Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

Неліктен біздің футболға көңіл толмайды?!

Өткен ақпан айының 24-і күні болған Мәжіліс отырысында сөз алған «Ақжол» партиясының жетекшісі, депутат Азат Перуашев футбол клубтарын қазынаның есебінен қаржыландыруды тоқтатудың қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мемлекет тарапынан берілетін ақша кәсіби спортқа емес, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға жұмсалуы тиіс.

«Бөлінетін қаржының 80 пайызы футболистерге кетеді. Жақында бір клубтың шетелдік бір спортшыны 5 миллион еуроға алу туралы келі­сімге қол қойғаны жайлы ақпарат тарады. Бұл дегеніміз 10-20 спорт мектебінің бюджеті емес пе? Онда біздің жүзедеген жас спортшымыз шеберлігін шыңдар еді. Сондықтан түрлі кәсіби клубтарды мемлекеттік қолдауға заңдық тұрғыда тиым салайық. Қаржының басым бөлігі футболға кетіп жатыр», – деді Азат Перуашев.
Оның ойынша, бұндай үрдісті тоқтатып, есесіне балалар мен жас­өспі­рімдер футболын дамытуды, оған қажетті инфрақұрылым салуды қолға алу қажет көрінеді.
Бұл орайда депутат Скандина­виядағы Норвегия атты елдің тәжіри­бесіне сілтеме жасады.
«Ол да біздің республикамыз сияқты мұнайы жеткілікті ел. Бірақ ондағылар футболдың соңына түсіп алған жоқ. Кеше шаңғыдан өткен әлем біріншілігінде бүкіл «алтынды» сол норвегтер алды. Олар жұрттың бәрінен озды. Барлық 10 алтын медаль сол елдің қанжығасына байланды», – деді ол.
Артынша Prosports.kz басылымына берген сұхбатында Азат Перуашев өзінің осы мәселеге қатысты пікірін былайша толықтырды: «Кәсіпқой спорт, оның ішінде футбол – бизнес. Әлемде кәсіпқой спорт демеушілерден қаржы алып, трансляция сатып, жарнамадан табыс табады. Бізде футболшылар мемлекеттің асырауында отыр… Мемлекеттен 5 миллион еуро жалақы алатын мемлекеттік қызметкер не депутат бар деп айта аласыз ба? Тым болмағанда 20-30 мың доллар жалақысы барларды көрсете аласыз ба? Егер жемқорлар жайлы айтып тұрсаңыз, олардың жалақысын емес, өздерін ұстап, түрмеге тоғыту керек. Біз футболшылардың айлығы туралы емес, балалар спортына және бұқаралық спортқа мемлекет тарапынан көңіл бөлуі қажеттігі туралы ұсыныс жасап отырмыз. Спорттағы атқамінерлер бюджет бөлген қаржының бәрі кәсіпқой футболға кетіп жатқанын айтқанда, салық төлеушілердің ақшасының бұған не қатысы бар деген заңды сұрақ туады. Егер клуб өзі тапқан қаржысының есебінен футболшыларына миллиондаған жалақы төлейтін болса, оларды қошеметтеп, қолдауға шақырар едім».
Мәжіліс мүшесі Азат Перуашевтың осы бір сөздерінің жаны бар сияқты. Қаржылық мүмкіндіктері жағынан Қазақстандағы футбол чемпионаты ТМД ауқымында тек Ресей мен Украина чемпионаттарынан кейінгі орында ғана болар. Сондықтан болса керек, біздің клубтарда бұрынғы КСРО елдерінен ғана емес, алыс шетелден келген легионер-футболшылар да көптеп табылады. Бұл өз кезегінде біздегі чемпионат деңгейінің жоғары болуына септігін тигізуге тиіс сияқты. Дегенмен, осы күнге дейін біздің клубтық командалардың да, құрама команданың да халықаралық деңгейде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткені шамалы.
Яғни Қазақстан футболындағы ақша айналымы мен мүмкіндіктер мөлшері, мәселен, Әзербайжан не Өзбекстан футболындағы ақша айналымы мен мүмкіндіктер мөлшерінен әлдеқайда көп болғанымен, біздің футболшылардың соңғы кездегі жетістіктері олардың әзербайжандық не өзбекстандық әріптестерінің жетістіктерімен салыстыруға тіпті келмейді. Кеңес заманында осы үш республика футболының деңгейлері жалпы алғанда шамалас болатын. КСРО футболының жоғарғы лигасындағы турнир кестелерінде «Нефтчи», «Пахтакор» және «Қайрат» командалары бір-біріне жақын орналасатын.
Ал бірінші мен екінші лигалардағы қазақстандық клубтар әзербайжандық және өзбекстандық әріптестерінен асып түспесе, кем болмайтын. Сол кеңес заманында, әрине, Ресей, Украина, Грузия, Армения және Белоруссия футболының рейтингі Қазақстан футболының рейтингінен айтарлықтай жоғары болды. Осы республикалардың үздік клубтары кем дегенде бір рет болса да КСРО чемпионы атағына ие болған.
«Нефтчи», «Пахтакор» және «Қайрат» үшеуі ондай мәртебеге ие бола алған жоқ. Алайда олар сол жоғарғы лигада ондаған жылдар бойы өнер көрсетті. Олардың ойыны жалпы Әзербайжан, Өзбекстан және Қазақстан футболы сапасының көрсеткіші іспетті еді. 1980-інші жылдары Литваның «Жальгирисі» мен Тәжікстанның «Памирі» де КСРО чемпионатының жоғарғы лигасында ойнайтын болды. Ал Молдова, Латвия, Эстония, Түрікпенстан және Қырғызстан клубтары осындай деңгейге көтеріле алған жоқ.
Жалпы, бүгінде бұндай жағдайға таңданудың қажеті жоқ болар. Өйткені қазір біздің футбол Еуропа мен ТМД рейтингінің ғана емес, жалпы халықаралық рейтингтің де кейінгі қатарынан табылып жүр. Бұны қынжылтарлық жағдай деп танымасқа амал жоқ.

Марал САЛЫҚЖАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру