Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

МЕМЛЕКЕТ МӘРТЕБЕСІ – БАСШЫ БЕДЕЛІМЕН БИІК

Осыдан тура бір жыл бұрын, атап айтқанда, өткен жылдың 9 маусымында Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Соның алдында, 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасап, өкілеттігін тоқтатқан соң, Конституцияға сәйкес сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев уақытша президент қызметіне кіріскен еді. 9 маусымда өткен ел тарихындағы екінші президентті сайлауға дауыс берушілердің 77,4 пайызы қатысты. Айта кету керек, сол жолы саяси додаға жеті кандидат түскен болатын. Сайлау қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 70,76% дауыс жинап, жеңіске жетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында 12 маусымда өткен ұлықтау рәсімінде Конституцияның 42-бабына сәйкес Қазақстан халқына ант берген сәттен ҚР Президенті қызметіне кірісті. Мемлекет басшысының Қазақстан президенті болып сайланғанына бір жыл толуына орай өмір жолына тоқталып өтуді жөн санадық.

БОЛАШАҚ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӨСКЕН ОРТАСЫ

Мемлекет басшысының әкесі Кемел Тоқаев – танымал журналист, майдангер, қазақ әдебиетіндегі детективтік жанр­дың іргетасын қалаушы, қаламы қарымды жазушы.
Болашақ президентіміздің әкесі ағасы мен қарындасының ортасында баянды балалық ша­ғын өткерген. Тоқаевтардың отбасы Фрунзе қаласына қоныс аударғанда, ауыр қайғы-қасірет­ті бастан өткереді. «Әкемнің тағдыры балалық шағынан-ақ оңай болған жоқ. Ол ерте жетім қалған. Әуелі балалар үйінде, сосын интернатта тәрбиеленеді, сонан соң соғыс басталады да, бұл ол үшін өжеттік пен қайсарлықтың кезекті сынағына айналады.
Балалық шағынан бастап ол білімге айрықша талпынып өседі. Әсіресе қазақ тілі мен әебиетіне қызығушылығы зор болған. Соғыс аяқталған соң ол әскери киімімен, таяққа сүйеніп жүрген күйінде, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне келіп, оқуға түседі. Сосын журналистік жұмысқа кіріседі. Жазушылық еңбекке ден қойып, жылдар өте келе, атақ пен даңқ құрметіне бөленеді», – деп есіне алады Қ.Тоқаев.
1953 жылдың 17 мамырында Кемел Тоқаев пен Тұрар Шабарбаева отбасында Қазақстанның болашақ президенті дүниеге келеді. Өз есіміне ол әкесінің туған ағасы – Қасым Тоқаев құрметіне ие болған. Ол Ұлы Отан соғысында майданда қаза тапқан. «Әрине, біз отбасымызда әкемізді де, Қасым ағамызды да ардақ тұтамыз. Біз қазіргі бейбіт өміріміз үшін қантөгіс майдан алаңдарында көз жұмған батыр-жауынгерлерді мәңгі есте сақтаймыз. Ия, кезінде мен де өзімнің бірінші Қасым деген атымды соғыста қайтыс болған ағатайым құрметіне иелендім. Менің әкем өз ағасына деген құрметі мен сағынышының орнын толтыру мақсатымен мұндай қадамға барған», – деп әңгіме­лейді мемлекет басшысы.
Ал Жомарт деп оны анасы атапты. Тұрар Шабарбаева Алматы педагогикалық шет тілдер институтында сабақ берген. Ол өз ұлының кеңпейілді және қолы ашық жомарт адам болғанын қалап, баласының бойына жастайынан тілдерді үйренуге құлшынысын сіңірген.

Өз балаларының жарқын болашағын әкесі Кемел Тоқаев та армандаған. «Әке туралы сөз» кіта­бын­да президент қайтыс боларынан сәл бұрын әкесі балаларының аяқтарына тік тұрып, сыйлы азаматтар болып өсуін армандаған еді, деп жазады. Кемел Тоқаев 1986 жылы қайтыс болған.

ДИПЛОМАТ ЖӘНЕ ПОЛИГЛОТ: МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ  ҚАЙДА БІЛІМ АЛҒАН?

Қасым-Жомарт Тоқаев француз тілін тереңдетіп оқытатын №25 Алматы лингвистикалық гимназиясын бітірген. Француз тілінен өзге, президент орысша, ағылшынша және қытай тілдерінде еркін сөйлейді. Оның сол кездегі бүкіл КСРО аумағы ғана емес, халықаралық деңгейдегі элиталық Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына (ММХҚИ) түсуі де жайдан-жай емес.
1975 жылы ММХҚИ-ді бітіріп, диплом алған Тоқаев тәжірибеден КСРО-ның Қытайдағы елшілігінде өтеді. 1983-1984 жылдары ол Пекин лингвистика институтында да тәжірибеден өткен. Ал, 1992 жылы РФ Сыртқы істер министрлігінің (СІМ) Дипломатиялық академиясын бітірген.

Қ.ТОҚАЕВТЫҢ  САЯСИ КАРЬЕРАСЫ

1984-1985 жылдары жас дипломат КСРО Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген, сосын Қытай Халық Республикасындағы кеңестік елшілікке жөнелтіледі де, онда 1991 жылға дейін екінші, бірінші хатшы және кеңесші болып қызметтер атқарады.
1992 жылы Тоқаев ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалады. Бір жылдан соң ол ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болады. 1994 жылы ҚР Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз­дің сыртқы істер ведомствосына Қазақстанның тәуелсіз дипло­матиялық қызметі аяғына тұрып, қалпына келуі және дамуы жылдарында жетекшілік жасады. Ол мемлекеттік шекараны рәсімдеу бойынша келіссөздер процесіне белсене қатысты. Сондай-ақ онша мәлім емес Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастыққа апарар жолдардағы алғашқы қадамдарын жасауға қыруар еңбегін сіңірді.
1999 жылдың наурызында Қ. Тоқаев премьер-министрдің орын­басары болды. 1999 жылдың қазанында парламент келісімінің негізінде Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен еліміздің премьер-министрі болып тағайындалды.
2002 жылдың қаңтарында Мемлекеттік хатшы – ҚР Сыртқы істер министрі болды. 2003 жылдан 2007 жылға дейін – ҚР Сыртқы істер министрі. Осы тұғырында ол ядролық қаруды таратпаудың жаһандық процесіне белсенді қатысты.
2007 жылы қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы болып тағайындалды. 2008 жылы қазақстандық парламенттің спикері тұрғысында ЕҚЫҰ Пар­ламенттік ассамблеясының вице-президенті болып тағайындалды.
2011 жылы наурызда Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының Қарусыздану жөніндегі конференциядағы жеке өкілі болып тағайындалды.
Болашақ мемлекет басшысы сондай-ақ Қарусыздану жөніндегі конференция Бас хатшысы қызметін де атқарды. Ол ТМД елдері және Шанхай ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы да болып сайланған.
2013 жылың 16 қазанында Қ.Тоқаев қайтадан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы болып сайланды. 2019 жылдың наурызында Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқан соң президенттің міндетін уақытша атқарды. 2019 жылдың 9 маусымында өткен президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың 70,96% дауысына ие болып, жеңіске жетті.

ӨТКІР ПІКІРІМЕН  ЖӘНЕ ҰСТАМДЫ  КӨЗҚАРАСЫМЕН  СЫЙЛЫ

Тоқаевты қатал әрі жігерлі саясаткер деп те атайды. Ең күрделі және даулы сәттерде ол өз пікірін батыл айтып жеткізеді.
2016 жылы, Қазақстанда Жер кодексіне қатысты даулы өзгерістер қабылданғанда, сол кездегі Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев былай деп мәлімдеген болатын: «Ауыл шаруашылығы жерлері шет елдіктерге берілмейді деп, құр уәде берумен шектелмеу керек. Бұл маңызды ережелерді, ешкім тарапынан аталған талаптарды алуан түрлі қитұрқы нобайлармен айналып өту мүмкін болмайтындай құқықтық, басқа да құралдармен қамтамасыз ету керек».
Ол сондай-ақ үкімет мүшелерінің де іс-қимылдарын бірнеше қайтара сынға алған болатын: «Үкіметтің жыл бойы құжаттарды дайындауға және ұсынуына уақыты жеткілікті болғанына қарамастан, сенаттың қарауына бұлар тек жылдың аяғында ғана түсіп отыр (…) Жыл барысында парламент қабылдаған заңдық актілер күшіне енгеннен кейін басқа заңдармен жүзге дейін өзгерістер енгізілуі орын алған жағдайлар да бар. Кейбір заңдар ішкі қарама-қайшылықтардың кесірінен жұмыс істей алмай жатады. Бірдей құбылыстарды заңдар түрліше түсіндіруі мүмкін».
Шын мәнінде, өткір пікірлерімен қатар, президенттің атқарып жатқан нақты істері де көпшіліктің көз алдында: даулы «Көк Жайлаудағы» құрылысты кейінге қалдырды, аз қамтылғандар үшін кредитке рақымшылық жасады, елдегі әлеуметтік проблемаларға зор көңіл бөлді, Қоғамдық келісім ұлттық кеңесін құрды және түрлі салаларда бірнеше маңызды реформаларды ұсынды. Шетелдік БАҚ-тарға берген сұхбаттарының бірінде: «Мен өткір әлеуметтік мәселелермен, неғұрлым мұқтаж адамдарға көмек көрсетумен нақты айналысуды жоспарлап отырмын. Үкіметке осы салада елеулі нәтижелерге жету үшін шаралар дайындау тапсырылды. Бізге әлеуметтік саясатты едәуір жаңарту қажет. Қазақстандық кәсіпкерлерді қолдаймын, инвестициялар тартып, оларды қорғаймын, іскер белсенділікті ынталандырып, орта тапты құруға күш салатын боламын», – деді президент.
Рас, қай мемлекеттің болмасын өркендеп дамуы, өзге елдермен бәселестікте шоқтығы биік тұруы басшысының беделіне тікелей байланысты. Осы ретте президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халық арасындағы сыйлы тұлғасы мен халықаралық деңгейде кең көлемде мойындалған абырой-беделі Қазақстанның болашаққа үлкен сенім артуының сөзсіз ақталуын айғақтай түскендей.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру