Валюта бағамы: $ 412.1 454.34 5.82 ¥ 57.62

Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер қажет

Қазақстан футбол федерациясы Азия елдерiнiң футбол бiрлестiгiнен шығып, УЕФА-ның құрамына кіргенінен берi 18 жыл өттi. Бұл аз уақыт емес. Қазақстан футбол федерациясы 1994 жылы ФИФА және АФК-ға мүше болды. Сосын 2002 жылы УЕФА-ға ауысты. Дегенмен, бiздiң құрама сол кезде басталып, 2004 жылы Португалияда финалдық кезеңі болып өткен құрылықтық чемпионаттың iрiктеу ойындарына iлiкпей қалды. Өйткенi олардың кестесi бiздiң футбол Еуропа құрылығына ауысқанша жасалып қойған екен.

Сондықтан Қазақстан құрама­сы ресми жарыстарда өз күшiн көрсету мүмкiндiгiне тек 2006 жылы Германияда өтеді деп белгі­ленген әлем чемпионатының iрiктеу ойындарына қатысуға жол ашыл­ғанда ғана ие болды. Бүгінде біз әрі қарайғы жағдайдың қалайша қалып­тасқанынан хабардармыз. Сол өткен он сегіз жылдың барысында біздің құрама Еуропадағы тұрақты аутсайдер ұжымдардың біріне айналды. Ол әлі бірде-бір рет әлемдік және құрлықтық чемпионаттардың финалдық турнир­леріне қатысқан жоқ.
Ал 2004 жылы Қазақстан құрамасының УЕФА сапындағы премьерасы басталғанда, әлі үміт зор болатын. Құрамында одан басқа Дания, Грекия, Түркия, Албания, Украина және Грузия командалары бар ол iлiккен екінші топты ең мықты топ деуге келмейтін еді.
Өйткенi онда 1992 жылғы құры­ықтық чемпионатта жеңiске жеткен даниялықтар мен алдында өткен 2004 жылғы сондай чемпионатта бірінші орын алған гректер, 2002 жылғы әлем бiрiншiлiгiнде үшiншi орынға ие болған түрiктер бар болды дегенмен, жалпы ұзақ мерзiмдiк тұрғыдан алғанда футболда атағы бұрыннан гүрiлдеп шығып жүрген елдер жоқ болатын. Басқаша айтқанда, аталған алты құраманың алтауы да Еуропа футболының грандтары (яғни ұлылары) қатарына ол кезде жатпайтын. Қазір де жатпайды.
Дания, Грекия мен Түркия коман­да­лары бүкiл жиырмасыншы ғасыр бойы дерлiк осы құрылықтағы аса қауқарлы деп атауға келмейтiндердiң қатарында болған. Басқаша айтқанда, олар көпке дейін биіктен көріне алмай жүрді. Бірақ осы аталған үшеуі бірте-бірте ширап, жетіле берді де, ақыры ауыз толтырып айтуға жарайтындай жетістіктерге қол жеткізді.
Даниялықтар 1980-ші жылдардың орта шеніне таман тым жақсы ойыны­мен көзге түсе бастады. Бірақ олардың 1992 жылы Еуропа чемпиондары атануы кездейсоқ жағдайдың нәтижесінде ғана мүмкін болды. Сол жолы Дания құрамасы іріктеу тобынан ақтық жарысқа жолдама алып шығуға да жарамаған. Бірақ саяси шешімдерге бола сондай мүмкіндікті жеңіп алған Югославия командасы дисквалификацияға ұшырады да, олардың орны даниялықтарға берілді. Осылайша күтпеген жерден ақтық жарысқа жіберілген Дания құрамасы онда бірінші орынға қол жеткізіп, құрылық чемпионы атанды.
Ал қазір сол даниялықтармен күші шамалас деп есептелетін гректер мен түріктер кейiнгi кезге дейiн Германия, Италия, Англия, Франция, Голландия және Испания сияқты елдердiң құрамаларына қарсы ойнағанда, мардымды түрде қайрат көрсете алмайтын. Тек XXI ғасырдың алғашқы онжылдығы барысында ғана грек және түрiк футболының аты шыға бастады. Бiрақ футболда беделдi саналу үшiн ұзақ уақыт бойы ең жоғары биiктiктерден көрiне бiлу керек. Осы тұрғыдан қарағанда, Греция мен Түркия футболының нағыз даңқы шығар кезi әлi алда деуге болады.
Албания командасы Еуропа және әлем чемпионаттарына баяғыдан бері қатысып жүр. Бірақ кез келген іріктеу жарысында ол өз тобының аутсайдеріне айналады. Қазақстан құрамасы алғашқы рет қатысқан УЕФА сапындағы топтық іріктеу додасында Албания командасы осы деңгейден онша аса алмағанмен, өзінше мінез көрсетуге жарады. Ол аутсайдер болып қалған жоқ. Бұрындары үйреншікті түрде оның еншісіне тиетін топтағы соңғы орынды сол жолы 12 ойында 1 ғана ұпай жинаған Қазақстан құрамасы иеленді. Сонымен, біздің команданың УЕФА ауқымындағы алғашқы жарысқа қатысқанда қол жеткізген нәтижесі осындай болды.
2006 жылдың басында голландия­лық маман Арно Пайперс құраманың менеджері (бас жаттықтырушысы) болып тағайындалды. Оның қол астында болған кезде ұлттық команда елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Ол ЕУРО-2008 іріктеу додасы барысында 14 матч өткізіп, оның екеуінде жеңіске жетіп, төртеуінде тең түсті. Нәтижеде 8 құраманың ішінде 6-шы орынға ие болды.


2010 жылғы әлем чемпионатының Еуропа ауқымындағы іріктеу додасы Қазақстан құрамасы үшін сәтсіз басталды. Осының салдарынан Арно Пайперс қызметтен босатылды да, орнына неміс маманы Бернд Шторк келді. Бұл жаттықтырушы да құраманы айтарлықтай нәтижелерге жеткізе алмады. Оның қол астында болған кезде ұлттық команда бірнеше рет ірі жеңіліске ұшырады. 2011 жылы Мирослав Беранек құраманың менеджері (бас жаттықтырушысы) болып тағайындалы. Чех маманы­ның арқасында ұлттық команданың ойыны аздап болса да жүйеге келіп, дұрыстала бастаған еді. Бірақ 2013 жылы құрамадан ол да кетті. Одан кейін келген Юрий Красножан, Талғат Байсуфинов, Александр Бородюк секілді бапкерлер де айтарлықтай табысқа қол жеткізе алмады.
2018 жылдың наурызында құра­маға болгариялық маман Станимир Стоилов келді. Стоиловтың кезінде құрама қатысқан жалғыз ресми турнир УЕФА Ұлттар лигасы болды. Қазақстан командасы Андорра, Грузия, Латвия құрамаларымен Д лигасында бір топқа түсіп, екінші орында қалды. Бұл нәтиже қанағаттандырмаған болса керек, 2019 жылдың басында Стоилов қызметтен өз еркімен кетті. Орнына тағы бір чех маманы – Михал Билек келді.
Оның басқаруымен Қазақстан құрамасы 2019 жылы ЕУРО-2020 іріктеу додасына қатысты. Команда бұл турнирді Шотландия құрамасын Астанада 3:0 есебімен ойсырата ұтып керемет бастады. Бірақ осы екпінді қарқынды жалғастырудың реті болмады. Өткен жылы 24 наурыз күні Қазақстан құрамасы Астанада Ресей командасынан 0:4 есебімен ұтылып қалды. Бұдан кейін оның онша жолы болмады. Қазақстанның тек Сан-Мариноға ғана тісі батты. Дода нәтижесінде құрамамыз алты команданың ішінде тек бесінші орынға табан тіреді.
Үстіміздегі жылы ақпан айында ФИФА рейтингі жарияланған. Қа­зақ­­станға онда 118 орын берілген. Бұрынғы КСРО республикаларының ішіндегі осы тізімде бізге ілесуге ғана жараған – тек Тәжікстан, Түрікпенстан, Литва, Латвия мен Мол­давия. Қалғандары бізден озған екен. Украина – 24-орында. Көрші Өзбекстан – 85-орында. Ал Белоруссия – 87-орында, Грузия – 91-орында, Қырғызстан – 96-орында, Армения – 102-орында.
Жалпы Украина мен Грузия фут­бол­шылары туралы айтатын бол­сақ, олардың атының халықаралық деңгейде Кеңес Одағы тарардан бiраз бұрын танылғанын мойындауымыз керек. Уақытында құрылықтың ең үздiк футболшысы атанған Олег Блохин бастаған Киевтiң «Динамо» командасы 1975 жылы УЕФА-ның Кубок иегерлерi кубогын жеңiп алды. Сонан соң Еуропа чемпиондары кубогының жеңiмпазы атанған Мюн­хеннiң «Бавариясымен» кездесiп, одан басым түсiп, құрылықтың ең үздiк командасы атағын жеңiп алды. Бұндай мәртебеге КСРО-ның 74-жылдық тарихында ешбiр басқа футбол клубы ие бола алған жоқ.
Ана бір жылы қазіргі Ресей Фе­де­ра­циясының атынан УЕФА кубогын ұтып алған ЦСКА клубы Еуропа чемпиондары кубогының иегерi мәртебесіне қол жеткізген Англияның «Ливерпулiмен» Еуропа­ның ең үздiк клубы аталу жолын­да бәсекеге түскен болатын. Бұл ойын Монакода өткен. Бiрақ ресейлiктер украиндардың содан отыз жыл бұрын қол жеткiзген жетiстiгiн қайталай алмады. Қосымша уақыт барысында олар ағылшындардан ұтылып қалды.
Бiрақ жалпы алғанда, бүгiнгi таңда Ресей құрамасы Украина құрама­сынан мықтырақ болып есептеледi. Ол әлем чемпионатының да, Еуропа бiрiншiлiгiнiң де iрiктеу сындарынан өте алатынын қайта-қайта көрсетіп жүр. Бұрынғы КСРО-ның бүгiн тәуелсiз мемлекеттер болып табылатын бiрде-бiр басқа республикасына осындай жетістіктерге ие болу бұйырмапты. Дегенмен, украиндар мен грузиндер постсоветтік кеңістік ауқымындағы ресейлiктерден кейiнгi ең мықты футболшылар болып табылады. Украина мен Грузиядан шыққан теңбiл доп шеберлерi Италия мен Англия сияқты елдердiң ең үздiк клубтарында өнер көрсетедi. Ал олармен iрiктеу тобы құрамында сайысқа түсiп жүрген Қазақстан командасында тiптi Ресейдiң жоғары лигасында ойнау мәртебесiне ие болған ойыншылар жоқтың қасы.
Сондықтан қазақстандықтардың гректер мен түрiктерге ғана емес, украиндар мен грузиндерге де сырт алаңда түгiлi, өз алаңында да ұтыла­тынына таңданудың қажетi жоқ болар.
Бiрақ футболымыздың Азиядан Еуропаға ауысқаны барысының қорытындыларын енді шығара беруге болатын сияқты. Әзiрше қолда бар нәтижелердiң бiрде-бiрi осы қадамның игi болғанын дәлелдей аларлықтай емес екенi айдан анық.

Сабыржан ЕСТЕКБАЕВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру