Валюта бағамы: $ 448.01 495.86 5.64 ¥ 63.19

ҮЙЛЕСІМДІ ІС-ҚИМЫЛ АСА МАҢЫЗДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Асқар Маминді қабылдады.

Премьер-министр, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Асқар Мамин Президентке комиссияның жұмысы және ел аумағында коронавирус індетінің таралуына қарсы қабылданған шешімдер жайында баяндады.
Мемлекеттік комиссияның төрағасы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиннің енгізілуі, экономика субъектілерін қолдау шаралары, коронавирус жұқтырғандардың пайда болу ықтималдығына өңірлердің дайындығы туралы айтты.
Қазақстан Президенті комиссия мүшелері жүйелі жұмыс істеп, аймақ басшыларымен өзара ынтымақтаса әрекет етуінің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, фискалды саясатты тиімді жүзеге асыру мәселесіне баса мән беру керек. Бұл ретте Үкімет пен Ұлт­тық банктің үйлесімді іс-қимыл­дары аса маңызды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы коронавирусты анықтау, науқастарды емдеу және вирустың одан әрі таралмауы үшін аянбай еңбек етіп жатқан дәрігерлерге алғыс айтты. «Үкімет осындай қыз­меткерлерге сыйақы беру шараларын қабылдайды», – деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-де.
Бұған дейін Қ.Тоқаев төтенше жағдайға байланысты қашықтан жұмыс істеуге көшуді тапсырған болатын. «ТЖ режимінде қоғам­ның тіршілігін қамтамасыз ететін, қа­уіп­сіздік пен құқықтық тәртіпті бақылайтын мекемелерден, жекелеген БАҚ-тан өзге мемлекеттік, квази­мемсектор қызметшілерінің 70%-ын қа­шықтан жұмыс істеу­ге көшірген жөн. Жеке кәсіп­орындарға да осындай шараны қолдану ұсы­нылады», – деді Президент.
Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Қазақс­танда 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында төтенше жағдай енгізілді. Ал 19 наурыздан бастап инфекция тіркелген екі қалада – Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин режимі енгізілді. Қазіргі кезде Қазақстанда коронавируспен ауыратындар саны 36-ға жетті. Оның ішінде 18 жағдай – Алматыда, 18 факті – Нұр-Сұлтанда тіркеліп отыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру