Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

Ұстаздық еткен жалықпас…

Өз туындыларын ортаға салды

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында Қазақстанның «Көркем еңбек» пәні мұғалімдерінің қатысуымен «Бабалар аманаты» республикалық көрмесі өз жұмысын бастады.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында өткізіліп отырған бұл көрменің мақсаты – республикамыздағы бүкіл көркем еңбек пәні мұ­ғалімдерінің басын қосу, бо­лашақта өскелең ұрпақтың тәлім тәрбиесімен білім негізін ұштастыру, сондай-ақ әрқилы жанрдағы туындылардың қыр-сырын тарих тағлымына терең бойлата отырып, осы ұстаздардың арқасында көрерменге жеткізу. Кескіндеме әлемін бойына сіңіріп, алуан бояулар арқылы жан-дүниесін бейнелеген ұстаз, профессор, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Рахимов Ерзат Мұхтарұлы балаларға білім берумен қатар «Бабалар мұрасы», «Түркістан» тағы да басқа тың туындыларымен көптеген көрмелерге қатысу арқылы жас буынды тәрбиелеуге атсалысып келеді.
«Парасатты ұстаз» төс белгісінің иегері, ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің түлегі, ұстаз Қалдыбек Сапаров ағаш шебері, заманауи үлгідегі үй интерьерлерімен айналысып, безендіру ісіне өз үлесін қосып келеді. Оның «Жанұя», «Қобыз» туындылары көркем де шебер орындалуымен ерекшеленеді.
Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі профессор Қанағат Кодеков 2014 жылы Ә.Қастеев атындағы өнер му­зейін­де «Жаңғырық» атты жеке көрмесін өткізді. Ол осы көрмені ұйымдастырушылардың бірі. Туындылары Түркия, Қытай, Италия және республикамыздың көптеген қалаларындағы музейлер мен жеке қорларда сақтаулы.
«Ұлағатты ұстаз» медалінің иегері Гүлназ Тоқабаева батик әлемінде өзінің шеберлігін мойындата білген көп жылғы еңбек өтілімі бар құрметті ұстаз, «Таңбалы тас», «Бейуақ» туындыларының авторы. Шәкірттері көптеген ғылыми жобалардың жеңімпаздары. Бердібек Шоқпаров ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі, Дәркенбай Шоқпарұлының шәкірті. Ол ағаштан көптеген ұлттық жәдігелер жасап сәндік-қолданбалы және бабалар өнерінің өркендеуіне ат салысып келеді. ЭКСПО-2017 жылы көрмеде шеберлік сабағын ұсынды.
Өнер – өмір шындығын көркем образдар жүйесі арқылы бейнелейтін, қоғамдық сана мен адам іс-әрекетінің өзіне тән ерекшеліктерімен дараланатын форма. Өнер арқылы берілген эстетикалық тәрбие адамның сана-сезімінің байлығын қалыптастырып, ұдайы сұлулық пен әдемілікті дұрыс ұғынуға жетелейді.Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өнерлі ұстаздардың, өнері, білімі тең таразыланған. Ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлы айтқандай «Егер мал керек болса қол өнер үйренбек керек, мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» – деген бағытты ұстанған ұстаздар ұжымы көрерменге өз жұмыстарын ұсынды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру