Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

Азық-түлік бағасы өспейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделенуіне байланысты берген тапсырмасына орай Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің басшылығымен шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев мәлімдеді.

Облыстық әкімдікте өткен жиынға облыстық басқарма, аумақтық мемлекеттік құрылым өкілдері қа­тысты. Бұл басқосуда дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспарын әзірлеу мәселесі талқыланды. «Іс-қимыл жоспарында қабылданатын шешімдердің әрбір қадамын ашып көрсетеміз. Бірінші базалық бағыт – мемлекеттің өзінің орындайтын әлеуметтік міндеттемелері, соның ішінде атаулы әлеуметтік көмек, төлемдер, зейнетақы толық көлемде төленеді, оған қатысты ешқандай түсініспеушілік туындамайды, ондай әлеуметтік төлемдердің төленетініне 100 пайыз кепілдік бар. Екінші – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасы. Ондай азық-түлік түрі – 19. Тұрақтандыру қорының қоймаларында қандай және қанша­лықты көлемде азық-түлік түрлері бар екендігін қарап, тауарлық қорды тізімдеуді аяқтағалы отырмыз», – деді Мұхтар Наурызбайұлы.
М.Манкеевтің айтуынша, об­лыста азық-түлік қоры мен оның тепе-теңдігі қалыпты жағдайда. Сондықтан тауарлар жетіс­пеуші­лігіне, бағалардың күрт қымбат­тауына, инфляцияның өсуіне негіз жоқ және ондай жағдайлар болуы мүмкін емес. «Бізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің тізімі жасалған. Тұрақтандыру қоры және мониторинг есебінен күн сайын бақылауда ұстаймыз, саудадағы баға өсімі күтілмейді. Сондықтан да тепе-теңдікті сақтаймыз және оның теріске шығуын болдырмаймыз. Алдын ала бағасы өсуі ықтимал-ау деген азық-түлік түрін сатып аламыз. Қазіргі уақытта қала бойынша 20 түрлі тауар павильоны қойылған, оларда тұрақтандыру қорының өнімдерін сатуға ұсынатын бұрыштары бар. «Алтындар» дүкендер желісінің 17 нүктесімен келісіп, онда да тұрақтандыру қорының тауарларын ұсынамыз. Ол астық, ұннан жасалған өнімдер, макарондар және басқалары. Тұрақтандыру қорына тағы да қосымша тауарлар сатып аламыз. Мысалға, жазға қарай құм­шекердің бағасы өседі, сондықтан оның бағасын тұрақтандыру үшін оны да алдын ала сатып алып қоямыз. Қазір тұрақтандыру қорының айналымында 300 миллион теңгенің азық-түлік түрі бар. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстарды аудандардың әкімдері де қолға алған. Әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерінің бағасына мониторинг жүргізу үшін 109 нөмірлі қызмет жұмыс істейді. Егер де сондай тауарларға бағаның шарықтап өскенін көзіңіз шалса, онда 109 қызметіне қоңырау шалыңыз. Одан басқа «Смарт-Уральск» ұялы телефон қосымшасы бар. Біз оған «Прайс-сканер» бетін жалғадық. Қоңырау шалғыңыз келмесе, фотоға түсіріп, бізге жолдай аласыз. Барлық хабарламаларға тиісті шара алынатын болады», – деді Мұхтар Манкеев.

Батыс Қазақстан облысы

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру