Валюта бағамы: $ 78.06 14.27 316.5 ¥ 136.8

Субсидия талаптары неге жиі өзгереді?

Батысқазақстандық шаруалар асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау ережелеріне жиі енгізілетін өзгерістерге наразы. Олар асыл тұқымдық бұқаларды сатып алуға жұмсалатын шығын субсидияланбаса, онда малды асылдандыру үрдісі тоқырайды деп есептейді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында сөз болды.

«Қазақстанның фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бір­­лестігінің Батыс Қазақстан об­лыстық филиалының төрағасы Серік Жарылғасовтың айтуынша, қаңтар айында 2017-2021 жылдарға арналған субсидиялау бағдарлама­сына енгізілетін өзгерістерге қатысты бірнеше талқылау жиыны өткізіліп, өңірдегі шаруа қожалықтарының жетекшілері «Атамекен» ұлттық кә­сіп­керлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың, ауыл шаруа­шы­лығы министрі Сапархан Омаров­тың және «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ президенті Жигули Дайра­баевтың атына хат жолдаған. Осы аталған құжатта айтылған түйт­кілді мәсе­лелер кеңес отырысында ортаға салынды.
Мал шаруашылығы саласы шар­уалардың ой-пікірімен санаспай мемлекеттік реттеуге ұшырайды, соның әсерінен мал өсірушілер қаржылық шығынға батады. Тек соңғы жылдың өзінде ғана бірнеше сағатқа онлайн режімінде ашылатын «Қолдау» ақпараттық-есеп орталығы арқылы субсидиялауға тапсырыс қабылданбай, соның кесірінен тапсырыс беру уақыты өтіп кетіп, шаруаларға сан соқтырған. Елімізде тері-терсек экспортына тыйым салынып, мал баққан ағайын осының нәтижесінде 8-9 миллиард теңге қаржыны жоғалтқаны өкінішті. Қазақстанда жыл сайын 2 миллионға дейін ірі қара сойылатынын ескерсек, бұл жағдайды тері сатып алушылар шебер пайдаланған. Олар оның келісінің бағасын 240-тан 20 теңгеге дейін (тері бағасы 5 мың теңге болса, оны 500-ге түсірді) төмендетті. Теріге салынған тыйым шаралары алынғаннан кейін тері келісінің бағасы 1 мың теңгеге дейін ғана көтерілген. Соңғы 6 айдың ішінде тері экспортына салынған тыйым шараларының нәтижесінде тері өңдеу мәселесі бұрынғыдай қиын жағдайда қалған, тері-терсек жинау инфрақұрылымы толықтай бұзылған, өнім өткізу нарығымен байланыс үзіліп, баға қалпына келмеген.
Серік Жарылғасов «Сыбаға» бағ­дарламасы талаптарының кү­шей­тілуімен қатар кәсіпкерлікті дамыту үшін берілетін несиеге қол жеткізу қиындағанын атап өтті. «Енді «Қаз­Агро» несие алу үшін облыс орта­лығынан қосымша жылжымайтын мүлік сұрайды. Ауылдағы шаруаларда ондай мүлік қайдан болсын. Мұндай жағдайда жаңа қожалық ашу қиынға соғады. Қазіргі уақытта жаңа бастамалар көтерілуде. Соның ішінде мал шаруашылығына берілетін субсидия шамасын төмендету (жайылымды суландыруға, мал бордақылауға, малды етке тапсыруға берілетін субсидиялар), малды тірілей салмақта экспортқа шығаруға тыйым салынды. Біз мұндай бастамаларға қарсы емеспіз, тек елімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бөлінетін субси­дияның шамасын төмендетпей, кері­сінше, көтерген жөн. Белоруссия мен Ресейде шаруаларға көрсетілетін мем­­лекеттік қолдау біздегіден 3-5 есе ар­тық, сондықтан нарықта олармен бә­секелесу оңайға түспейді», – деді ол.
Оның пікірінше, тері экспортына тыйым салу тәжірибесінен кейін малды тірілей сыртқа шығаруға тыйым салу мүлде ақылға сыймайды. Бұл жағдай бәсекелестікті жояды, мал бордақылаумен тек ірі шаруашылықтар ғана айналысатын болады. «Біз ет комбинаттарына қарсы емеспіз, бірақ оларға арналған басқа бағдарлама болуы керек. Тері-терсек шығаруға салынған тыйымнан фермерлерге 8-9 миллиард теңге бұйырмаса, сыртқа мал шығаруға салынған тыйымнан бұдан 10 есе артық шамадағы қаржы жоғалтамыз. Шаруалардың табысы азайса, несиелерді өтей алмайды. Бұл жайттардан кейін нарықтағы ет бағасы арзандамайды, мал өсіруші жоғалтқан қаржы делдалдардың қалтасына құйылады», – дейді Серік Жарылғасов.
Сондай-ақ батысқазақстандық шаруалар асыл тұқымды мал шаруа­шылығын субсидиялау ережелеріне енгізілетін өзгерістерге наразы. Асыл тұқымдық бұқаларды сатып алуға кететін шығын субсидияланбаса, онда малды асылдандыру үрдісі тоқырайды. Асыл тұқымды бұқаларды жалға беруге берілетін субсидияны мүлдем алып тастау тек шаруа қожалықтарының ғана емес, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің де жұмысына кедергі болады. Кооперативтерге мал басын асылдандыру қиынға соғады, сөйтіп үш жыл бұрынғы жаппай құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтері жұмысының қиюы қашады. Сондай-ақ осыған дейін, 7-8 жыл бойына жүргізілген малды асылдандыру жұмыстарының да берекесі кетпек. Мал бордақылау шығындарын арзандату субсидиясы алынып тасталғанмен, шаруаларға басқа субсидия берілген жоқ. Асылдандыру жұмыстары үшін субсидия (әр басқа 20 мың теңге) алу үшін 85% бұзау ілесу керек. Бұл, әрине, өте жоғары көрсеткіш. Ет комбинатына мал өткізуге, яғни тірілей салмақтағы малдың келісі үшін 200 теңге субсидия беру тәртібі енгізілген. Малшы шаруа бұқашықты 400 келіге жеткізу үшін 15 ай өсіріп, небары 80 мың теңге табады. Малды мұндай жағдайға тек ірі шаруашылықтардың ішінен әлеуеті мықтылары ғана жеткізе алмақ. Сондықтан батысқазақстандық фермерлер асыл тұқымды бұқаларды сатып алу шығынын субсидиялау­ды басына 150 мың теңге, асыл бұқаларды жалға беру субсидиясын 100 мың теңге, асыл тұқымды аналық ірі қараны сатып алу субсидиясын 225 мың теңге шамасында қалдыруды ұсынады.

Гүлнар ШӘҢГЕРЕЙ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру