Валюта бағамы: $ 412.1 454.34 5.82 ¥ 57.62

Шағын және орта бизнес: Медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден босатылды

Әлемдік экономикадағы күрделі жағдайға және коронавирус пандемиясына байланысты елімізде дағдарысқа қарсы шаралар кешені қабылданып, төтенше жағдай кезінде мемлекет кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бірқатар шараларды қолға алып отыр.

20 сәуірдегі үкімет қаулысына сәйкес, бірқатар кәсіпкерлік нысандары салық пен әлеуметтік төлемдерден босатылды. Осы ретте шағын және орта бизнес нысандары биылғы жылдың 1 қазанына дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерін төлеуден босатылды. Сонымен қатар, ірі бизнес субъектілерінің бірқатары шілденің біріне дейін жарна төлеу міндетінен босатылатын болды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Мәліметке сүйенсек, үкімет бекіткен салық пен әлеуметтік төлемдерден босатылған шағын және орта бизнес нысандарының қатарында сауда-саттық, көлік тасымалы және техникалық қызмет көрсету нысандары, білім беру орындары, медицина, туризм мекемелері, мейрамхана-қонақ үй және ойын-сауық саласы, бағдарламалық қамсыздандыру, фитнес нысандары бар. Жалпы, осы кезеңде бір миллионға жуық жұмыскер сақтандыру жарнасын төлеу міндетінен босатылды екен.
Сонымен қатар, жеңілдікке жеке кәсіпкерлер де ілігіп отыр. Атап айтқанда, кәсіпкерлер қара­мағындағы қызметкерлер үшін сақтандыру төлемдерін төлеу міндетінен босатылды. Бірақ жеке кәсіпкерлік нысанының иесі ретінде өзі үшін жарна төлеуі қажет. Дегенмен олар үшін жарна төлеу мерзімі биылғы жылы маусымның біріне дейін шегерілді. «Төтенше жағдай кезінде кәсіп­керлерді қолдау мақсатында ел­мізде осындай шаралар қолға алынып отыр. Жоғарыда аталған субъектілер жұмыс беруші ретінде аударым (жалақының 2%) жасауды тоқтатады. Сонымен қатар, жалдамалы жұмыскерлер жалақысынан да жарна ұстамайды. Алайда, бұған қарамастан, олардың бәрі де міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді қажетінше пайдалана алады», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Ал, үкімет қаулысына енбеген бизнес нысандары жеңілдіктерді пайдаланып, жарналар мен аударымдарды 1 маусымнан кейін төлей алады.
Алматы қалалық филиал басшысы 1 қазанға дейін жарна төлемегені үшін жинақталатын қарыз жайын да түсіндірді. Жарналар мен аударымдарды осы уақыт аралығында толық тоқтатып тастауға заң бойынша мүмкіндік болмағандық­тан, Медициналық сақтандыру қоры бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр. «Қазір бизнес өкілдері үшін оңай болмай тұрғаны белгілі. Қор осындай қиын шақта халыққа қолдау көрсету мақсатында жарна төлеу міндетінен «босатылғандардың» атына қарыз жинақталуына жол бермейтін арнайы құқықтық норма енгізу туралы бастама көтерді. Қазір осы өзгертулерді заңдық тұрғыда негіздеп, бекіту жұмыстары жүріп жатыр, алдағы уақытта үкімет қарауына беріледі», – деді Нұрлыбек Қабдықапаров.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру