Валюта бағамы: $ 412.1 454.34 5.82 ¥ 57.62

Профессор Леспек ҚҰТЫМБЕТОВ: Қазақстан ғалымдарының мүмкіндігі ешкімнен кем емес

Төрткүл дүниені жайлаған CoviD-19 пандемиясын ауыздықтау әлемді алаңдатқан мәселенің үлкені болып отырған бүгінде вакцина әзірлеуге жұмылған ғалымдар еңбегінің жылт еткен жаңалығы – шартараптан ағылған ақпараттың алдыңғы нөпірінде. Қазақстанның вирусология саласындағы ғылыми қауымдастығы да осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Осы орайда Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты Аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Леспек ҚҰТЫМБЕТОВКЕ бірнеше сауалдар қойған едік.

– Леспек Бекболатұлы, алты айға жетер-жетпес уақыт ішінде әлемнің бар түкпіріне таралып үлгерген коронавирус індетіне қарсы еліміз ғалымдарының күш-жігер біріктіруі, яғни вакцинаны әзірлеу барысы қандай деңгейде?

 – Қазақстанда CoviD-19 атты коронавирус ауруы алғаш 13 наурызда тіркелді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының CoviD-19 пандемиясын жариялауына байланысты еліміздің вирусология саласында арнайы мамандандырылған ғылыми қауымдастығына осы індетке қарсы вакцина әзірлеуді тапсырды. Осы ретте Білім және ғылым министрлігінің 16 наурыздағы хатына сәйкес, вакцина жасау міндеті жүктелген екі бірдей іргелі ғылыми орталықтың, бірі – Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғы­лыми-зерттеу институты, екіншісі – Ұлттық биотехнология орталығы, ғалымдары осы бағытта зерттеу жұмыстарына кіріскен болатын. Осы екі мекеме ғалымдарының ой қуаты, білім-білігі мен күш-жігер біріктіруімен 23 наурыздан басталған зерттеу жұмыстары арнайы жасалған ғылыми-зерттеу бағдарламасы негі­зінде жүргізілуде. Содан бергі кезеңде жасалған жұмыстарға келсек, бүгінде ауру адамдардың биологиялық сынамаларынан репродуктивті вирус маймыл ағзасынан алынған арнайы жасуша өсіндісінде бөлініп алынды және ол қоздырушының биологиялық қасиеттері мен геномдық құрылым­дары зерттеліп, анықталу үстінде. Вакцина даяр­лауға арқау болатын векторлар таңдап алынып, оларды жасуша өсінділерінде көбеюге бейімдеу жүргізіліп жатыр. Тапсырма берілген екі ғылыми-зерттеу мекемесі мем­лекеттік бағдарлама бойынша 3 век­торлық және 1 суббірліктік немесе ақуыздық вакцина даярлайды. Соның ішіндегі 2 векторлық және 1 ақуыздық вакцинаны біздің институт құрастырады. Бұл вакциналардың барлығы – генетикалық-инженерлік әдістермен жасалатын құрылымдар. Қазіргі уақытта біздің ғалымдар вак­цинаның тасымалдаушы негізі болып келетін «векторларды» даярлап, оларды көбейтуші биологиялық субстраттарға бейімдеп жатыр. Ал, вакцина әзірлеу қай деңгейде десек, қазір біз алғашқы сатысындамыз деп айтуға болады. Өйткені қай ауруға болмасын вакцина даярлау – күрделі әрі жауапкершілігі жоғары үдеріс. Даярланатын вакцина түбінде адамға егілетін болғандықтан, оның залалсыз болуын және ауруға қарсы мықты иммунитет тудыруын қамтамасыз ету үшін зерттеулер мен сынақтар бар тұрғыда аса мұқият, жан-жақты жасалуы тиіс. Яғни ауру түрлеріне қарай қолданылатын вакциналарды даярлаудың әрқайсысының өз технологиясы бар, соған байланысты екпе түрін даярлау уақыты да әр түрлі болады.

– Жалпы, бұл күнде Қазақстан ғалымдарының түрлі ауруларға қарсы вакцина жасап шығарарлық мүмкіндігі қаншалық? Қазіргі әлемді алаңдатып отырған індетке қарсы отандық вакцина қашан дайын болуы мүмкін?

– Вакцина даярлау – көпқырлы, кешенді әдістемелерді қолдануды талап ететін ғылыми-ізденістік жұмыс. Осы тұрғыда қазіргі індет­ке байланысты тапсырыс алған біздің ғылыми мекемелеріміз ізденіс, зерттеу, құрастыру, сынау жұ­­мыстарын жоғары деңгейде жүргізе алатын бар мүмкіндікке ие. Ал, отандық ғалымдарымыз бен ма­ман­­дарымыздың вакцина жасау жолындағы ғылыми мүмкіндіктері мен тәжірибесі, білімі мен біліктілігі ешбір елден артық болмаса, кем емес. Еліміздегі вирусология саласындағы барлық білікті мамандар және Ресей­дегі кейбір атақты ғалымдар – біздің институттың түлектері екенін мақта­нышпен айтуға болады. Жалпы, вакциналарды даярлауда біздің институтымыз ғалымдарының шамамен 80 пайызы өз үлесін қосып келеді.

Үлкен елді мекендерден алыс орналасқан Биологиялық қауіп­сіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында ғалымдардың тиімді жұмыс атқаруы үшін бар­лық мүмкіндік жасалған. Зерт­ханалар барлық қажетті техни­калық жабдықтармен, құрал-саймандармен қамтамасыз етіл­ген. Бүгінде қолға алынған коронавирус қоздырушысын зерттеу жұмыстары қауіпсіздік ережелерін сақтауға ар­налған биологиялық қауіпсіздігі үшінші деңгейді құрайтын арнайы зертханада жүргізіледі. Зерттеушілер денсаулығына зиян келтірмес үшін қорғаныс киімдерімен және арнайы құрал-жабдықтармен толық көлемде қамтамасыз етілген. Мемлекет биыл ескірген құрал-жабдықтарды жаңалау үшін біршама қаражат бөліп отыр. Институттың өз емханасы, жастарға арналған жатақханасы, спорттық ойын-сауық өткізетін, футбол, волейбол ойнайтын алаңы бар. Қызметкерлеріміз қала типті елді мекенде тұрмысқа жайлы үйлерде тұрады.

Мекемеміздің үлкен елді мекендер мен мегаполистерден алыс орналасуы жүргізетін зерттеу­леріміздің ерекшелігіне байланысты. Ізденістеріміз көп бөлігінде қауіпті және аса қауіпті аурулардың қоздырушыларын зерттеуге және оларға қарсы биологиялық балау (диаг­ностика) мен алдын-алу дәр­мектерін ойлап тауып, құрастыруға арналған. Ғалымдарымыздың зерттеу­лерінің арқасында мекемемізде 60-тан астам биологиялық препараттар ойлап табылды. Олардың бірқатары мемлекеттің тапсырысымен кең көлемде өзімізде өндіріледі.

Вакцинаны әзірлеу барысын­дағы келесі зерттеу сатысында вектор­лардың гендік құрамына SARS-CoV-2 бөліп алынған ауру тудырғыш вирустың алдын ала сарапталған, иммунитет тудырғыш арнайы гендері енгізіледі. Бұл қатерлі вирустың иммунитетті қоздыратын ақуыздарын туындататын гендерін анықтап, бөліп алғаннан кейін жүргізіледі. Яғни вакциналар бірнеше топқа бөлінеді және олардың әрқайсысының даярлау жүйесін (технологиясын) құрастырып, сол бойынша жасап шығу мерзімі де әр түрлі болады. Мысалы, тірі вакцинаның даярлау жүйесін құрастыру үшін бірнеше жыл уақыт керек болса, «өлтірілген» немесе инактивтелген вакцина үшін бірнеше ай ғана қажет. Қажетті құрамалары мен техникалық жабдықтары даяр болған жағдайда, қазіргі күні генетикалық инженерлік-вакциналарды (вектор­лық, ақуыздық, геномдық) құрастыру үшін бірнеше айдың өзі жеткілікті. Әрине, зерттеу жұмыстарының қай сатысында болмасын жақсы нәтижеге жету – ізденуші ғалымның, оның көмекші әріптестерінің білім-біліктілігі мен тәжірибесіне және қолданысқа қажетті материалдармен уақытында, жеткілікті көлемде қамтамасыз етілуіне байланысты.

Дайын болған вакцина қолда­нысқа ену үшін бірнеше сатыдан тұратын сынақтардан өтуі қажет. Бұл талап – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қағидасы. Бірінші кезекте вакцина зертханалық жануарлар арқылы тексеріледі. Бұл ретте, ең алдымен вакцинаның залалсыздығына аса қатты назар аударылады. Екінші ретте оның ауруға қарсы туындататын иммундық қорғау қабілетіне, яғни дәрі-дәрмектің негізгі қасиетіне көңіл бөлінеді. Сондықтан вакцинаны жарыққа шығару мүмкіндігі осы негізгі қасиетінің басым болуына байланысты. Зертханалық сынақтан өткен соң «клиникаға дейінгі» деп аталатын тексеріс бар, бұл сынақ 2-3 ай уақыт алады. Осы сатыдан кейін негізгі – «клиникалық» деп аталатын, бірнеше деңгейден тұратын сынаққа түседі. Аталған сынақ сатыларының әр деңгейі 2-3 ай уақытты қажет етеді (бюрократиялық және басқа кедергілер болмаған жағдайда). Осылайша, вакцинаны күнделікті өмірде қолдану, тәжірибеге енгізу үшін кемінде бір жарым-екі жылдың шамасында уақыт кетеді. Вакцинаны барынша қысқа мерзімде жасап шығару ұйым­дастыру, қаржыландыру, қажетті құқықтық мекемелерден келісім алу жұмыстарының жеделдігіне байланысты болмағын айта кеткен жөн.

– Леспек Бекболатұлы, кейбір шетелдік ғалымдар коронавируспен ауырған адамдардың үйлерінде болып, олар ұстауы мүмкін деген есік тұтқаларын, баспалдақ таяныштарын зерттеп, ауру қоздырғышының өзі түгіл, ізін де таппағанын айтады. Осылайша, өз зерттеулеріне сүйеніп, бұл инфекция адамнан адамға жөтеліп, түшкірген жағдайда, яғни тыныс алу жолдары арқылы ғана жұғады деген қорытындыларын алға тартуда әлемдік ақпаратта. Бұған қаншалықты сенуге болады?

 – Әрине, ауру адам есік тұтқасын иә баспалдақ таянышын ұстағанда онда вирустың қалу ықтималдығы аз. Алайда адам түшкіргенде, жөтелгенде аузы-мұрнын ұстайтыны сөзсіз, сосын есікті ашқанда, бас­палдақпен көтерілгенде қолымен ұстаған жерде вирус қалатыны анық. Вирус бір адамнан мыңның біріне жұғатын болса, ол – инфекция. Осы жерде хал­қымыздың санитарлық тазалық тұрғысында қалыптасқан қандай керемет әдет-ғұрпы бар екенін атап өткен жөн. Мәселен, да­ладан келгенде қол жумай дастархан басына отырмайсың, ас ішкен соң қол-аузыңды шаймай, сыртқа шықпайсың. Тазалықтың осындай әліппесін әрбір дала перзенті әу бастан бойына сіңіріп өседі. Небір індеттер адамзатты жалмаған замана көшінде «мың өліп, мың тірілген» халқымыз өзінің ғасырлар сүзгісінен өткен тазалық қағидаттарын негізге ала отырып, жаңа замандағы бұл сынақты да лайықты еңсеретіндігіне сенімдіміз.

– Әңгімеңізге рахмет, ғылыми ізде­ністеріңіз табысты болсын!

Сұхбатты жүргізген

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру