Валюта бағамы: $ 76.92 14.25 312.47 ¥ 136.7

Қазақша БАҚ – ана тіліміздің басты тіректерінің бірі

Бүгіндері бұқаралық ақпарат құралдары саласында күн талабына сай шешуді қажет ететін мәселелер жоқ емес. Оның iшiнде мынандайлары бөлек атауға тұрады: журналистiк кадрлер дайындау, жарнама тарту және баспасөз бен билiктің арасындағы қарым-қатынас. Бұның бәрi, сөз жоқ, керек, айтуға тұратын нәрселер.

Бiрақ ең маңызды мәселе басқа. Және де оның орны бөлек. Бұл – қазақша мерзім­дік баспасөздің, қазақ журналис­тикасының жағдайы. Оларды мемлекеттік тапсырысқа көп арқа сүйейді деп жазғырады кейбіреулер. Сонда олар қазақша мерзімдік баспасөздің, қазақ журна­листикасының қазақ тілін бүкіл қоғам ауқымында жалпылама ілгерілетудің басты құралдарының бірі екенін көзіне ілгісі келмейтін сияқты. Осыны түсіну қиын. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айының басында  «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» атты сұхбатында былай деген болатын: «Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұр­пақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады».

Ал жақында  «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деп аталған сұхбатында мемлекет басшысы тілге қатысты мынадай мақсаттарды белгілеп берді: «Біріншіден, қазақ ті­лінде сөйлеу мақ­таныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қыз­метке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін ла­уа­зымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемле­кеттік қыз­меткер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс.

Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.

Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн.

Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзаң ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет».

Осының бәрі әбден дұрыс. Орынды айтылған сөзді, әрине, қолдаймыз. Ал қазақша баспасөз, оның ішінде қазақша БАҚ – бұл сол  «ұлттың тұғыры» және «халықтың төлқұжаты» болып табылатын ана тіліміздің қоғамдың өмір алаңындағы басты тіректерінің бірі. Сондықтан оның жағдайына, оның тағдырына алаңдамасқа болмайтынын мойындау қажет.

Осы мәселе – жалпы қазақ тiлiне негiзделген мәдениеттегi бүгінгi таңда қалыптасқан көңілсіздеу жай-күйдің бiр бөлiгi. Бiр қарағанда, қазақша мерзiмдi баспасөздің және, әсiресе, тележурналистиканың күйi  көңіл толарлықтай сияқты. Бірақ үңіле келгенде, басқаша көрініс белең ала бастайды. Қазақ газет-журналдарының тиражы негiзiнен күрт төмендеп кеттi. Оқырмандарының саны едәуiр қысқарды. Оның үстіне ауылдық жерлерге қазiргi таңда газет-журналдар барып жете алмайды десе де болады. Ондағы байырғы оқырмандар қаржы тапшылығы, байланыстың қиындауы кесiрiнен өздерiнің үйреншiктi газет-журналдарын жаздырып не сатып алу мүмкiндiгiнен айырылып отыр. Ал ендi қалаға келетiн болсақ, қалалық оқырмандар құрамындағы қазақша оқи алатындардың саны соңғы 25-30 жыл iшiнде едәуiр артқан сияқты. Бірақ қалалық қазақтар үлесiнің, қалалық жерде, оның iшiнде Алматыда, облыстық қалаларда, iрi орталықтарда қазақтардың үлес салмағының едәуiр артуы қазақша газет-журналдарды оқушылар, қазақ тiлiндегi телехабарларды тамашалаушылар санының күрт артуына әкелiп соқтырған жоқ. Бұл – өз алдына бөлек зерттейтiн, бөлек қарайтын мәселе. Ол туралы бiр-екi ауыз сөзбен айтатын болсақ, бар мәселе мынада болып тур. Оны ендi түсіндiрiп жату қиын болар. Түсіну де солай болар. Бірақ заман қазір нарықтық қой. Бұндай кезде кез-келген адам көбiне ақпаратты өзiнің көңiлi мен жанының рахаты үшін iздемейдi. Оған ең алдымен керегi – өзiнің күнделiктi өмiрiне, өзiнің iстеп жатқан шаруасына тiкелей байланысты болатын нәрсе. Осындай тұжырым баспасөзге де қатысты. Өйткенi, мәселен, жарнама берушінi еркiне жiберсе, бүкiл жарнама орыс тiлiнде берiледi. Жiбермесе, ойбай, еркiн конкуренция мен еркiн сауда ережелерi бұзылып жатыр деген айқай шығады. Жарнаманың орыс тiлiнде берiлетiн себебi, жарнама жетiп, соған жауап беретiн, сол бойынша бiр қызметтi сұрайтын немесе тауарды сатып алатын адамдар – негiзiнен орыс тiлінде сөйлеуге ыңғайлы немесе сол тілде ақпаратты қабылдауға дағдыланған азаматтар.

Бiр ғана мысал. Біраз уақыт бұрын менiмен бiр жiгiт қазақ тiлдi бiр баспасөздiк кұрылымда қызметтес болған. Кейiн бiз жұмыс iстеген жер жабылды да, екеумiз екi жаққа кетiп, тек жылдар өткен соң барып қайта кездестiк. Мен сол баяғы қазақ тiлдi журналист күйiмде қалғанмын, ал ол болса базарда сауда жасап жүр екен. Әңгiмелесе келiп, оның журналистикада болып жатқан бүкiл ортақ жаңалықтардан хабардар екенiне көзiм жеткен соң, менің қазақша газеттерде шығып жатқан мақалаларымды оқыған-оқымағанын сұрадым. Ол менің арадағы өткен жылдар бойы қазақша журналистикада қала бер­генiмдi де бiлмейтiн болып шықты. «Мен сенi де басқа салаға ке­тiп қалған шығар деп ойлағанмын», – деп шынын айтты. «Ал сонда журналистика саласында болып жатқан ортақ жаңалықтардың бәрiн қайдан бiлесің?», – деп сұрағанымда, ол орыс тiлiнде шығатын «Время», «Казахстанская правда», «Экспресс-К», тiптi салалық «Капитал» сияқты газеттердi алып, үзбей оқып тұратынын айтты. Басқаша айтқанда, ол қазақша газеттерден қол үзiп қалғанымен, орысша газеттердi және электрондық басылымдарды оқуын доғармапты.

Кейiн бұл жiгiт журналистикаға оралды. Тiптi «неге қазақтар қазақша газеттердi оқымайды сонша?!» деп ашынған мақалалар да жазды. Бірақ осы сұрақтың жауабын соның өзi-ақ берген сияқты. Оның аты танымал, Бірақ атаған ыңғайсыз болар. Өйткенi оның осы тәжірибесі шектен шығарлықтай нәрсе емес, қатардағы жәйт. Тек бiз сондайды заңдылық деп мойындаудан, шындықтың бетiне тiке қараудан ат-тонымызды ала қашамыз. Ал ол заңдылықтың, ол шындықтың мәнiсi мынау. Тiптi қазақ тiлiнде мектеп пен жоғары оқу орнын тамамдаған адамдардың өзi мәдениет, баспа не баспасөз салаларынан күнделiктi түрде аластаған жағдайда көбiне-көп солармен байланысын үзедi. Олар орыс тiлiнде ақпарат алуға бейiмделедi. Тiптi аталмыш салалардан кетпеген, сонда жауапты қызмет атқарған күнде де ондай адамдардың қазақша БАҚ-тың орнына орысша БАҚ-ты таң­дауы – жиi кездесетiн жәйт. Мәселен, мен бiлетiн және өзi iрi баспалардың бiрiн басқаратын бiр жазушы-журналист менен бiрде «Осы сен «Егемен Қазақстанды» жаздырып алмайсың ба, соның ана күнгi бiр нөмiрi қажет едi?» деп сұрады. Мен: «Ау, соны алатын бiр кұрылым, бiр адам болса, сол сенің баспаң мен сенің өзің емес пе?!», – деп таңдандым. Сондағы бiлгенiм: оның баспасы ресми баспасөзден «Егемен Қазақстанды» емес, «Казақстанская Правданы» жаздырып алатын болып шықты.

Өйткенi, дейдi ол, күнделiктi жұ­мыс үшін қажет шығып жатқан заң­дар мен нұсқауларды олар жазылатын орыс тiлiнде қабылдау аудармалық қазақ тiлiнде қабылдағаннан әлдеқайда ыңғай­лырақ, себебi бүйткен жағдайда осы құжат­тардың мағынасын қате не жаңсақ түсіну азырақ болады.

Адамдар осыған қазақ тiлдi не орыс тiлдi болып бөлiнетiнiне қара­­мастан дағдыланған. Бiздің күнделiктi өмiрiмiздi реттейтiн заңдар, нормативтiк актiлер, барлығы ең алдымен орыс тiлiнде жазылады. Бұл ешкiмге де құпия емес. Олар сонан соң барып қазақ тiлiне аударылады.

Оның қазақ тiлiндегi нұсқасын алып, не екенiн бiлемiн деп, қалай түсунуге болады деп басты қатырғанша, орысшасын алып оқыған түсінiктiрек болады. Қазiр барлық адам ал-қадарынша нарықтық заман ыңғайына беймiделуге тырысады. Осы тұрғыдан алғанда, заң-нормативтер үнемi қажет болады. Ал ол адам өз шаруасының ыңғайына қарай, әлгiндей кұжаттардың ғана емес, жалпы ақпарат атаулының, тiптi жарнаманың тұпнусқасын оқығанды жөн коредi. Осы тұрғыдан алғанда, орысша баспасөздің шоқтығы биiк болып тұр. Ал енді теледидарды болсын, жазбаша баспасөздi болсын билiкке, ресми органдарға қатысты жағынан алып қарайық. Ондағы болған өзгерістер журналистердің көзiмен көрiлiп, сөзiмен қабылданады, сосын сыртқа жеткiзiледi. Бұнда да орыс журналистерiнің жағдайы қолайлырақ. Өйткенi өкiмет орындары мен әкiмшiлiктердегi халықпен, баспасөзбен жұмыс iстеу көбіне орыс тiлiнде жүргiзiледi. Ондағы жұмыс материалдары негізінен орыс тiлiнде болғандықтан, оны олар орыс тiлiнде беруге бейiм. Бұл – қалыптасқан нәрсе. Сондықтан осы қызметкерлерден барып қазақ журналисi мен орыс журналисi ақпарат сұрағанда, олардың материалдарымен жұмыс iстеген кезде орыс журналисiнің жағдайы қолайлы болады. Өйткенi ол сонда отырған лауазым иелерінің жұмыс тiлiнде бүкiл ақпаратты ала алады. Сөйтiп оның қолына қаймағы бұзылмаған негiзгi ақпарат түседi. Қазақ журналисiне ке­летiн болсақ, оның қолына сол ор­ган­ның қарауындағы аударма бөлi­мiнің аударған аудармасы тиедi.

Көп жағдайда аудармашы қыз­меткер сол мәселенi не жұмысты өзi iстеп немесе реттеп отырмаған­дық­тан, тек түсінгенiнше аударады. Ал шындығында ол көп нәрсенi дұрыс түсінiңкiремейдi. Бұл – бiрiншiден. Екiншiден, қанша айтқанмен, аудар­маның аты аударма ғой. Ол ешқашанда нағыз тұпнұсқадай болмайды. Кез-келген бизнесменнен, банкирден, кез-келген ұйым өкiлiнен ауызша ақпарат, ауызша түсіндiрме сұрайтын болсаңыздар, оған қазақ тiлiнде жауап бергеннен гөрi орыс тiлiнде кең, тереңiрек жауап беру әлдеқайда ыңғайлы.

Ол қазақ тiлiнде жауап бергенде, амалсыздан, әр жағынан, өзiнше iшiнен қазақ тiлiне аударып барып, сонан кейiн сұраған адамға қолынан келгенше жеткiзедi. Сондықтан қазақ тiлi жағдайының қазіргi таңдағы ресми пайдаланыс ауқымында жасанды жақтары көп. Осы жасанды жағдай қазақ баспасөзiнің дамуына көп кесел тигiзiп жатыр. Қазақ тiлдi баспасөз жат елде жүрген сияқты, мәселен, Америкадағы неміс тiлдi не Франциядағы орыс тiлдi журналистика сияқты. Яғни маңызы жағынан екiншi сортты журналистика ретiнде қалыптасып жатыр. Бұндай жағдай тiптi қазақ журналистерiнің өзiнің туған баспасөзге деген көңiлiн суытады.

Өйткенi егемендiк алған заманда журналистер ендi бәрi қазақша, қазақ тiлi негiзiнде дамиды екен деп ойлаған. Соған үмiт артқан. Бірақ бұл олай болмады. Қайта, керiсiнше орыс тiлiнің рөлi өткендегіден бетер артып кеттi. Оның үстіне бұрынғыдай арақатынас тепе-теңдiгiн ұстап отыратын арнайы органдар қазір жоқ. Уақытында олар сондай арақатынастың сақта­луын, қазақша баспасөздің қолайсыз жағдайда қалуын болдырмауға бүкiл жағдай жасайтын. Оны бiз бәрiмiз де бiлемiз. Мәселен, уақытында орталық типографияда басылып шығатын қазақ газет-журналдарын орысшасымен салыстырса, алдыңғылардың кейiнгiлерден ешбiр ұтылмағанын көрген болар едiк. Бірақ ең болмаса осындай жағдайды ұстап отыратын реттеу орындары жоқ. Мұның бәрi қазақ тiлді БАҚ-тың жұмысына кері әсерiн тигiзедi.

Казіргі заманда статистика бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматы тұрғындарының жартысынан көбі – қазақтар. Және олардың негізі – егемендік тұсында ауылдан көшіп келгендер. Осы адамдардың бәрі қазақшадан саналы түрде бас тартқан деу қиын. Мәселе басқада болса керек. Осы «басқаның» шын мәнінде не екенін ашық айта бастайтын заман келген сияқты.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру