Валюта бағамы: $ 412.1 454.34 5.82 ¥ 57.62

Коммуналдық қызмет тарифтері төмендеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылдың 23 нау­рызында коронавирус індеті және дағдарысқа қарсы шаралар туралы жиналыста берген тапсырмаларына орай Батыс Қазақстан облысында коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендетілді. Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті тарапынан төмендетілген тарифтер биылғы 1 сәуірден бастап төтенше жағдай кезеңі бойына қолданылмақ.

– Орал қаласының тұрғындарына «Батыс су арнасы» ЖШС-ның сумен жабдықтау қызметі тарифіне қосымша құн салығын қоса есептегенде 1 текше метр үшін 46,28 теңгеден 44,89 теңгеге дейін немесе 3%-ға тариф төмендетілді. Сондай-ақ «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылумен жабдықтау қызметі тарифі тұрғындар үшін қосымша құн салығын қоса алғанда 1 Гкал үшін қазіргі қолданыстағы 4 122,1 теңгеден 3 916,0 теңгеге дейін немесе 5%-ға төмендеді, – деді БҚО Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті басшысының міндетін атқарушы Оралбек Құлмұрзин.
Сонымен қатар облыс тұрғын­дары үшін «Батыс Энергоресурсы» ЖШС-ның электрмен жабдықтау қызметі тарифі де төмендетілген. Қосымша құн салығын қоса есептегенде тариф қазіргі 1 кВт/сағат үшін 12,64 теңгеден 12,27 теңгеге дейін немесе 3%-ға төмендетілген.
Ақсай қаласының тұрғындары үшін «Ақсайжылуқуат» МКК-ның қызметтерінің тарифтерін төмендету келісілген. Жылумен жабдықтау қызметіне ҚҚС-мен есептегенде 1 Гкал үшін 4 016,68 теңгеден 3 735,5 теңгеге дейін немесе 7%-ға, сумен жабдықтау қызметіне ҚҚС-мен есептегенде 1 текше метр үшін 51,25 теңгеден 47,67 теңгеге дейін немесе 7%-ға, су бұру қызметіне ҚҚС-мен есептегенде 1 текше метр үшін 51,33 теңгеден 47,75 теңгеге дейін немесе 7%-ға тарифтер төмендетілді.
Мамандардын айтуынша, газдың бағасын түсіру қарастырылмаған. Өйткені биылғы 1 қаңтардан бастап газды тасымалдау бағасын 48 пайызға көтеру жоспарланған болатын, сондықтан Елбасының тапсырмасына сәйкес коммуналдық тарифтер 1 қаңтардан қолданыстағы деңгейде қалдырылды. Келесі төмендету субъектінің қалыпты жұмыс жасауына кері әсерін тигізеді және инвестициялық бағдар­ла­масының орындалмауына әкеліп соқтырмақ.
– Біз монополистерге ұсынымхат жолдап, онда төтенше жағдай кезінде берешегі бар тұрғындарға коммуналдық қызмет көрсетуді тоқтатпауды, желілерден ажыратпауды сұрадық. Коммуналдық қызмет көрсетуші мекеме-кәсіпорындар біздің ұсынысымызды қолдайды деген ойдамыз, – деді Оралбек Құлмұрзин.

Банктер бір апта несие бермейді

Батыс Қазақстан облысындағы екінші деңгейдегі банктердің жұмыс кестесіне өзгеріс енгізілді және олар жеке тұлғаларға уақытша қызмет көрсетпейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің айтуынша, өңірдегі екінші деңгейдегі банктер жұмысын тоқтатпайды. Тек 17-24 сәуір аралығында олардың жұмыс кестесіне өзгерістер ен­гізілген. Бір апта уақыт бойы об­лыстағы банктер сағат 9-00 мен 16-00 аралығында жұмыс істейді. Әлеуметтік төлемдер, атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы және тұрғындарға әлеуметтік көмек желісі бойынша берілетін төлемдер төлеу жұмыстары жалғаса бермек.
– Банктер заңды тұлғаларға қыз­мет көрсетуін тоқтатпайды. Тек жеке тұлғаларға уақытша қызмет көрсе­тілмейді, оларға бір апта бойы несие бермейді. Біздер банктерге «несие аламын деген жеке тұлғаларға қызмет көрсетуді бір аптаға тоқтатсын» деген талап қойып отырмыз. Банктердің филиалдарының барлығы жұмыс істейді. Мұның бәрі адамдардың жүрісін азайту мақсатында жасалып отыр, – деді спикер.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру