Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

Экономика және журналистика: Түйіннің тоғысар тұстары

Зымыран уақыт алдымызға қоғамның экономикалық өсу жолдарын жатпай-тұрмай іздестіру міндетін қойып отыр. Мемлекеттің бұл орайдағы ойланар шаруасы – бәсекелестік орта құру болуы шарт. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар», деген. Мұндай аламан бәйгенің басты алғышарты қоғамдағы экономикалық қарым-қатынастарды реформалау, әлеуметтік-экономикалық дамудың ұлттық моделін қалыптастыру болып отыр, бұл мақсат өз кезегінде халыққа экономикалық білім мен тәрбие беруді жетілдіруді талап етеді. Себебі, қазір бақ емес, бап шабатын кезеңге аяқ бастық.

Идеологияның ең басты саласы – экономикалық идеология. Хал­қымыздың экономикалық идеологиясы әлі қалыптаспағанын ашық айтуымыз керек. Жалпы, қазақ жаңаны жедел игеруімен ерекшеленеді. Бірақ, өркениетті нарықтың жетегіне әлі де ере алмай келеді. Бүгінде елімізді мекендейтін ұлыстар өмірдің өздеріне қолайлы салаларына икемделіп, орнығуда. Мәселен, шетелдермен бірігіп құрылған кәсіпорындарда негізінен славян, кәріс ұлттарының өкілдері жұмыс істейді, банк-қаржы саласында да солар. Ұйғырлар мен өзбектер болса сауда төңірегінде. Ал, қазақтарды осы салалардың ең жоғары және төменгі буынынан табасыз. Ортаңғы, сүбелі әрі болашағы мол бөлікті өзге ұлттардың өкілдері иеменуде. Бұл салаларға қазақ тілінің тұмсық тыға алмауының да себебі осында.
Мұның бір ұшығы ұлттық түйсік­тің әлі де жетілмеуінде, нарық талаптарын жүзеге асыру жолдары ұғынық­ты тілмен түсіндірілмеуінде, жас ұрпақты өмірге баулымауда жатса керек. Ұлттық идеяның экономикалық тұжырымдары әр адамның өзіндік мақсатына айналатындай болуы тиіс. Бұл үшін таптаурын түсініктерді түбірінен өзгертуіміз қажет.
Ұлттық байлық жинақталған қор­дан тұрады. Ол ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға мирас болып, «тиыннан теңге құралады». Осы орайда ортақ меншік ортақол тұрмысқа негізделетін кеңестік экономикалық саясаттың қазақ санасына тигізген әсері әлі де сезіліп тұр. Мұны еліміздің нарыққа бір табан жақын тұрған ұлыстары өкілдерінің жеке меншікке жол ашылған алғашқы үш-төрт жылда-ақ байып алуынан, қарапайым қазақтың әлі де күнкөріс қамымен жүргенінен көруге болады.
Қазақ совет әдебиетінің классик­тері рухани байлықты насихаттап, бақуат тірлік кешуге ұмтылысты дүниеқоңыздыққа балады, бұл ұғым-түсінік қазақ санасына қатты сіңді. Мәселен, Қадыр Мырзалиевтің «Қазақ осы байлықты, шашу үшін жинайтын» деген жолдары бар. Оқырманы көп ақынның осы ұстанымы талайдың көкейіне ұялаған болар. Өйткені, көшпелі тұрмысында қор жинау дәстүрі болмаған қазаққа социализм идеялары жақын-тын. Енді керісінше, халықты дүние жиюға, оны орнымен пайдалана білуге үйрету керек.
Бұл ретте ғасырдың басында Ахаң мен Жақаң салған ағартушылық үрдіс дөп келіп-ақ тұр. Сөйтіп, ақиреттік те, күндік те мал жимаған қазақтың санасын өзгерту керек. Бодандық заманда жиған-тергеніміз өзіміздікі емес еді, ол тұрмақ жеке баста да ерік болмады. Енді толық еркіндік. Мал-мүлік жинауға да, сән-салтанат құруға да болады. Бірақ, сол байлықты адал жинауға тәрбиелеу керек елді. Мемлекеттің экономикалық мекемелері жоспардан соң жоспар, бағдарламадан соң бағдарлама түзу жолына түспей, осы аталған құжаттарды жүзеге асы­ратын қауымның тәрбиесіне де көңіл бөлулері керек. Өйткені, би­дай өздігінен егіліп, егін өздігінен орыл­майды, ал жиналған астықтың ұрла­нып-жырланбай, жемқордың түп­сіз қал­тасына емес, Отан қамба­сына құйы­луы үшін қам жасау ең алдымен кә­­сіпкер ағайындарға, мемлекетке қажет.

«ӘЗІРЕТ ӘЛІ, АЙДАҺАРСЫЗ»…

Халықтың экономикалық санасын саяси журналистика немесе спорт журналистикасы емес, самсаған цифрдан шаруасын күйттеген қаймана қазақ тіршілігінің мән-мағынасын іздейтін экономикалық журналистика қалыптастырады. Осы орайда бейқам елдің терезесін беймезгіл қонақ – нарық келіп қаққалы бұрын қойын қоралап, айранын ұрттап тыныш жүрген, саудаға үйірсек көршілерін «алыпсатар» деп күстаналайтын кеңқолтық жұрт бүгінде бірі аларман, бірі сатарман болып екіге жарылғанын айта кеткеніміз жөн шығар. Ақшаның жүзіне қарамайтын ағайын енді валюта бағамын бағып, мұнай құнын құнттайтынды шығарғанын, кей жүрегінің түгі барлар данышпан Абайға керағар келіп, «түстік өмірің болса, кештік мал жина» деп ақыл айтуға көшкенін де тілге тиек ете кетелік. «Теңге тиыннан өсер, жылқы құлыннан өсер», «жаманға жан жуымас, жалқауға мал жуымас», «тай тайға жеткізер, тай құнанға жеткізер, құнан атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер» сынды эко­номикалық мәні мен маңызы мол ма­қал-мәтелдер қазір жұрттың аузында.
Бұл – қазіргі қазақ өмірінің болмысы, ақиқаты. Енді осы шынайы тірлік журналистикада, соның ішінде эко­но­­микалық журналистикада көрі­ніс тауып отыр ма?
Көзі қарақты оқырман Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Григорий Марченконың журналистерді қаржы-қаражат жөнінде асығыс пікір айтып, шалағай қорытынды жасаудан сақтандырғанын ұмыта қоймаған болар. Үстірт ой білімнің таяздығынан туындайтындығын білетін банкир мырза әріптестерімізге экономика оқулығын тағы бір парақтап шығу жөнінде кеңес берген еді. Әлбетте, Марченко ұсынысының орынды екендігінде дау жоқ. Өйткені, куә бо­лып отырғанымыздай, жоғары оқу орын­дарында болашақ журналистер алатын іргелі экономикалық білім­нің жұтаңдығын былай қойғанда, ол сондай-ақ қалам қайраткерлерінің кәсіби ерекшеліктері мен ойлау дағ­дысына лайықталмаған.
Заманымыздың көкейтесті мәсе­ле­лері туралы пайымды пікір өрбіт­кісі келетін журналист өзі көтерген тақырыпты терең игеруі, бұл үшін нақты бір салаға мамандануы қажет. Бүгін билік туралы сөз қозғап, ертең егінге ойысатын әмбебап жазғыш­тардың дәурені өткен. Тілге тиек етіліп отырған экономикалық журна­лис­тикаға келетін болсақ, оның әліппе­сін қоғамның, мемлекет пен мекеме-кәсіпорынның, отбасының пайда, шығын, қаржы, салық, бәсеке сияқ­ты шаруашылық жүргізу тетіктері түсін­ді­рілетін теориядан бастау керек болар.
Теориялық білімі жеткілікті журналист тайыз пайымдауларға бармайды. Сылдыр сөз, сұйық пікірден, «Әзірет Әлі, айдаһардан» (Абай) ауылын аулақ салады. Нақты дерек көздеріне сүйенеді. Бұл орайда білікті мамандар құрастырған нұсқаулықты келтіре кеткеннің айыбы болмас. «Экономиканы бірнеше тәсілмен өлшеуге болады. Бастысы – ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ай сайын жариялайтын статистикалық деректердің шығу уақытын өткізіп алмау. Журналистерге көмек болсын деп, ведомство негізгі цифррларды қамтитын ақпараттық материалдардың шығу кестесін жыл басында жариялап қояды. Оның үстіне, Қазақстанның эко­номикасына жауап беретін Үкі­мет­тегі басты спикерлерді есептен шығарып тастауға да болмайды. Кө­бінесе, бастапқы ақпаратты сол саланың министрі береді, тек оны ресми жариялар алдында бір тексеріп алу жеткілікті болады». Қысқа да нұсқа.

БАЙЛЫҚТЫ НАСИХАТТАУ КЕРЕК ПЕ?

Ұлы экономистердің бірі, «Капитал» атты тұғырлы туындының авторы Карл Маркстың «отбасы – кіші мемлекет» деп жазғаны бар. Жеті атасынан бері дәулет үзілмеген ауқатты отбасылар мен жұпыны тірлік кешіп жатқан жанұялардың бір ауылда, бір көшеде қоңсы қонатыны сияқты, әлемдегі бай мемлекеттер мен кедей жұрттардың арасын жіңішке шекара жолағы бөліп жатады. Мұны өзіміздің Қазақстанның мысалынан айқын көре отырып, «жері байдың – елі бай» деген мәтелдің экономикаға тікелей қатыстылығына көз жеткіземіз.
Ақан сері «Теміртас» атты әнінде «бай болмақ, жарлы болмақ құдайдан-ды» дейді. Қарапайым пенде туралы айтқанда бұл ой дұрыс та болар, ал тұтас бір мемлекет туралы сөз қоз­ғағанда, байлық пен кедейліктің сол елдің табиғи және адами ресурстарына, халықтың жас құрамына, білімі мен білігіне, индустриялық дамуына байланыстылығын байқап, сондай-ақ осыларды пайдалану тиімділігіне қарай белгілі бір ұлттың материалдық игіліктерді тұтыну деңгейін, ұлттық байлығын шамалаймыз. Мәселен, немістер мен америкалықтардың тұрмыс-тіршілігін кубалықтардың немесе солтүстік кореялықтардың жағдайымен салыстыра алмайсыз. Германия тұрғынының бүгінгі ба­қуатты ғұмыр кешуі үшін талантты кәсіпкерлердің, өнертапқыштар мен ғалымдардың, қаржыгерлердің қисапсыз буынының талай ғасыр тер төгуі қажет болды.
Байлық мысқалдап жиналып, бат­пандап шашылатынын, тиынның теңге құрайтынын білетін ұсынақты да ұқыпты неміс халқының бүгінде бүкіл Еуропаны өрге сүйреп келе жатқаны жасырын емес. Қазіргі герман мемлекетінің кез-келген тұрғыны өз елінің байлығын дүниежүзі жұрт­шылығы алдында жыр қылып айтып жатса да, ешкім оны сөкет көрмейді. Өйткені, немістің ұлттық байлығы әлемнің кез келген алпауыт жұртының жиған-тергенімен тайталаса алады. Сонымен бірге алақандай аралды қыздың жиған жүгіндей әспеттеп ұстап, көрген жанның таң­дай­ын қаққызған жапон халқы еңбек­қорлық пен табиғи іскерлігі арқасында ешқандай қазба байлығы болмаса да ғаламның жетекші эконо­микаларының бірін құра алды.
…Халқымыздың байлық пен бақ-дәулет жөніндегі бұрынғы-соңғы ұғым-түсінігін сараласаңыз, мынадай қызық жәйтті байқар едіңіз. «Руы Төлегеннің жағалбайлы, жылқысын көптігінен баға алмайды» деп, ерте заманнан жылқының санымен өл­шен­­ген қазақтың дәулеті Арқа мен Алтайдың, Түркістанның көзі ашық дәулеттілері капиталистік қарым-қатынастарға араласа бастаған он тоғызыншы ғасырдың ортасынан бермен қарай банкідегі ақшамен есептелуге көшкен.
Қазір самаурынды ағашпен тұта­тып жүрміз ғой. Ал, бұрынғының бай­лары мен көпестері тез қайнап, суымау үшін самаурынның мұржасына ақша салған. Мақтаншақ байлар ақшаны буып, байлап салады екен. Ол сағаттап жанады. Ал төменгі санат­тағы байлардың бумасы жұқа болған­дықтан, ақша тез жанып кеткен. Сол кездің нағыз ауқатты ақсүйектерін осылай анықтаған деседі. Сол байлар мен байшыкештер самаурынға жаққан ақшасынан қалғанын көрпесінің астына тықпай не сандыққа салмай, сенімді жерде – банкілерде сақтаған.
…«Бұрынғының кісілері-ай» дей­міз, кейде өткенді еске алып жатып. Бірақ, бұл байлықты, баршы­лықты насихаттауға кедергі болады деп ойламаймын.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТӘРБИЕ

Қазіргі қазақ қоғамы күрделене түсуде. Күрделі қоғамның күрмеулері де қиын. Сол қиын күрмеулердің бірі керенау болса – көшелі жұртты кері тартатын, келелі болса – бері тартатын, сайдағы санды саралы сапаға қосатын экономиканың негізгі тетігі, қозғаушы күші – бейнетқор адамға, еңбек ресурстарына тікелей қатысты.
Өйткені, зымыран заман алды­мызға қоғамның экономикалық өсу жолдарын жатпай-тұрмай іздес­тіру міндетін қойып отыр. Қазір на­рыққа балама жоқ дейміз. Нарық дегеніміз дами келе өндіріске де, тұтынуға да әсер етеді, олардың өркендеуіне соншалық қажет кері байланыс орнатады. Мемлекеттің бұл орайдағы ойланар шаруасы – бәсекелестік орта құру болуы шарт. Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар деген. Осы бәсекелестіктен шығады, мұндай аламан бәйгенің басты алғы­шарты қоғамдағы экономикалық қарым-қатынастарды реформалау, әлеуметтік-экономикалық дамудың ұлттық моделін қалыптастыру болып отыр, бұл мақсат өз кезегінде халыққа экономикалық білім мен тәрбие беруді жетілдіруді талап етеді. Себебі, қазір бақ емес, бап шабатын кезеңге аяқ бастық. Экономикалық тәрбие ой еңбегі мен дене еңбегін күре жолға салуға қажетті білім мен білікті, машық-дағдыны жекелеген тұлға бойына сіңіру дегенді білдіреді. Сонымен қатар, тәрбиенің бұл түріне ақылға қонымды сұраныс пен талап-тілекті, экономикалық еркіндік пен эконо­микалық жауапкершілікті, шаруа­­шылық тәуекелді, төгілген тер мен құйылған қаржыға қарай сый-сияпат жасауды, тар шеңберлі кәсіби мүддеден жалпыадами және жалпы­ұлттық құндылықтарды жоға­ры қойып, қорғай білуді, ұлттық эко­но­ми­каның егемендігін сақтау сияқты жаңа идеологемалар мен құн­дылықтарды қалыптастыру да кіреді. Экономикалық тәрбие, міне, сондықтан да тәрбиенің өзге түрлеріне қарағанда қоғамдық болмысқа, эконо­микаға, тауарлы өндіріске бір табан болса да жақын тұрады. Бұл орайда экономикалық тәрбиенің басты құралы баспасөз болуы керек.
Ерте шықсаң – алдыңнан күн шығады, кеш шықсаң – алдыңнан түн шығады, деген. Бүгінгі экономикалық журналистердің басты міндеті – қазақты уақытты бағалауға үйрету. Еріншектің ертеңі бітпейтінін, қазақтың бүгінгі шаруаны келесі күнге ысыруға бейім тұратынын жақсы білген Алаш арыстары барлық қарым-қабілетін халқымызды жалқаулықтан арылтуға, оятуға арнады. Өйткені, қазіргі ғылыми көзқарас бойынша да халықты уақытты үнемдеуге, еңбекке және еңбек нәтижелеріне ұқыпты қарауға үйрету экономикалық тәрбиенің басты міндеттері болып табылады. Ал, уақытты үнемдей білу дегеніміз адамның бүкіл кәсіп-қызметін қамтиды. Экономикалық ұғым-түсініктердің бірде-біреуі дәл осындай жалпылық пен әмбебаптыққа ие емес. Экономикалық тәрбие арқылы алынған білім әлеуметтік жан­­жалдардан, күйзелістер мен қате­лік­терден аулақ қонуға, оларды қайталамауға мүмкіндік береді. Және де шаруашылық қарым-қатынастар мәдениеті жоғары болуына, жеке адамның экономикалық еркіндігіне, адал табыс табуына, кәсіпкерлік құқығын қорғай алуына жол ашады. Осының арқасында өндірісті реттеудің оңтайлы тетігі жасалады.
…Тарих безбені тағы халқымыздың өміршеңдігін, күрескерлік қабілетін таразылап, сынға салып жатыр. «Көппен көрген ұлы той» десек те, басымыздың аман, бауырымыздың бүтін болғаны дұрыс. Осы орайда елге оң бағыт-бағдар көрсетіп, дұрыс жөн сілтеудің маңызы зор. Бүгінде құдайдай сеніп келген мұнайдың күні батуға таяу. Мөңке би бабамыз айтатын беймәлім заман келе жатыр ма, білмейміз. Анау қырдан өсу мен өркендеу, мынау ойдан іркіліс пен кідіріс қол бұлғап тұр. Мұның қайсысын таңдау жаңа экономикалық ақиқатты қалыптастырып жатқан экономикалық журналистерге де тікелей қатысты екенін айта кеткім келеді.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
«Tenge Monitor»-дың
Ақылдастар алқасының мүшесі


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру