Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

Сындарлы шешім: Дағдарысқа қарсы шаралар бекітілді

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кәсіпкерлік пен отандық өндірісті қолдау шаралары қаралды. Селекторлық отырыста сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындық барысы сараланды.

Жиында отандық бизнесті қолдау шараларының топтамасымен ұлттық экономика министрі Р.Дәленов таныстырды. Бизнесті қолдау және еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл шаралар кешені қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруды, кепілдіктер беруді, салықтық ынталандыруды, бизнесті тексеруді азайтуды және жұмыспен қамтамасыз етуді қамтиды. Атап айтқанда, 1 трлн теңгеге дейін несие беру және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша басым тауарлар тізімі кеңейтіледі, «Бизнестің жол картасы-2025» мем­лекеттік бағдарламасы бойынша не­сиенің жоғарғы шегі ұлғайтылады және салалық шектеулер алынып тас­талады, бизнесті несиелендіру кезінде кепілдік беру тетігі жеңілдетіледі. Ірі сауда нысандары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, спорт объектілері заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін мүлік салығынан бір жыл мерзімге босатылатын болады, бір тоқсанға өсімақы есептеу тоқтатылады, үш тоқсан үшін салық есептілігінің мерзімі кейінге ауыстырылатын болады. Жалпы белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер салықтардан босатылады.
Отандық бизнес қосымша қаржы­лық жүктемесіз бірегейлендірілген шарттарда (6%) әрекет етіп тұрған «Бизнестің жол картасы-2025, «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы», Индустриялық-инновациялық даму-2025, тағы басқа бағдарламаларды қолдаудың жеңілдікті шараларын пайдаланады.
АӨК саласында несиелендірудің жаңа тетігі, сондай-ақ ірі қара мал мен асыл тұқымды балапандарды қамтитын АӨК биологиялық активтерінің импортына ҚҚС-тан босату, сонымен қатар 7 мыңға жуық шаруаны ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салық төлеуден босату түрінде қосымша салықтық ынталандырулар енгізіледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет шағын, орта және ірі бизнес кәсіпорындарын қолдаудың теңдессіз шараларын қабылдайды. Бұл шаралар, ең алдымен, қазіргі жұмыс орындарын сақтауға және кәсіпкерлер мен азаматтардың іскерлік белсенділігін ынталандыру арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталып отыр», – деді А.Мамин.
Аталған жұмысқа Қазақстан азаматтарын тарта отырып, инфрақұ­рылымдық, әлеуметтік нысандарды және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуді қарастыратын Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге бөлінеді. Қарыз алушылар Төтенше жағдай енгізілген кезде төлемдердің мерзімін өткізіп алған жағдайда банктер айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептемейтін болады. Премьер-министр барлық банктер қаржылық жағдайы нашарлаған бизнес өкілдеріне төлем мерзімін ұзарту мүмкіндігін беруі керектігін баса айтты. Үкімет басшысы үш күндік мерзімде салалық мемлекеттік бағдарламаларға кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа формаларын енгізу бойынша қаулылар жобаларын дайындауды тапсырды.
«Мемлекет басшысының Жар­лықтарын іске асыру барысында біз салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін салық мөлшерлемелерін белгілеудің ерекше тәртібін анықтау, бюджетті қалыптастыру мен орындау, мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау бойынша көптеген шешімдерді қабылдаймыз. Жалпы, кәсіпкерлікті және отандық өндірісті қолдаудың жаңа шаралары 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашады», – деді А.Мамин.
Отырыста талданған келесі тақы­рып – көктемгі егіс жұмыстарын жүр­гі­зуге дайындық жайы. Бұл ретте шаруалардың егіс науқанына дайын­дығы туралы ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, жанар-жағармай мате­риалдарымен қамтамасыз ету жө­нін­де энергетика министрі Н. Ноғаев, сонымен бірге өңірлердегі жағ­дай бойынша бірқатар әкімдер есеп берді.
Биыл 22,5 млн гектар жерді игеру жоспарланып отыр, бұл 2019 жылғы деңгейден 238 мың гектарға көп. Дәнді дақылдар шамамен 15,2 млн гектар (оның ішінде бидай – 11,4 млн га), майлы дақылдар 3 млн га (+122 мың га), мақта 110 мың гектар, қант қызылшасы 22 мың гектар, көкөніс-бақша дақылдары және картоп 471,7 мың гектар, жемшөп дақылдары 3,7 млн гектар жерге егіледі деп көзделген.
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін қажетті дизель отынының көлемі анықталды, бұл 387 мың тонна (ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орташа баға – шамамен 177 теңге/литр). Республикада 143 мың трактор, 78 мың тұқым сепкіш, 243 мың топырақ өңдеу құралдары, 4 мың егіс кешендері бар. Үстіміздегі жылғы 15 наурыздағы жағдай бойынша тракторлардың әзірлігі 94%-ті, тұқым сепкіштер 93%-ті, егіс кешендері 100%-ті, топырақ өңдеу құралдарының дайындығы 95%-ті құрайды.
Агроөнеркәсіптік кешен субъекті­лерін қолдау үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ республикалық бюджеттен 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлді, бұл әдет­тегі тәжірибеден 10 млрд-қа артық. Соңғы қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-тен аспайды. Бөлінген қаражат 3 млн гектар егіс алқабын қамтумен АӨК 2400 субъек­тісін қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Үкімет басшысы жалпы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық уақы­тылы жүргізіліп жатқандығын, көктемгі егістікті қаржылық және ма­те­риалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімдер қабылданғандығын атап өтті. Осы орайда кейбір өңірлердің тұқым, ауылшаруашылық техникасын дайындау жоспарларынан артта қалып жатқандығына, сондай-ақ барлық дерлік облыстарда тыңайтқыштар бойынша субсидиялардың бекітілген нормаларының жоқтығына назар аударды. Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдері көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізу бойынша барлық қажетті шараларды уақытылы қабылдауы, Энергетика министрлігі бекітілген кесте мен бағаға сәйкес қажетті дизель отынын жеткізуді қамтамасыз етуі тиістігін мәлімдеді. Сонымен қатар «ҚазАгро» ұлттық холдингіне қаржы қаражатын тиімді пайдалануды және олардың ауыл халқы үшін қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру