Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

Отандық антисептикке сұраныс артты

Елімізде зарарсыздандыру құралдарына арналған шикізат өндірудің жаңа технологиясы жасалды. Оның бірегейлігін Қытайдың ғылыми институты растаған. Енді павлодарлық компания шикізатты сырттан сатып алмай, өз өндірісін жолға қойып, толығымен отандық дезинфекциялық өнім шығаратын болды.

Күн сайын қоршаған ортада денсаулыққа зиян келтіретін көптеген микроорганизмдермен бетпе-бет келетініміз белгілі. Ал түрлі инфекциялар мен аурулардан қорғануда зарарсыздандыру жұмыстарының сауатты түрде атқарылғаны абзал. Жайшылықта мән беріп жатпайтын бұл шараның ма­ңыздылығын әлемді жай-ла­ған коронавирус індеті еске түсіргендей. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия туралы хабарлағаннан кейін ел ішінде шұғыл шаралар іске асырылатыны мәлімделді. 12 наурызда бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейту туралы шешім қабылдады. Енді сауда және ойын-сауық орталықтарында, базарларда, діни нысандарда, тамақтану орындарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, теміржол вокзалдарында, әуежайларда, қонақ үйлерде және тіпті дәріханаларда күніне екі рет дезинфекция жүргізілуі керек. Оқу орындарында күніне үш рет дымқыл тазарту және зарарсыздандыру жүргізіледі. Сондай-ақ қоғамдық көліктер әр рейстен кейін тазартылып, аялдамалар күніне екі рет жуғыш және дезинфекциялық құралдардың көмегімен шайылуы тиіс.
Қазір антисептиктерге деген сұраныстың жедел артуы аясында павлодарлық дез­инфекциялық заттар шыға­ратын зауыт өндірісінің көлемі артып келеді. Барлық белгілі микробтар мен вирустарды 100 пайыз жоятын хлорлы таблеткалар Павлодарда негізінен 2015 жылдан бастап шығарыла бастаған.

Бірақ бұған дейін олар үшін қажетті шикізат Қытайдан сатып алынып келген. Толығымен отандық дезинфекциялық өнім бүгінде бар, тек оны өндіру процесі өзгереді. Енді кәсіпорын импорттық шикізаттан бас тартып, инновациялық технология негізіндегі анағұрлым тиімді жобаны өздері әзірлеп отыр.
– Біз хлорлық таблеткалар үшін дезостерилхлор шикізатын өндіру технологиясын іске қоспақпыз. Бұл өндірістің тұтастығы мен импортты алмастыруды қамтамасыз ету үшін жасалған тиімді қадам. Осы бағытта трихлоризоцианур қышқылын шыға­ра­тын қондырғы орнатылады. Қазір реттеу жұмыстары жүргізілуде, – деді «Бо-На» компаниясының техникалық директоры, химик Борис Шаров.
Қазіргі уақытта павлодарлық компания негізінен медициналық мекемелер пайдаланатын хлор негізіндегі және хлорсыз дезинфекциялық құ­рал­дар шығарады. Олардың 30 түрі болса, соның ішінде медициналық құралдарды зарарсыздандыру мен қолға арналған антисептиктер бар. Ал қазіргі коронавирус жағдайы өндіріс көлеміне едәуір әсер етіп отыр. Егер эпидемияға дейін күніне 300 килограмм хлор таблеткалары шығарылса, қазір сұраныс күрт өсіп, кәсіпорын 800 килограмм өнім шығаруда. Қажеттілік ұлғсайса, бұл көрсеткішті тоннаға арттыру да қарастырылған. Бөлшек сатумен айналыспайтын компания Қазақстанның медициналық мекемелерімен, барлық павлодарлық ауруханалармен жұмыс істейді. Хлор таблеткалары немесе дезостерил-хлор аймақта 2015 жылдан бастап шығарыла бастаса, келесі жылы ол толығымен отандық өнім болады. Ал 2016 жылдан бері шығарылатын қол антисептиктері қазір толығымен отандық болып табылады. Енді Ғылым қоры қаржыландырған жоба аясында қондырғыны биыл іске қосу жоспарланып отыр. Жаңа өндірістік қалдықтардың есебінен тағы да екі-үш тұрмыстық химиялық заттар шығарылатын болады. Жалпы, 2013 жылы құрылған павлодарлық «Бо-На» компаниясы осы уақыт ішінде нарықты өзгертіп, ондағы тұрақты орнын бекітіп қана қойған жоқ, сонымен бірге экспорттаушы деңгейіне дейін көтерілді.
Қазіргі күні Үкімет шешімінен кейін жергілікті тасымалдаушылар қоғамдық көліктерді дезинфекциялау үшін өндірушіге жүгінуде.
– Өкінішке қарай, көлік компаниялары дезинфекция мәселесі­мен нашар айналысады. Десек те, эпидемиологиялық жағдайдың қиын­дауына байланысты қазір бізге 40 автобусы бар көлік компаниясы жүгініп отыр. Олар дезинфекциялық заттарды тез арада жеткізуді сұрайды, – дейді Б.Шаров.
Химиктің өзі автобус салондарын хлорлы құралдармен өңдеудің қажеті жоқ деп санайды. Өйткені, жабық кеңістікте өткір иіс сақталып, бұл жолаушылар үшін жайсыздық тудырады. Тәжірибелі химик тасымал­даушыларға иіссіз өнімді таңдауға кеңес береді. Оның үстіне бұл өнім­дердің түрі де жеткілікті.
Сондай-ақ теріге арналған қара­пайым, жергілікті антисептик – бүгінде медициналық маскалармен қатар дәріхана желісіндегі ең танымал тауарлар. Мысалы, құрамындағы 20 пайыздық этил спирті кез-келген инфекциялар мен вирустарды жоюға қауқарлы антисептиктің бірнеше түрі бар. Олар қолды өңдеумен қатар, заттардың жоғарғы бетін де зарарсыздандыру үшін пайдаланылады. Бағасы 500 теңге тұратын спрейді жүз рет басып, жаратуға болады. Бұл заттардың барлығы коронавирустық инфекцияның таралуы аясында сенімді әрі қолжетімді қорғаныс құралы бола алады. Өйткені, мамандар жиі айтатындай, алдын-алудың ең тиімді әдісі – дезинфекция. Маңыздысы, оны барлық жерде, үнемі әрі мұқият жүргізу керек.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру