Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

Еуразиялық интеграция: ҰЛТТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЕСКЕРІЛУІ ТИІС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бейне-конференция форматында өткен кезекті отырысына қатысты. Жиынның күн тәртібінде еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму бағыттары туралы мәселе қаралды.

Онлайн саммитке Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин және Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде Молдова Республикасының президенті Игорь Додон, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Отырыс барысында мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыт­тарын, соның ішінде Кубаға Еу­разиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беру мәселесін қарастырды.
Қазақстан Президенті өз сөзінде «2025 жылға дейінгі еура­зиялық экономикалық интегра­цияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжаттың жобасына ерекше назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл маңызды құжатты қабылдау идеясын қолдай отырып, стратегияның кейбір бөлімдерін қайта талқылап, әлі де пысықтай түсу керек екенін айтты.
– Алдағы бірнеше жылға арналған интеграцияның негі­зін қалайтын аталған құжаттың ерекше маңызды екенін ескере оты­рып, оны әлі де талқылап, бетпе-бет кездесу барысында қабылдаған жөн. Ерте ме, кеш пе, біз бір-бірімізбен кездесеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент осы құжатқа қатысты бірқатар түсіндірме жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте тауарлардың кедергісіз әрі шектеусіз тасымалын іс-жүзінде қамтамасыз ету, секторлар бойынша тараптармен келісілген бірыңғай қызмет көрсету на­рығын кезең-кезеңімен құру, ортақ энергетикалық және қаржы нарығына дайындалу қажет деп санайды.
Мемлекет басшысы Одаққа мүше елдер арасындағы екі­жақ­ты ынтымақтастықтың көп­қырлы екенін атап өтіп, оның экономикалық, әлеуметтік, гума­нитарлық қатынастарды қамтитынын жеткізді.
– Сондықтан аталған мәсе­ле­лерді бесжақты форматта Еуразиялық экономикалық комиссияны қатыстыра отырып қарастыру оның нақты іске асуын қиындатады. Ден­сау­лық сақтау, білім және ғылым салаларын Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне толық көлемде беру, оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін. Яғни 2015 жылғы Еура­зиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президентінің айтуынша, интеграциялық жұ­мыс ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескеруге тиіс әрі ұлттық заңнаманы үйлестіру және біріздендіру мәселелерін қарастыру кезінде «жеткілікті қажеттілік» қағидатын ұстануы керек.

– Стратегияда ұсынылған заң­наманың «үйлестіруге және бір­іздендіруге» қатысты құқықтық жа­уапкершілік орнату бөліміндегі әкім­шілік және қылмыстық, кеден ісі, техникалық реттеу, тұтынушылардың құқығын қорғау сияқты бірқатар сала, біздің пікірімізше, ақылға қонымды жеткіліктілік қағидатына әлі де толық жауап бермейді. Ал бұл ұлттық қоғамдық ой-пікірдің стратегияны қабылдамауына алып келеді. Өйткені стратегия үкіметтер мен парламенттердің дербес құқығын шектейді, – деді Президент. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комис­сияның өкілеттігін кеңейту мәсе­лелеріне мұқият болуға шақырды.
– Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің қыз­мет көрсету, өзара сауда мәсе­лелері бойынша үшінші елмен өткізетін екіжақты келіссөздеріне комиссияның қатысу құқығын беру қосымша зерттеуді қажет етеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы дәл қазіргі жағдайда Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастықтың басым бағыты экономиканы қайта қалпына келтіру мәселесі бойынша құрылуы керек екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Парламентінің Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа бақылаушы мемлекет ретінде кіру туралы шешімін құптады.
Мемлекет басшысы өзара сауда, бизнесті қолдау, цифрландыру және көліктік логистика салаларындағы ықпалдастық мәселелерін одан әрі нығайту жөніндегі нақты ұсы­ныстарын ортаға салды.
Біріншіден, Қазақстан Прези­денті пандемия кезінде пайда болған барлық шектеулер мен кедергілерді кезең-кезеңімен алудың жоспарын жасау қажет деп санайды.
– Біздің денсаулық сақтау, са­нитарлық, ветеринарлық және өзге де бақылаушы ведомстволарымыз дағдарыстан сабақ алып, сондай-ақ бір жағынан азаматтарымыздың денсаулығын сақтайтын, екінші жағынан тауарлардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ететін ықпалдастықтың тиімді тетіктерін ұсынуы қажет. Пандемияға қарсы күрес кезінде, одан кейінгі шектеу­лер алынған кезеңде де көлік құрылымдарының, санитарлық қыз­меттердің, шекаралық ведомс­тво­­­лардың жұмысы жүйелі болуы маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екінші мә­селе ретінде Еуразиялық эконо­ми­калық одақтың ақпараттық жүйе­сін біріктіру жұмыстарын қолға алу­дың маңыздылығын айтты.
– Мемлекеттік органдарымыз­дың ықпалдастық орнатқан негізгі ас­пек­тілерін цифрландыру арқылы біздің елдеріміз бизнес-процестерді жеңілдетуге, өзара тауар айналымын арттыруға, бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға қол жеткізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үшіншіден, Қазақстан Прези­денті көлік-логистика қызметін дамыту қажет деп санайды.
– Аталған бастама аясында біз ұлттық тауар өткізу жүйесін құруды бастап кеттік. Ол 2022 жылға қарай 24 көтерме-тарату орталығынан тұратын болады. Бұл 5 миллион тонна ауыл шаруашылық өнімін сақтап, өңдеп, таратуға мүмкіндік береді. Одаққа мүше мүдделі ел­дердің арасында тауар таратудың ортақ жүйесін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсы­­на­мын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті қолдау мәселесіне де ерекше назар аударды. Президент қазіргідей дағдарыс кезеңінде Еуразиялық экономика­лық одаққа мүше мем­лекеттердің бар­лық ресурсы жұмыс орындарын тұрақтандыруға және сақтап қалуға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Одақтың шығыны көп жекелеген шешімдерін орындау, атап айтқанда, қазіргі дағдарыс жағдайында кейбір тауар түрлерін міндетті түрде таңбалау аса қажет емес деп есептейді.
Қазақстан Президенті Еуразия­лық экономикалық одаққа мүше елдердің қаржы-экономика ми­нистр­­ліктері басшыларының, жалпы үкіметтердің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі сыртқы сын-қатерлер мен экономиканы дамы­туға қатысты шараларды талқылау үшін арнайы алаң ашып, оны белсенді қолданудың маңыздылығын мәлім етті.
Саммит қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсы­нысымен «2025 жылға дейінгі еу­ра­зиялық экономикалық инте­грацияның стратегиялық даму ба­ғыт­­тары туралы» құжат негізінен мақұл­данғанымен, қабылданған жоқ. Одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері мен Еуразиялық экономи­калық комиссияға стратегияны пы­сықтау тапсырылды.
«Еуразиялық бестіктің» көшбас­шылары Жоғары Еуразиялық эко­номикалық кеңестің келесі отырысын биыл күзде Минск қаласында өткізуге уағдаласты.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру