылатын энергия көздеріне көшу жолымен, жағармайлы және жанармайлы автомобильдерден біртіндеп бас тарту және қоғамдық көлікті дамыту арқылы шешуге болады.
Қазақстанда 2019 жылы жаңар­тылатын энергия көз­дерінің (ЖЭК) орнатылған қуаты 1050,1 мВт құ­раған. Оның ішінде 51,6%-ы немесе 541,7 мВт күн электр стан­сасының (КЭС) еншісінде, 27%-ы немесе 283,8 мВт – жел электр стансасына (ЖЭС), 21,2% немесе 222,2 мВт – шағын ГЭС-ына және 0,2% немесе 2,4 мВт – биоэлектрстансасына тиесілі екен (1-кесте).


ЖЭК нысандарымен электр энергиясын өндіру 2019 жылы 2,4 млрд кВт/сағ. құраған – бұл, 2018 жылға қарағанда, 77%-ға көп. Электр энергиясы жалпы көлемінде ЖЭК нысандары өндірген электр энергиясының үлесі 2,3% құрады. Бәрінен көп шағын ГЭС-тер (1,1 млрд кВт/сағ) өндірген, ЖЭС-тар 717,4 млн кВт/сағ электр энергиясын, КЭС-тар – 563,1млн кВт/сағ, биоэлектрстансалары – 14,9 млн кВт/сағ өндірген.
ҚР-да ЖЭК нысандары ісін ілгерілету үшін аукциондық сатулар өткізіледі. Осылайша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда белгіленген қуаттары 212,9 МВт құрайтын ЖЭК-дің 13 жобасы іріктеп алынған. Аук­ционға әлемнің 8 елінен 32 компания қатысқан.
Айта кету керек, Қазақстанның «Жасыл» экономикаға көшу бойынша концепциясына сәйкес, электр энергиясын өндірудің жал­пы көлеміндегі ЖЭК нысан­дарының үлесін 2020 жылы 3%-ға, 2030 жылы – 10%-ға және 2050 жылы – 50%-ға арттыру жос­пар­лан­ған.
ҚР Экология министрлігінің болжамына сәйкес, ЖЭК ны­сандарының электр энергиясын өндіруі 2020 жылы 3,6 млрд кВт/сағ, 2021 жылы – 5 млрд кВт/сағ және 2022 жылы – 5,5 млрд кВт/сағ құрайды екен (2-кесте).

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру