Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

Ауылды ажарландыратын жоба

Былтыр ақпанда өткен «Нұр Отан» партиясының ХҮІІІ съезінде Елбасы «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жобаны іске асыруды тапсырды. Алдымен Үкімет әкімдіктер және мәслихаттармен бірге болашағы бар ауылдарды іріктеп алып, ондай жерлерде әлеуметтік саланы дамытып, тұрақты даму ошақтарына айналдыруы тиіс.

Сонымен қатар ауыл шаруа­шылығын дамыту, ауыл шаруашы­лығы өнімдерін өңдеу, шағын және орта бизнесті, ауылдың ин­фра­құрылымын дамыту арқылы ауыл­дағы ағайынға ауқатты өмір сүруге жағдай жасау шаралары алынуы қажет делінді. Әйтпесе, ауылдардағы өмір сүру сапасы тартымсыз болып қала береді.
Мемлекеттік жоспарлау жүйе­сінің стратегиялық құжатта­рында халықты оңтайлы орналастыру көзделуде екені белгілі. Ол дегеніңіз – болашағы жоқ елді мекендердің тұрғындарын (ерікті түрде) эко­номикалық өсу «нүктелеріне» шоғырландыруды ынталандыру. Жалпы күллі еліміз бойынша 2027 жылға дейін ауылдардағы өмір сүру сапасын жақсарту үшін респуб­ликалық бюджеттен 900 миллиард теңге бөлу көзделген.
Батыс Қазақстан облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқарамасының өңірлік даму және мониторинг бөлімінің басшысы Райса Еркеғалиеваның айтуынша, ауыл тұрғындарына қолайлы өмір сүруге жағдай жасау мақсатында ауылдардағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жыл сайын қаржы бөлініп келеді.
– «Қазақстан Республика­сының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңға сәйкес, тұрғындарының саны 50 адамнан кем елді мекендер ауыл мәртебесіне сай келмейтін болғандықтан дербес есептен шығарылуы тиіс. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №990 қаулысымен бекітілген өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты басқарылатын урбандалу арқылы өңірлердің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халық­тың тұрмыс сапасын жақсарту, – деді Райса Жұмахметқызы.
Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, 2020 жылдан бастап ауылдарға қаржы «бюджеттік сүзгіден» өткізіліп, қаржы жұм­­саудың тиімділігіне қарай бөлінбек. Өткен жылдан бастап халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін өңірлік стандарттар жүйесі қолданысқа енгізілген. Соған сәйкес әрбір елді мекеннің мәртебесіне қарай адамдардың қолайлы өмір сүруі үшін қандай қызметтер көрсетілуі керек, қанша әлеуметтік нысан болуы тиіс деген талаптар басты назарға алынады. Мысалы, бұрынғы ферма орталығында, қазіргі шағын елді мекен болып қалған ауылдарда өңірлік стандарттар жүйесіне қарай қандай білім беру немесе денсаулық сақтау нысандары болу керек деген мәселе нақты қарастырылған. Әсілі, болашағы жоқ ауылдарға бюджет қаражатын бөлу тиімсіз болмақ (мемлекеттік қызметті тұ­тынушылар санының аз болуы есебінен). Алайда, осы жерде шекара маңында орналасқан ауылдардың ерекше мәртебесі болуы қажет екенін атап өткіміз келеді. Аталмыш басқарма шекара маңындағы ауылдардың дамуына басымдық беру, салалардың мемлекеттік нормативтерін олар үшін қолданбау жөнінде ұсы­ныстарын жолдаған. Мысалы, шекара маңындағы елді мекендерді тұрғындарының саны 50 адамнан кем болса да немесе мектептердегі оқушылар саны нормативтен кем болса да сақтап қалу маңызды.

Болашағы бар
ауыл қанша?

Басқарманың ұсынған мәліме­тіне сәйкес, өңірде тұрғындарының саны елуден кем ауылдар қатары өсуі байқалады. Атап айтқанда, 2019 жылдың 1 қаңтарында ондай 52 елді мекен болса, аудандардың берген мәліметтері бойынша биылғы 1 қаңтардағы тұрғындар саны межеден аз ауыл саны 59-ға жеткен. Заң бойынша осы 59 ауыл дербес есептен шығарылуы керек. Алайда биыл елімізде халық санағы өтеді. Соған орай Үкіметтің әкімшілік-аумақтық құрылымын қозғамау жөнінде тиісті қаулысы қабылданған. Қала берді биыл көшелердің атауларын өзгертуге де болмайды. Оңтайландыру, ауылдарды ірілендіру, шоғырландыру, ауылдарды дербес есептен шығару жұмыстарын қолға алу халық са­нағы аяқталғаннан кейін мүмкін болады.
Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы­ның ұсынған мәліметі бойынша, облыстың әкімшілік-аумақтық құрылысында бір облыстық маңызы бар қала, 1 аудандық маңызы бар қала, 12 аудан, 149 ауылдық және кент округтері, 312 мың 700 адам тұратын 433 ауылдық елді мекен бар. Барлық 433 елді мекеннің ішінен 222-сі болашағы бар деп танылған. Болашағы бар ауылдар тізбесіне енгізілмеген 211 елді мекенді дамытуға республикалық бюджеттен қаражат бөлуге басымдық берілмейді, сәйкесінше бұл ауылдарды дамытуға жергілікті бюджеттен қаражат қаралуы ықтимал. Өңір бойынша 77 тіректі, шекара маңында орналасқан стратегия­лық маңызды 35, спутниктік немесе тіректі ауылдарға жақын орна­ласқан 109 ауыл және Меловые горки қала маңындағы ауыл келешегі бар ауылдар тізбесіне енгізіліп отыр. Болашағы баянды болатын елді мекендер тізбесіне енген ауылдарда 263 мың 400 адам тұрады. Бұл облыс халқының 84 пайызын құрайды.

Тірек ауылдар
дамытылуда

– Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тірек ауылдарды дамытуға республикалық бюджеттен 1 млрд 221 млн 500 мың теңге 11 жобаны іске асыруға бөлінді. Бөлінген қаржы-қаражат толықтай игерілді. Қаржы негізінен Ақжайық, Тасқала және Теректі аудандарының орталықтары Чапаевты, Тасқаланы, Федоровканы дамытуға бағытталды. Соның ішінде Чапаев ауылының көшесін жарықтандыру жұмыстарына 14 млн 800 мың теңге бөлінді, – деді Райса Жұмахаметқызы.
Оның баяндауынша, аталмыш екі аудандағы 3 мектеп және бір спорт мектебі ғимараттарын күрделі жөндеуге 496 млн 800 мың теңге бөлініп, игерілген. Соның ішінде Чапаев ауылындағы орта мектеп пен спорт мектебінің, Тасқала ауылындағы 2 мектеп, С.Жақсығұлов атындағы және Қ.Сәтпаев атындағы мектептердің ғимараттары күрделі жөндеуден өткен.
Сонымен қатар ауылішілік жолдарды жөндеуге 709 млн 900 мың теңге бөлініп, толықтай игерілген. Бұл қаржыға Чапаев ауылындағы Меңдәлиев, Қазақстан, Шурихин, Тәуелсіздік, Федоровка ауылындағы Абай, Центральная, Достық, Горький көшелерінің жолдары күрделі жөндеуден өткен. Сондай-ақ жобаларды қоса қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 144 млн 900 мың теңге бөлініп, күні бүгінге 143 млн теңгесі игерілген.
Басқармадан алдын ала алын­ған мәлімет бойынша биыл респуб­ликалық бюджеттен 3 млрд 500 млн теңге болашағы бар бес ауылды дамытуға бөлінбек. Ондай ауылдар ішінде тұрғындарының жалпы саны 19 мың адам болатын Бөкей ордасы ауданынан Сайқын, Бәйтеректен Переметное, Калиниское, Янайкино, Тасқала ауданынан Тасқала бар. Бөлінетін қаржыға 14 жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Калининское, Янайкино, Тасқала, Сайқын ауылдарындағы 4 мектепті күрделі жөндеуге 745 млн 500 мың теңге, Тасқала аудандық мәдениет үйін күрделі жөндеуге 132 млн 300 мың теңге, Переметный, Калиниское ауылдарындағы су құбырының желісін күрделі жөндеуге 36 млн 800 мың теңге, Тасқала ауылындағы судан қорғайтын бөгетті қайта құруға 135 млн теңге бағытталмақ. Ал жолдарды күрделі және орташа жөндеу бойынша 7 жоба іске асырылады. Осы мақсатқа 2 млн 488 мың теңге бөлінеді. Оның ішінде Переметное ауылында бір жоба, Тасқалада – 4 жоба, Сайқында 2 жоба жүзеге асырылмақ.
Ақ Жайық өңірі де урбанизация үрдісінен шет қала алмайды. Сондықтан елді мекендерде, шағын ауылдарда тұратын тұрғындар еліміздегі «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау-көмек алып, қолындағы малын көбейтіп, кәсіпкерлігін ашып, күнкөрісін жақсартуға бейіл болғаны жөн-ау. Ал, мемлекет ауылдардағы инфра­құрылымды дамыту арқылы оларға қолайлы өмір сүру жағдай­ларын жасауға кірісіп те кетті.

Батыс Қазақстан облысы

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру