Валюта бағамы: $ 412.1 454.34 5.82 ¥ 57.62

Тұрғын үй: Құрылысқа бағытталған қосымша қаражат қалай бөлінді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде қолжетімді тұрғын үй құрылысы экономиканы дамытудың, жұртты жұмыспен қамтудың, әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызды факторы болуға тиіс екенін атап өтті. Осы орайда Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй құрылысына бағытталған қосымша қаражаттың қалай бөлінетінін айтып берді.

Үкімет дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру аясында жұмыс­пен қамтуды және әлеуметтік-эконо­микалық тұрақтылықты қолдау үшін 5,9 трлн теңге бөлді. Оның ішінде тұрғын үй құрылысына 390 млрд теңге бағытталды. Қайырбек Өскенбаев бұл қаражат «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталатынын атап өтті. Қазіргі таңда бұл қаржы сомасының 180 миллиардын Ұлттық банк «Бәйтерек» холдингі арқылы барлық өңірлерге бөлген. Осы тұрғыда басталған тұрғын үйлер құрылысы биылғы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Ұлттық банк «Бәйтерек» хол­дингіне кезекте тұрғандарға несиелік тұрғын үй салуға қосымша 210 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Аталған қаражат кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін тұрғын үй несиесімен қамтамасыз етуге арналған «5-10-20» жаңа жобасын іске асыруға бағытталады. «Барлық қаражат қайтарымды. Ұлттық банк «Бәйтерек» холдингіне жылдық 4% мөлшерлемемен береді, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде кезекте тұрғандарға қарыз жылдық 5% мөлшерлемемен беріледі. Пилоттық жоба биыл іске асырылады», – деді Қ.Өскенбаев.
Брифинг барысында қойылған ком­муналдық қызмет шығындарын өтеу турасындағы сұрақтарға орай Қ.Өскенбаев: «Карантин енгізілген елді мекендерде азаматтарды қолдау мақсатында коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу туралы шешім қабылданды. Ол үшін республикалық бюджетте жалпы сомасы 49,3 млрд теңге қаражат қарастырылған», – деді.
Осы төлемдерді алу үшін халық­тың әлеуметтік әлсіз тобынан 7 санат анықталған. Атап айтқанда, коммуналдық қызметтер төлемін өтеуге құқығы бар тұлғалар санаттары: 1, 2, 3 топ мүгедектері; Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, оларға теңестірілген тұлғалар; мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; көпбалалы отбасылар; төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер; мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары; атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар.
Ведомство өкілі атап өткендей, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы билік органдарынан осы санаттарға жататын адамдардың тізімін алған. Бұл – 1,6 миллион отбасы. «Барлық қажетті рәсімдер мен құжаттар қабылданды. Осы аптадан бастап бұл қаржы ресурстары жергілікті атқарушы органдарға беріледі және осы коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу басталады. Мен халықтан байбалам салмауды сұраймын. Себебі, карантин жарияланған барлық елді мекендерде наурыз немесе сәуір айларына қарамастан, екі айлық коммуналдық қызметтер төленеді деген шешім қабылданды. Бұл ‒ 1-30 сәуір және 1-30 мамыр аралығы. Алынған қаржы ресурстары сіздердің жеке шоттарыңызға аударылады және сіз осы екі айда коммуналдық төлемдерді төлей аласыз», –деді Қ.Өскенбаев.
Айта кетейік, коммуналдық қыз­мет­тер бойынша өтемақы алушылар міндетті түрде тұрғын үйдің меншік иесі болуы тиіс.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру