Валюта бағамы: $ 412.1 454.34 5.82 ¥ 57.62

«Самұрық-Қазына» экономиканы қалай қолдауда?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында экономикалық белсенділікті қалпына келтіру құралы ретінде сатып алуды сауатты пайдалану қажеттігін атап айтты. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қазіргі жұмысы осы басымдықта жалғасуда.

Жоспарланған өнімдерге дағдарыс кезінде ұзақмерзімді тапсырыс беруді қамтамасыз етудің тиімді құралы – оффтейк келісім-шарттар.

Ендеше отандық бизнес­ке ауыртпалық әкелген пандемия жағдайында импортты алмастыру бағдарламасы мен осындай тиімді тетіктерді қолдану үрдісі одан әрі күшейе түсуі тиіс. Жергілікті өндірушілерді қолдау үшін Қордың компаниялар тобы тұрақты сұранысқа ие, бірақ елде өндірілмейтін тауарлардың шоғырын қалыптастырғаны мәлім. Басқарма төрағасының орынбасары Әлішер Пірметовтің айтуынша, бұл ті­зімге жалпы көлемі ұзақмерзімді қажеттілікпен 200 млрд теңгені құрайтын 1200-ден астам тауар енген. Келісім-шарттың стандартты түрі Қазақстан қаржыгерлер ассоцияциясымен, Халық банкпен және Bank RBK-мен келісілген. Мұндай келісім-шарттар банктермен сенімді тұрақты кепіл ретінде қабылданады. Қазіргі уақытта Қор машина жасау, химия және телекоммуникациялар саласындағы 37 жобаны мақұлдады. Оларға жоспарланған инвестициялардың көлемі – шамамен 218 млрд теңге, сонымен бірге жобалар 2000-дай жаңа жұмыс орнын құруды қарастырады. Бұдан басқа, Қордың қоржындық компаниялары 22 млрд теңгеге 35 келісім-шарт жасасты. Атап айтқанда, Қор инвестициясы 65 млрд теңге болатын метанол зауытының құрылысын, сондай-ақ 821 миллион теңгенің инвестициялары бар энергетика саласында қолданылатын электрсүзгі элементтерін шығару жобасын қолдады. «Оффтейк-келісім-шарттар механизмінің арқасында Қор елімізде жаңа өндірістер құруға қолдау көрсетті. Егер бұрын компаниялардың қаражаттары шетелге шықса, бүгінде олар еліміздің экономикасы үшін жұмыс істеп, жұмыс орындарын құру мен сақтап қалуға септігін тигізіп жатыр», – деді Ә.Пірметов.
Қазіргі күні қазақстандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында компаниялар тобының сатып алулары нақты жеңілдіктермен қолжетімді бола түсті. Мысалы, тауар өндірушілер тендерге өтінімді және келісім-шарттарды енгізуден босатылды, сатып алу мерзімі 41 емес, 31 күнге өзгеріп, оларға қатысу үшін баға ұсыныстарын сұрату 20 күннен 16 күнге дейін қысқарды. Тендер бойынша құжаттар көлемі 12 күннен 9 күнге дейін, баға ұсыныстарын сұрату 6 күнге дейін азайды. Президент тапсырмаларын негізге ала отырып, төтенше жағдай талаптарына байланысты айыппұл санкциялары мен бизнеспен шарттық міндеттемелерді орындамағаны үшін сенімсіз жеткізушілер тізіміне енгізу тоқтатылды. Сатып алу стандартында қазақстандық материалдар мен жабдықтарды жобалау-сметалық құжаттаманы жасау кезінде қолдану міндеттелді. Бұл нормалар бұзылған жағ­дайда айыппұл санкциялары салынады. Сонымен қатар Қор компанияларына 500 млн теңгеге дейін сатып алу кезінде жұмыс орындарын сақтау жөніндегі меморандумдар – келісімдер жасауды пысықтау тапсырылды. Қазір қызметкерлердің қысқаруына жол бермеу жөнінде бизнес міндеттемелері бар 800-ге жуық келісімге қол қойылған. Сатып алу жеңімпаздары 163 компания жаңа жұмыс орындарын құру бойынша міндеттемелер қабылдады.
«Самұрық-Қазына» қорының сатып алу жүйесіне белсенді түрде енгізіліп жатқан оффтейк шарттар механизмі отандық бизнеспен ынтымақтастықты тың деңгейге көтеруге, қосымша жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ жаңа өндіріс түрлерін игеруге мүмкіндік береді. Қор компаниялары негізгі тапсырыс беруші ретінде экономиканың сауда, қызмет көрсету және өнеркәсіп секторларының едәуір бөлігін жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сатып алу шарттары отандық кәсіпкерлер үшін үнемі жақсартылу үстінде. Енді бүгінгі ел экономикасындағы дағдарысты сәтте бизнес жауапты қадам жасайтын кез келді. Бұл ретте келісімдік шарттарды орындау ғана емес, сонымен бірге жұмыс орындарын да сақтау өзекті. Сондықтан компаниялардың бірінші басшыларының барлық орынбасарларына қазақстандық үлесті қамтамасыз ету жөнінде KPI орнатылған. Оның ішінде қарапайым заттар экономикасы салалары бойынша отандық тауар шығарушыларды қолдау бар. Ағымдағы жылы олардың үлесі өткен жылғы 75%-тен 94%-ке дейін өсті. Компания тобының сатып алу жоспары 2020 жылы 2,8 трлн теңгені құрап, 78%-ке немесе 2,2 трлн тенгеге орындалды. Өткізілген сатып алу қорытындысы бойынша 98 млрд теңге үнемделді.

Ботагөз Әбдірейқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру