Валюта бағамы: $ 412.1 454.34 5.82 ¥ 57.62

Шаһарға шын жанашыр басшы келсе игі

Қай деңгейде болмасын жаңа басшы қызметіне кіріскенде, жұртшылық оның қаншалықты іскер, қандай жақсы қырымен таныларын күтері хақ. Еліміздің батыс өңіріндегі бір де бірегей облыстың басты қаласы – Ақтөбеге Асхат Шахаров әкім болып тағайындалуымен көпшілік оған үлкен үміт артып отырғаны айқын. Халықтың сол сенімі ақталар болса, әрине, нұр үстіне нұр.

«Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген халық даналығы жаңа әрі жас әкім үшін айнымас дағдыға айналса игі. Бұған оның іске кіріс­кен алғашқы күннен бастап-ақ халықтың қамын ойлайтын басшы бола алатыны, қаланың тыныс-тіршілігі жұртшылыққа мейлінше қолайлы болуына барынша назар бөлуге талпынысы – айқын дәлел.
Соның айғағындай, өткен жұмада Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров «Ақтөбе қаласының дамуы, мәселелер және оны шешу жолдары» тақырыбында журналистерге арнап өткізген баспасөз мәслихатында қаланың жарқын келешегі жайлы шынайы жанашырлықпен, кеңінен әңгімелеп берді. Ол өз сөзінде: «Ақтөбе қаласының Бас жоспарына сәйкес, шаһардың оңтүстік-батыс аумағында Батыс-3 көпқабатты тұрғын үй массиві бой көтереді. Жалпы ауданы 863 гектар аумақты қамтитын жаңа ауданның жоспары әзірленген», – деп атап көрсетті.
– 2015 жылы Үкіметтің қаулысы бойынша Ақтөбе қаласының Бас жос­пары бекітілген болатын. Қаланың орталық, ескі бөлікте­рімен қоса, Батыс-1, Батыс-2, оның алдында «Нұр Ақтөбе» сияқты жаңадан пайда болған аудандарымыз бар. Осындай жаңа тұрғын үй массивтерінде 100 мыңнан астам халық тұрады. Қазіргі күні біз жаңа ауданның жоспарын дайын­дадық. Бұл – Батыс-3 ауданы. Жобалық аумақтың жалпы ауданы – 863 гектар. Бүгінгі таңда бұл аумаққа коммуналдық желілер жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленді. Енді «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпо­­рациясы арқылы Батыс-3 ауда­­нынан коммуникациялық желі тарту үшін кәсіпорындардан тапсырыс қабылданатын болады, – деді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.
Оның айтуынша, Батыс-3 ауданында көпшілік мәдени іс-шаралар өткізетін нысандар бой көтермек. Сонымен қатар жобада ірі қоғамдық орталықтардың құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, ойын-сауық, сауда орта­лықтарымен қоса, әкімшілік-іскерлік орталық, конгресс-холл, қонақүй кешендері, орталық музей, шығыс коммерциялық нысандарымен бірге шығармашылық орталықтар бой көтермек. Ең бастысы, жаңа ауданда 2470 мың шаршы метрлік тұрғын үй салынады.
– Батыс-3 ауданындағы жоба­лар­дың жалпы құны – 295 миллиард теңге. Жоспарға сәйкес, бұл ауданда 100 мың адам тұратын тұрғын үй құрылысы бой көтермек. Осындай жобаларды біз алдағы он жылдың шамасында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Тұрғын үйлерден бөлек, бұл жерде емханалар, мектептер, балабақшалар, кітапханалар, спорт кешендері сияқты 41 әлеуметтік нысан тұрғы­зылады, – деді А.Шахаров.
Баспасөз мәслихаты кезін­де Асхат Шахаров Ақтөбе қала­сын көркейту, абаттандыру, көгалдандыру, жол құрылысы, сондай-ақ экологиялық мәселені оңтайлы шешу ісіне қатысты атқарылып жатқан, болашақта қолға алынатын шаруалар турасында да баяндады.
Ол үлкен экраннан қаланың орталық және ескі бөліктерімен қатар, Тұрғындар қалашығы аудандарында, сондай-ақ 101-атқыш­тар бригадасы көшесін абаттанды­руға қатысты жобаның таныстырылымын жасады. Бүгінгі күні 101-атқыштар бригадасы көшесін жаңғырту бойынша жұмыстар басталған. Қала әкімінің айтуынша, жоба аясында көпқабатты үйлерге жапсарлас салынған кәсіпкерлік нысандарына ерекше мән беріледі. Бұл жоба толық жүзеге асқанда 101-атқыштар бригадасы көшесінің бірыңғай көркемдік сәулет стилі қаланың дамуына оң әсер бермек. Яғни бұл көшеде Арбат құрылысы басталады. А.Шахаровтың айтуынша, алдағы уақытта кешкі сағат 20.00-ден бастап 101-атқыштар бригадасы көшесімен көлік қозға­лысының жүруі тоқтатылып, бұл аумақ тұрғындардың кешкілік мезгілде тынығатын мекеніне ай­налмақ.
– Жыл сайын нақты белгіленген аудандарда абаттандыру жұмыстары толық көлемде жүргізіліп жатыр. Суағарлар салу, көпқабатты тұрғын үйлерді абаттандыру мәселесі де қолға алынады, яғни аулаларға асфальт төселеді, ойын, спорт алаңдары салынады, контейнерлер, орындықтар қойылып, түнгі шамдар орнатылады және жасыл желекті көптеп егу жоспары бар, – деді шаhар басшысы.
Баспасөз мәслихаты кезінде Асхат Шахаров қаланың дамуымен қатар, мұндағы проблемаларды шешу бағытында атқарылып жатқан мәселелерге де тоқталған болатын.
Қала басшысының мына бір маңызды міндеттерді де тілге тиек еткенін айта кеткіміз келеді. Ол – қай өңірде де өткір тұрған жол мә­селесі.
Бұл ретте атап айтар болсақ, биыл облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды және Ақтөбе қа­ласы аумағындағы елдімекен көшелерін жөндеуге 41,7 миллиард теңге бөлінген. Осы мақсатта 202 жоба жүзеге асырылмақ. Жос­пар бойынша биыл 600 километр жол жөнделеді екен. Сондай-ақ қаланы абаттандыру жұмыстарына да баса назар аударылады. Бұл туралы жергілікті телеарнада өткен тікелей эфирде Асхат Шахаров пен облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашев айтып берді.
Тікелей эфирде шаһар басшысы қалада эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін, алайда қауіпсіздік шараларына қатаң мән берілуі керектігін ескертті. Бас санитар бекіткен қаулыға сәйкес, шектеу шаралары жалғасып жатыр. Қалаға кіретін және шығатын тұрғындар коронавирусқа тест тапсыруы керек, деді А. Шахаров.
Облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашев жол құрылысына қатысты шаруаларды баяндады. «Облыста жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығы – 5 мың шақырым. Оның 56 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Биыл осы көрсеткішті 59 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Жол құрылысына 41,7 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі күні құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді ол.
Тікелей эфирде сұрақтардың көпшілігі жолдың сапасы мен қала тазалығына қатысты болды. Асхат Шахаров биыл қала ішіндегі біраз көшелер күрделі және орташа жөндеуден өтетінін айтты. Сондай-ақ қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстарына баса назар аударылады. Бұрын тал-теректерді егіп, суаратын, күтіп-баптайтын мекемелермен бір жылға келісімшарт жасалатын болса, енді бұл мерзім үш жылға ұзартылады. Талдарды суару жұмыстарына жаңашылдықтар енгізіледі. Оның ішінде суды үнемдеу үшін тамшылатып суару әдісі де қолданылады. Бұл мақсатқа арнайы қаржы бөлінген. Мердігер мекемелер анықталған. Тұрғындардың бірі «Орынбор» саябағына қатысты сұрақ қойды. Бұл жерге егілген теректер мен жеміс ағаштары күтімсіз тұр. Көпшілігі қурап жатыр. Тұрғындар әкімшіліктегі 109 нөміріне қанша рет хабарласса да нәтиже болмапты. Бұл сұрақты қала әкімі қағазына жазып алды. Талдарды суару мәселесінде кемшіліктердің бар екенін айтты.
– Су жетпегенінен талдар қурап жатыр. Қазір он саябақтың тізімі жасалды. Оның ішінде «Орынбор» саябағы да бар. Су тасымалдау арқылы жеткізіледі, – деді қала басшысы.
Тікелей эфирде Мәлімбет Ибрашев Елек өзенін қиып өтетін айналма көпір туралы ақпарат берді. Республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінсе, құрылыс шілде айында аяқталады.
Ал бөлінбеген жағдайда жос­пар бойынша келер жылы іске қосылады. Бұл көпірді салудағы мақсат – жүк көліктерінің қаланы айналып өтуін қамтамасыз ету. Мәлімбет Ибрашевтың айтуынша, бұған дейінгі салынған солтүстік айналма көпір мен Кірпішті көпірінің арқасында сол маңнан келетін транзиттік көліктер қалаға кірмейді. Елек айналма көпірі іске қосылғанда жүк көліктері қалаға кірмей, Атырау мен Орал қалаларына шығып кете алады. Алдағы уақытта осындай көпірлерді салу арқылы қалаға бірде-бір тран­зиттік көлікті кіргізбеу қарасты­рылған.
Сондай-ақ басқарма басшысы ауданаралық жолдардың жағдайына да тоқталды. Оның ішінде Шалқар мен Бозой арасындағы жол құрылы­сы биыл аяқталатынын айтты.
Тікелей эфирде тұрғындардың барлық сұрағына жауап берілді.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру