Валюта бағамы: $ 76.92 14.25 312.47 ¥ 136.7

Ішкі сауда неге бәсеңдеді?

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ағымдағы жылдың алғашқы төрт айының қоры­тындысы бойынша ішкі сауда саласының даму көр­сеткіштері айтарлықтай бәсеңдегені байқалуда. Сау­даның нақты көлем индексі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 8,9 пайызға төмендеді. Негізгі құлдырау сәуір айында, яғни бүкіл ел бойынша карантиндік шаралар енгізілген кезде байқалды. Жалпы алғанда, сауда саласы ағымдағы жылдың сәуірінде өткен жылдың сәуірімен салыстырғанда 34,8 пайызға, оның ішінде бөлшек сауда 44,7 пайызға, көтерме сауда 27,8 пайызға төмендеді.
Төтенше жағдайға байланысты сауда объектілерінің тоқтап қалуы сауданың төмендеуінің басты себебі болып табылады. Республика ішкі саудасы құрылымында тек Алматы қаласының үлесі 40 пайызды құрайды. Карантин тәртібі, Қазақстан-Қытай шекарасының жабылуы, оның ішінде «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығының тоқталуы қаңтар-сәуір айларында аймақтағы сауданың құлдырауын туғызды. Бұдан басқа теңгенің құнсыздануы импортталатын тауарлардың сұранымын төмендетті. Сауда объектілері карантин тәртібін сақтай отырып, бірте-бірте ашылады. Дегенмен, сауданы жандандыру үшін басқа да шара­лар қабылдануы қажет. Бұл түйткілдің жедел шешімін табу керектігін ағымдағы дағдарыс тағы да айқындап берді. Бұл ретте сауда инфрақұрылымының жағдайына ерекше назар аударып, көтерме-тарату орталықтарын салуды бастап, сауда нарықтарының одан әрі жаң­ғыртылуын жеделдеткен орынды. Мемлекеттік бағ­дар­­ламалар аясында ұзақ мерзімді қаржыландыру құралдары кеңейтілгені, форвардтық сатып алудың дамығаны, электрондық сауданың жаңа серпін алуы да маңызды. Осыған орай ішкі сауданың баяулауы аясында электрондық коммерцияның кеңінен дамығанына назар аударсақ, тек ағымдағы жылдың бірінші тоқ­санында қазақстандық интернет алаңдарында сатып алу көлемі 89 млрд теңге сомасын құрағанын көреміз. Алматы қаласында карантин кезінде онлайн сатылым көрсеткіштері 4 есеге асып, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзбай 50 мыңнан астам азамат қажетті тауарларды сатып алу мүмкіндігін иеленді. Электронды коммерция сондай-ақ қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарда ілгерілеуіне септігін тигізуде. Қазақстандық цифрлық сауда алаңшаларының ашылуын қолдауға бағытталған шаралар қабылданып жатыр, атап айтқанда «Интернет-экспорттаушы мектебі» бағдарламасы әзірленіп, Alibaba халықаралық платформасы арқылы 50 қазақстандық кәсіпорын өз өнімін экспорттауға мүмкіндік алды. Сыртқы сауда саласында оң серпін байқалады. Осы жылдың бірінші тоқсанында еліміздің сыртқы сауда айналымы 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға артып, 21 млрд АҚШ долларын құрады. Осы ретте, экспорт көрсеткіші 13,9 млрд АҚШ долларына жетіп, яғни 4,2 пайызға өсті, ал импорт көрсеткіші 0,1 пайызға азаюына байланысты сауда балансы жақсарды. Бұл жерде экспорт ыстықтай илектелген жазық прокат бойынша 72 пайызға, минералды тыңайтқыштар – 53 пайызға, күнбағыс майы – 60,8 пайызға және басқа тауарлар бойынша да артты. Шикізаттық емес экспорттың айналымдағы үлесім деңгейін арттыру жұмыстарын тездету қажеттігін COVID-19 пандемиясы айғақтап отыр. Сыртқы экономикалық қызмет құлдырағанымен, экспортқа бағытталған кәсіпорындарды қолдау жөніндегі жұмыс тоқтатылған жоқ. Демеу тетіктері көзделді, атап айтқанда үстіміздегі жылы экспорттаушылардың көлік шығындарын өтеу жалғасын тапты. Бұл үшін 7,7 млрд теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда 215 млн теңге сомасында майлы тұқымдарды, ұнды, кондитерлік өнімдерді және арнайы киімдерді Қытайға, Ресейге және Бельгия, Латвия сияқты Еуроодақ елдеріне жіберу жөніндегі 20 өтінім мақұлданды. Дағдарыс аясында экспорттаушыларды қолдау бойынша орталық ашылып, оның ішінде 120-дан астам өтініш қарастырылды. Экспортты ілгерілетіп, жаңа нарықтарға шығару үшін 16 тауар позициялары бойынша жұмыс жоспарлары әзірленді. Ағымдағы жылдың басынан бастап Қазақэкспорт желісі бойынша 39 отандық экспорттаушыға қолдау көрсетілді, соның ішінде 6 млрд теңгеден астам сома төтенше жағдай кезеңінде берілді. Тауарлардың сапасын арттыру және сертификаттау рәсімдерін жетілдіруге арналған «Техникалық реттеу жайындағы» заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр.
Бүгінде нарықта шамамен 13 дамушы қазақстандық сауда алаңы жұмыс істейді. Kaspi.kz, flip.kz, chocofamily, mechta.kz және басқа маркетплейстер, тауарлар мен қызметтердің шамамен 20 санаты бар. Қоғамдық сауданы электрондық форматқа ауыстыру, азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мақсатында «BTS Digital» компаниясы «Price Scanner» қосымшасын әзірлеуде. Сондай-ақ тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы жаңа Заң жобасы шеңберінде «бір терезе» қағидаты бойынша шағымдарды қабылдаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделіп отыр. Бұл жүйе тұтынушыға интернет арқылы шағым беруге және өзінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Интернет-экспорттаушы мектебі» бағдарламасы іске қосылды. Электрондық сауда алаңдарында бизнесті жүргізудің практикалық әдісіне 200 қатысушы оқытылды. Бастаушы және тәжірибелі кәсіпкерлерге интернет-платформаларда ілгерілету бойынша тікелей қолдау көрсетілді. Мәселен, Alibaba халықаралық платформасына «Алтын жеткізуші» ретінде тіркеу үшін 50 компания іріктелді. Бұл жаһандық аудиторияға қолжетімділікті және маркетингті кешенді ілгерілету мүмкіндігін қамтамасыз етеді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру