Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

Барлығы тоғыз жолдамаға ие болдық

Екі боксшымыз Азия чемпионы атанды

Йорданияның астанасы – Амман қаласында Азия және Мұхит жағалауы елдері арасында биыл жазда Токио Олимпиадасына өтетін байрақты бәсекеге берілер жолдама үшін бокстан халықаралық турнир өз мәресіне жетті.

Еліміздің ерлер құрамасы алға қойған жоспарын ойдағыдай орындап, сегіз жолдамаға иелік етті. Ақтық сайыста ұтылған Зәкір Сафиуллин (63 келі) мен Әбілхан Аманқұл (75 келі) күміс медальді еншіледі. Серік Теміржанов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) қолаға қол созды. Сәкен Бибосынов (52 келі) ширек финалда ұтылғанына қарамастан жұбаныш бәсекесі арқылы Токиоға баратындардың ті­зіміне қосылды.
Осылайша, Қазақстанның ерлер командасы Күн Шығыс елінде алауы тұтанатын Олимпия ойындарына толық құрам­мен қатысатын болды.
Ал әйелдер құрамасының жағдайы мүшкіл. Амманға аттанған бес боксшының арасынан ғаламдық додаға жолдама алуға тек Надежда Рябецтың (75 келі) қана күш-жігері жетті. Қалған қыздарымыз тегістей ұтылып, өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Енді сол олқылықтың орнын келесі лицензиялық турнирде толтыруға тиіспіз.
Бұл турнирде қазақстандық боксшы Василий Левитті ерекше атап өткеніміз жөн. Себебі үнемі төрешілер тарапынан әділетсіздікке ұшырап, шешуші кездесуде ұтылып жүрген бокс­шымыз Амман төріндегі сайыста сәтті өнер көрсетті.
Ол Олимпиада жолдамасымен қатар, ел қоржынына екінші алтынды салды. «Осы турнирді ұтып, жеңімпаз атанғаныма шын қуаныштымын. Іріктеу турнирінің басқа додаларға қарағанда жауапкершілігі жоғары. Кездесу барысында жаттықтырушы айтқан кеңесті орындауға барынша тырыстым. Нәтижесінде, айтқан ақылын тыңдап, жеңіске жеттім. Мені қолдаған жанкүйерлеріме, дайындаған бапкерлер мен дәрігерлерге, біздің жарысқа қатысуымызға көмектескен барлық мамандарға алғысымды айтамын. Спортшы үшін жанкүйерлердің қолдауы өте маңызды және соған лайық болғаныма қуанамын», – деді Василий Левит. Былғары қол­ғап шебері іріктеу тур­нирін­де қарсыластары осал болма­ғандығын атап өтті. «Әр кездесу маған ерекше сабақ болды. Енді осы жарыста жіберген қатені болдырмау үшін әрі қарай тынбай еңбектенеміз», – деді ол.
Жерлесіміз Аммандағы бокс додасының финалына жолдама алды, 91 келідегі Рио Олимпиадасының жүлдегері Василий Левит жартылай финалда иорданиялық боксшымен кездескен болатын. Шаршы алаң иесімен өткен кездесу қазақстандық спортшыға оңай болған жоқ. Төрешілер бірінші раундты бірауыздан Хусейн Ишаиштың еншісіне жазды. Екінші раундта Левит өз мықтылығын дәлелдеп, 5:0 есебімен таразы басын теңестірді. Аса тартысты өткен үшінші раунд та Левиттің жеңісімен аяқталды. Ал финалда ол жаңазеландиялық Дэвидом Ньикойден басым түсіп, ел қоржынына екінші алтын салып толықтырды.
Осылайша 2 алтын, 2 күміс және 3 қола еншілеген Қазақстан құрамасы Өзбек-станнан кейін екінші орынға місе тұтты. Көршілес елдің боксшылары 3 алтын және 3 қола жүлдеменен көзге түсті. Ал алаң иелері йордан спортшылары 1 алтын, 1 күміс және 3 қоламенен алғашқы үштікті түйіндеді.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру