Валюта бағамы: $ 412.1 454.34 5.82 ¥ 57.62

Демократияландыру жолындағы маңызды қадам

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыс­тарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қолдап, дауыс берді. Құжаттың негізгі міндеті – азаматтардың бейбіт және қарусыз жиналу, жиналыс, митинг пен демонстрация, шеру мен пикеттер өткізу бойынша конституциялық құқығын іске асыру, сондай-ақ олардың өткізілуі мүмкін арнайы орындарын айқындау. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жобада бейбіт жиналыстар өткізу үшін хабарлама тәртібін енгізу көзделгенін де атап өткен жөн.

Жаңа заң жобасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың, оларға қатысушылардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітілді және мемлекеттік органдардың құзыреті белгіленді. Сондай-ақ бей­біт жиналыстарды өткізуге рұқсат бермейтін негіздердің барынша толық тізбесі нақтыланды әрі бас тарту дәлелді және негізді болуы тиіс екені айқындалды.
Бейбiт жиналыстарды ұйымдас­тыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасы Қазақстандағы саяси үде­рістерді одан әрі дамыту, адам құ­қық­тарын қамтамасыз ету мен демократияландыру жолындағы маңызды қадам деп айтуға толық негіз бар. Осы ретте заңға қатысты өз пікірін білдіре келіп, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай: «Жалпы, бұл заң біраз талқыланды, яғни қоғамдық талқылау көп болды. Әрине, бұрын­­ғы құжатқа қарағанда қазіргі заң айтарлықтай ілгерілеуді байқатып отыр. Осы орайда бұл бағытта жасалған қадамдарды толықтай қолдаймын. Себебі «Азаматтар туралы пакті» деген халықаралық құжат бар, сонда адамдардың құқықтары толықтай сақталуы тиістігі көрсетілген. Біздің Конституцияда да оның барлығы ескерілген», – деп атап өтті.
Осы тұрғыда заңгер «Қазақстан Респуб­ликасында бейбiт жиналыс­тарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы бұрын­ғы заңнамаға қарағанда елеулі түзетулерді қамтығанын айтты. Бейбіт жиналыстарды өткізу тәрті­бінің нақтыланғанын атап өткен С.Ақылбай: «Осы орайда өзінің пікірін айтушылардың құқығын ғана емес, жалпы қоғамның құқығы сақталуы керек. Мысалы, митингіге қатыспайтын басқа адамдардың, автобусқа отырған жолаушылардың, көшеде серуендеп жүргендердің құқығы бұзылмауы тиіс. Сондықтан осы заңда бұл мәселеге қатысты дұрыс шешім қабылданған», – деді.
Сонымен қатар Қазақстан заңгер­лер одағының төрағасы аталған құ­жатта митинг, жиналыс, демонстрация мен шеруге қатысты нақты сипаттама берілгенін тілге тиек етті. «Қазіргі уақытта біз цифрлық технологияны кеңінен пайдаланып келеміз. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткiзу үшiн белгіленген арнайы орындарда онлайн режимде көрсететін құралдар болады, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келеді. Жиналыста айтылған мәселенің барлығын тікелей эфирден көру мүмкіндігі жасалады. Яғни халықтың құқығы толықтай халықаралық конвенцияға сәйкес сақталған. Сондықтан бұл заңды өте дұрыс құжат деп санаймын», – деді Серік Ақылбай.
Айта кетейік, 14 мамырда Сенат­тың жалпы отырысында заң жобасын талқылау барысында депутаттар бірқатар тұжырымдамалық өзгерістер ұсынды. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында пикеттер, жиналыстар мен митингілер үшін арнайы орындар саны қаланың әрбір ауданының орталық бөлігінде кемінде үшеу болу керектігі айтылды. Сонымен қатар бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының оған қатысушылардан өз бетін бүркемеуді, оның ішінде бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті немесе өзге де заттарды пайдаланбауды талап ету жөніндегі міндетін алып тастау ұсынылды. Бұл ретте ұйымдастырушылар мен қатысушылардың денсаулық сақтауға арналған жеке қорғаныш құралда­рын пайдалану жөніндегі құқығын бекіту мәселесі назарға алынған. Се­наторлардың осы және басқа да түзетулері құжаттың қорытынды мәтінінде көрініс тапты.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру