Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

Су кешенінің екінші тынысы

Сырдарияның орта ағысында орналасқан айтулы су электр станциясын толық жаңғырту бойынша ауқымды жоба аяқталып келеді. Шардара СЭС энергетиктері серіктестермен бірлесіп төртінші жаңа гидроагрегатты құрастырып шықты. Түбегейлі қайта құрумен кәсіпорын қуаты 26 пайызға артады.

Шардара су қоймасы өткен ғасырдың 60 жылдары егін алқаптарын суғару және гидро-электр станциясын салу үшін құрылды. СЭС-тің көмегімен орындау көзделген бінеше мақсаттың негізгісі – маңайдағы елді мекендерді қорғау еді. Өйткені, ол уақытта бөгет болмағандықтан, тасқын кезінде үлкен судың етектегі елді мекендерді, теміржолды басып қалу қаупі болды. 1965-1975 жылдары онда 3 млн 442 мың килловатт-сағат электр энергиясы өндірілді. Шардара гидроэнергетикалық кешені Қызылқұм өңірінде ауыл шаруашылығы өндірісінің жедел қарқынмен өркендеуіне мұрындық болды. Норматив бойынша қызмет ету мерзімі 25 жыл болғанымен, станцияның технологиялық жабдығы жарты ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз пайдаланылып келді. 4 гидроагрегаты бар, белгіленген қуаты – 100 МВт-ты құрайтын кәсіпорында жабдықтар толығымен тозып, ескірді. Ал орнатылған электр жабдығының бір бөлігін оны жасаған зауыттар шығармайды, тіпті бүгін өндірістен алынып тасталған. Сондықтан үнем-ділігі мен қолдану сенімділігі тұрғысынан жабдықты одан әрі пайдалану мақсатқа сай еместі.

Электр станциясы іске қосыл-ғаннан бері жарты ғасыр ішінде өндіру шамамен 22 миллиард киловатт-сағатты құрады. Дегенмен, ескірген кәсіпорынның күрделі жөндеуге зәру екендігі барған сайын сезіле түсті. 2008 жылы жабдықтарды ішінара ауыстыру басталды. Ал негізгі капиталға инвестициялар 2012 жылы ЕҚДБ-мен несие туралы келісімге қол қойылған кезде жүзеге асырылды. Қарыз Шардара СЭС-інің меншікті қаражатымен бірге жобаны бірлесіп қаржыландыруға бағытталып, жалғыз акционер – «Самұрық-Энерго» АҚ жобаның орындалуына кепіл ретінде бекітілді.
Шардара СЭС-ін жаңғырту жобасының ел экономикасы үшін маңыздылығын оның Елбасы бекіткен 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына, сол жылдардан бастап Үкімет бекіткен индустрияландыру карталарына енгізілгенінен айқын көруге болады. Сөйтіп, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында әрқайсысының қуаты 31,5 МВт болатын алғашқы екі гидроагрегатты іске қосудың арқасында Шардара СЭС-і электр өндірудің жылдық жоспарын мерзімінен бұрын орындап шықты. Жоспарланған 378 000 мың кВт-сағаттың орнына 464 841 мың кВт-сағаттан астам электр энергиясы өндірілді. Қуаты 31,5 МВт болатын алғашқы жаңа гидроагрегат 2019 жылғы ақпанда іске қосылды, сәуір айында екінші, ал 2019 жылғы желтоқсанда үшінші гидроагрегат пайдалануға берілді. Төртінші гидротурбина орнатылып, тест сынақтарынан өткеннен кейін, Шардара СЭС-інде станцияның жобалық қуаты – 126 МВт-қа шығуға дайындық басталады.
Тұтас алғанда, «Самұрық-Энерго» АҚ-тың Нарықты дамыту департаменті әзірлеген Қазақстанның электр энергиясы мен көмірі нарығына 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек кезеңінде жасалған талдауға сай, 2019 жылдың 9 айында компанияның таза электр энергиясын өндірудегі үлесі (КЭС, ЖЭС, шағын және ірі СЭС-тер) 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда (2 152,2 млн кВтс) 11,3 пайызға (2 395 млн кВтс) артқан.
Бұл күндері Шардара СЭС-інде байқау мақсатында іске қосылған № 4 жаңа гидроагрегаттар сынақтардан өтіп, мамандар турбина мен жабдықтың жұмысын бақылаудан алынған нәтижелерді талдауда. Жаңа импорттық жабдық жылына қосымша 57 млн кВт-сағат электр энергиясын өндіруден тыс, су станциясының қызмет ету мерзімін 35-40 жылға ұзартуға мүмкіндік беріп, пайдалану барысында нысанның беріктігін арттырады, апаттылық деңгейін төмендетеді. Нысанды технологиялық жаңғырту энергия тапшылығын сезініп отырған Түркістан облысын электр қуатымен қамтамасыз етуде және өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда үлкен маңызға ие.
Бүгінде Харьков зауытының елу жылдан астам уақыт қызмет еткен ескі гидротурбиналары австриялық-германиялық Andritz Hidro GmbX компаниясының өніміне ауыстырылған. Жаңа гидроагрегаттар Шардара СЭС-інде электр энергиясын өндіруді жылына 480 млн кВт-сағаттан 537 млн кВт-сағатқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Су электр станциясын жаңғырту жобасына 38 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Қаржыландыру 32 пайызға «Самұрық-Энерго» АҚ қаражаты есебінен, 68 пайызға несие есебінен іске асырылуда. Гидроагрегаттарды алмастыру ісімен біріккен австриялық-германиялық мердігер мекеме – Andritz Hidro GmbX компаниясы айналысуда. Станцияны жаңарту үшін 150-ден астам адам тартылған, қазірде 136 қызметкер жұмыс істеуде.
– Егер жөндеу жұмыстарына дейін 100 мВт электр қуаты өндірілсе, қазір өндіріс көлемі 126 мВт-қа жетті. Нәтижесінде облысты электрмен жабдықтау деңгейі 14 пайызға өсті. Ал жаңғырту жүргізілгенге дейін бұл көрсеткіш небәрі 8 пайыз болған, – дейді «Шардара СЭС» АҚ бас инженерінің орынбасары Нұрлан Аманов.
Мамандардың айтуынша, бұрын шойыннан жасалған барлық жұмыс камераларының құрамы жанбайтын темірге ауыстырылған. Бұрын қолмен ажыратуға арналған, физикалық күшті қажет ететін жабдықтар енді компьютермен басқарылады. Сондай-ақ май құю қондырғылары іске қосылған. Қазірде жабдықтармен қатар станция ішіндегі желілер мен басқару құрылғылары толығымен жаңартылды.
Осылайша, елдің Индустрия-ландыру картасы аясында станциядағы төрт генератор германиялық заманауи қондырғылармен алмастырылып, жарты ғасырлық тарихы бар кешендегі ескірген жабдықтар өндіріске тың қарқын әкелуде. Ескі кешеннің тынысы ашылып, тарихи нысанның қайта түлеуі өндіріс көлемін еселеп арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал береді. Бұған қоса, қоймадағы судың да ағып кетуіне, ысырап болуына жол берілмейді. Тиісінше, аймақтық көлемде өндіріске қажетті желідегі жоғары вольтті тұрақты тоқ күшін ұстап тұруға мүмкіндік туады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру