Валюта бағамы: $ 412.1 454.34 5.82 ¥ 57.62

Президент Тоқаев: Қытай – Қазақстанның аса ірі серіктестерінің бірі

Тарихи тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстан мен Қытай қашаннан бергі іргелес көршілер болып табылады. Ал жаңа кезеңде екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 3 қаңтардан бастап қалыптасты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы қыркүйек айында Бейжің қаласында болып өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-шы отырысында сөйлеген сөзінде былай деді: «Қытай – Қазақстан­ның сыртқы сауда және экономика са­ласындағы аса ірі серіктестерінің бірі. Мұның айқын дәлелі – елдеріміз арасындағы сауда айналымы былтыр 11,4 пайызға артып, 12 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстанға 20 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Біз бүгінгі Іскерлік кеңестің 6-шы отырысын екі ел арасындағы іскерлік және инвестициялық әріптестіктің зор әлеуетін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды шара деп есептейміз».
Физикада массасы үлкен дене өзіне массасы кішкене денені тартады деген түсінік бар. Бұл экономикалық географияға да тән құбылыс болса керек. Мәселен, Ресеймен жүздеген жылдар бойы бір мемлекетте болған тарихы бар Украинаның өзі Мәскеу ұсынатын Еуразиялық экономикалық одақ идеясына онша қызықпай, ақыры Еуропалық Одақ құрамына кіруге ынтығып отыр.
Өйткені, ол жақтың жалпы эконо­микасының көлемі 18,8 триллион доллардан асады. Ал Ресейдікі – 1 триллион 640 миллиард доллардың айналасында ғана. Ал картада алақандай ғана болып көрінетін Оңтүстік Кореянікі бұдан аз ғана кем – 1 триллион 630 миллиард доллар шамалас.
Сол сияқты Қазақстан экономикасын қазірдің өзінде Қытай экономикасы Ресей экономикасынан гөрі қаттырақ тарта бастады. Әзірге бұл процестің қарқынды дами бастауын тежеңкіреп отырған екі тарихи жайт қана бар. Бұл – біріншіден, Қазақстан экономикасы мен Ресей экономикасының бұрыннан келе жатқан тығыз байланыстары. Екіншіден, Қытай Халық Республикасының біздің елімізбен қаптарлас аудандарының кейінгі уақытта ғана дұрыстап дами бастағаны.
Бірақ бұл екі жайт та ендігі жерде өзінің маңызын бірте-бірте жоғалта бастамақ. Өйткені Ресейдің Қазақ­станмен шектес Сібір аймағындағы облыстарының өзі қазір Қытай экономикасымен тығыз қарым-қатынас орната бастады. Бұны бір деңіз.
Екіншіден, ҚХР басшылығы қазір елдің батыс бөлігіндегі аудандарды дамытуға көп күш жұмылдырып жатыр. Бұл туралы «Батыс Қытайдың әлеуметтік және экономикалық атласы» («A Social and Economic Atlas of Western China», Compiled by Jin Fengjin and Qian Jinkai, China Intercontinental Press) деген жинақтың оқырмандарға арналған алғысөзін жазған Қытай Ғылым Академиясының академигі Чень Шупень былай дейді: «Батыс Қытайды дамыту – Қытай Ком­мунистік партиясы Орталық Ко­митеті мен Мемлекеттік Кеңесінің жаңа ғасырға арнап дайындаған стратегиялық бағдарламасы». Бұл стратегия қазірдің өзінде қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр.
Иә, осы мемлекеттiң Еуропа және КСРО мен ТМД ауқымындағы байырғы түсiнiктерге негiзделген бiздiң санамызға таң көрiнетiн бiр ерекшелiгi осындай. Ондағы дамыған аймақтар батыста емес, шығыста ор­наласқан.
Ал мемлекеттiң қазба байлық­тары, ормандары мен гидроэнергетика ресурстарының басым бөлiгi дамуы жағынан кейiнде қалған болып есептелетiн батыс аймақтарда шоғырланған.
Бiздiң елiмiз құрамынан кеше ғана шыққан, бұрынғы патшалық Ресей мен кейiнгi КСРО ауқымында, аз ұлттардың басым бөлiгi шығыс пен оңтүстiк жақта орналасқан болса, Қытайда ондайлар, керiсiнше, батыс пен солтүстiк жақта орналас­қан. Басқаша айтқанда, бәрi тура керiсiнше.
Уақытында патшалық Ресей мен КСРО экономикалық даму барысын батыстан шығысқа қарай таратса, қазiр Қытай тап сондай үрдiстi шығыстан батысқа қарай қарқындата дамытып жатыр. Және де ҚХР үкiметiнiң «Батысты дамыту саясаты» деп аталатын бағдарламасы қамтитын Қытай Батысы дейтiн атау жалпылама кеңiстiк­тi емес, тура нақты географиялық және саяси-экономикалық аумақты бiлдiредi.
Ол бір муниципалитеттен, алты провинциядан және үш автоно­миялық ауданнан тұрады. Олардың жалпы көлемi 5,4 миллион шаршы километрдi құрайды. Бұл дегенiңiз – бүкiл Қытай Халық Республикасы жерiнiң 56 пайызы немесе жартысынан астамы. Осыншама ғаламат кеңiстiкте 280 миллион адам тұрады. Бұл – ҚХР халқының 23 пайызы. Яғни төрттен бiрiне де жетпейдi. Бұл – Қытай мемлекетінің стратегиялық резерві.
Ол елдің батыс провинцияла­рының, оның ішінде, мәселен, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының экономикалық даму жағынан Орталық Азияның барлық мемлекеттерінің алдына шығуы көптен күтілген. Бұл қазірдің өзінде жүзеге асты десе де болады. 2018 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының жалпы ішкі өнімі 1,2 триллион юаньді немесе шамамен 174,7 миллиард долларды құрады. Ал Қазақстандікі сол уақытта 170,5 миллиард доллар болды.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру