Валюта бағамы: $ 412.1 454.34 5.82 ¥ 57.62

Жеңістің 75 жылдығына арналды

Ә.Қастеев атындағы музейде Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына арналған виртуалды көрме өз жұмысын бас­тады. Бұл көрменің негізін қазақстандық және кеңестік суретшілердің майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне және олардың ерлік істеріне арналған туындылары құрады. Көрмеде Қазақстан бейнелеу өнері, сондай-ақ Шетел өнері қорының кескіндеме, графика және мүсін шығармалары көрермендерге ұсынылды.

Күн өткен сайын Ұлы Отан соғысы туралы естеліктер тарихқа айналып, мерекелік саптағы ардагерлер қатары да азайып барады. Жылдар жылжып жатыр, өкінішке қарай, ардагер суретшілерден санау­лы ғана қалды. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстан Суретшілер одағының 50-ден астам мүшесі майданға аттанып, олардың кейбірі жараланып, жүйкелері за­қымданды. Ал, суретшілердің көбісі Отан алдындағы борышын өтеп, майдан даласында қаза тапты. Алайда, олардың өнері өздерінің туындыларында өмір сүруді жалғастыруда. Майданда қаза тапқандарды біз құрметпен еске аламыз. Олардың арасында Л. Гербановский (1912-1944), Е. Евдаков (1913-1941), Д. Елькин (1907-1941), А. Заковряшин (1899-1945), А. Ильин (1915-1941) және А. Ташбаев (1915-1941) бар.
Көрмеде өздерінің әскери міндетін адал өтеп, ұрыста көрсеткен ерліктері мен қа­һар­мандықтары үшін медальдармен және ордендермен мара­патталған, көпшілігі жарақат алған сурешілердің еңбектері орын алған. Олар­дың үлесіне тиген соғыстың сұрапыл күндері мен қиын-қыстау жағдайларды баяндайтын соғыс тақырыбы бейбіт өмірге араласқаннан кейін ұзақ уақыт бойы олардың шығармашылығынан орын алды. Олар көргендері мен басынан кешкендерін қағазға түсіруді болашақ ұрпақ ал­дындағы борышы деп санады. Дегенмен де, соғыс олардың туған өл­кесінің табиғаты мен бейбіт өмірдің сұлулығына деген құштар­лық­тарын арттыра берді.
Виртуалды көрмеде, оның ішінде Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ Шетел өнері қорынан туындылар, Балтық жағалауы, Беларусь, Украина, Орта Азия, Ресей – Кеңес республикаларының кескіндеме және графика туындылары да ұсынылған.
Бұл ұмытылмас уақыттың оқиғаларын жеке басынан өт­керген, ұрыстарға қатысқан, өмір бойы Ұлы Отан соғысы жыл­дарын сезінген және есіне сақтаған бейнелеу өнері шебер­лерінің шығармалары ерекше құнды. Олардың ішінде: Глазунов И., Ресей (КСРО Халық суретшісі), Васин В., Ресей (РСФСР Еңбек сіңірген су­ретшісі, ҰОС қатысушы), Кунца Р., Литва, Таңсыкбаев О., Өзбекстан (КСРО халық су­ретшісі), Урбанавичюс Э., Литва, Алексеев А., Ресей (РСФСР Еңбек сіңірген суретшісі, ҰОС қатысушы), Бибиков В. Ресей (РСФСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҰОС қатысушы), Горелов Р. Ресей (ҰОС қа­тысушы), Дударенко Л., Белоруссия және басқалары.
Соғыс жылдарындағы көркем әлемде графика өнеріне ерекше орын берілді. Үгіт-насихат пен патриоттық плакаттар, көмірмен немесе қарындашпен салынған суреттер халыққа дем беретін, шабыттандыратын және жанашыр болған барлық азаматтардың, әскерилердің бет-әлпетін, жауынгерлік көріністерге жылдам жауап қайтаруға және суреттеуге мүмкіндік береді. Васильев О. «ҰОС күндері» (1957), А. Алексеевтің «Мәскеу 1941» топтамасының графикалық парақтары, Р. Гореловтың «Кремль шабуылы» (1957), В. Линкор Бибиковтың Оңтүстік айлақтағы «Севастополь» (1947) ауыр соғыс шайқастары бейнеленген. Суреттер соншалық­ты шынайы болғандықтан, көрермен зеңбіректердің жарылысы мен шайқасып жатқан­дардың дауысын ести алады. Суретші Д. Дмитриевтің «Азамат соғысына» (1957) автобиографиясы және А. Алексеевтің «Шығарып салу» (1967) – майданға аттанған сарбаздардың үй-ішілерімен қоштасуының лирикалық көрінісін жеткізеді.
Соғыс жылдарының тарихи жадын сақтау, бұл әрқай­сы­мыздың борышымыз. Қиын кезеңдегі оқиғалардың ше­жіресі, бүгінде кинематографияда, фотоматериалдарда және әрине соғыс батырлары­ның портреттерін мәңгілікке қалдырған суретшілердің туындыларында, шығарма авторын алаңдатқан сезімдер мен ойлар сол қиын кезеңнің деректі куәгері болып қалады. Бірақ, көктеммен бірге әр үйге, әр отбасына Жеңіс күні келеді. Бүгін біз соғысқа арналған суретшілердің туындыларына қарап, оларды жасаған адамдар мен олардың кімдерге арналғаны туралы риза­шылықпен ойлаймыз, өйткені бұл туындыларда Отан бейнесі, батыр халықтың бейнесі барлық қырынан көрінеді.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру