Валюта бағамы: $ 76.92 14.25 312.47 ¥ 136.7

Көлеңкелі экономиканы азайту шаралары қаралды

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында цифрлық экономика үшін адами капиталды дамыту мәселесі мен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету шаралары қаралды. Көлеңкелі экономиканы азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндады.

Халықаралық валюта қорының деректері бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бақыланбайтын экономи­каның орташа деңгейі 15%-ды, сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 46 мың АҚШ долларын құрайды. Сондықтан көлеңкелі экономиканы төмендету жөніндегі шараларды іске асыру және қадағаланбайтын қызметті заңды айналымға тартуды ынталандыру экономикалық өсудің маңызды резерві болып табылады.
Халықаралық тәжірибе салықтық және әкімшілік рәсімдерді оңайлату, ақпараттық жүйелерді цифрландыру және интеграциялау, заңдардың орындалу шарттарын қамтамасыз ету әмбебап шаралар екендігін көрсетіп отыр. Бұл экономиканың сапасын арттыруға, бизнес жүргізу жағдайын жақсартуға, ресурстарды әділ бөлуге және бюджетті нығайтуға оң әсер етеді.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, рәсімдерді оңайлату және көлеңкелі айналымдар үшін тиімсіз ортаны құру қадағаланбайтын экономика деңгейін төмендетудің тиімді құралы саналады.
Руслан Дәленов осыған байланысты салықтық ынталандыру, есепке алуды жетілдіру, цифрландыру және бизнес үшін рәсімдерді оңайлату бағыттары бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Салық саласында кірістерді есепке алудың ашықтығын ынталандыру, арнайы салық режимдерін жетілдіру, салықтық әкімшілендіруді оңайлату шаралары қабылданды. Шағын және орта бизнес үшін режимдерді қолдану критерийлері кеңейтілді. Сауда саласы оңайлатылған декларация режиміне ауыстырылды. Жаңа тіркелген шегерім режимі енгізілді. Осы ретте соңғы 2 жылда арнайы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлер саны 20%-ға артып, 1,2 миллионға жетті.
Салықтық әкімшілендіруді оңай­лату бағытында тіркеу және төлемдерді төлеу ыңғайлы болу үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізілді. Шағын және орта бизнес үшін талап қою мерзімі қысқарды (5 жылдан 3 жылға дейін). Кәсіпкерді тіркегеннен кейін алғашқы жылы жоспарлы тексерулерге тыйым салынды, бірінші құқық бұзушылық кезінде салынатын айыппұл ескертуге ауыстырылды.
Салықтық тексерулерді қысқарту үшін тексерулердің орнына есептілік қағидаты бойынша арнайы мониторинг енгізілді. Арнайы бақылау шоты арқылы қосылған құн салығын жедел қайтару көзделген. Осының бәрі есепті тапсыруға жұмсалған уақыт көрсеткішінің 30%-ға жақсаруына ықпал етті.
Жоспарланып отырған салықтық ынталандыру шаралары шеңберінде еңбекақы төлеу қорынан төлемдер төлеуді бірыңғай төлем құжаты арқылы жеңілдету қарастырылуда.
«Тиісті сақтық» қағидатын енгізу пысықталуда. Бұл құралдың арқасында салық төлеуші мәмілелердің дұрыс жасалуына көз жеткізе алады. Бұл бизнесті жосықсыз контрагенттерден – «жалған кәсіпкерлерден» қорғайды.
Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер үшін бухгалтерлік есепті алып тастау және салық есебін оңайлату ұсынылады. Бұл арнайы салық режимдеріне қатысты.
Статистикалық нысандар саны 21%-ға төмендеді (2013 жылғы 181-ден 2019 жылы 143-ке дейін). Есептілік нысандары оңтайландырылды, толтыру уақыты 15%-ға қысқарды.
Қадағаланбайтын экономиканы бағалау әдістемесі жетілдірілді. Ескі әдістеме орын алған құқық бұзушылық статистикасына негізделген болатын.
Жаңа әдістеме үш басты қағидатқа негізделген. Бұл — халықаралық стандарттар, қаржы-шаруашылық қызмет бойынша есептілікті пайдалану, сондай-ақ салалар бойынша экономикалық бағалау.
Осылайша жаңа әдістеме салалар мен жалпы экономиканы формализациялау әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік органдар мен жеке бизнес арасындағы өзара іс-қимыл үдерісі жеңілдетілді. Мемлекеттік қызметтер автоматтандырылуда. Қызмет көрсету мерзімі 3 есеге қысқарды. Биылғы міндет – мем­ле­­кеттік органдардың ақпараттық жүйелерін 100% интеграциялау және мемлекеттік қызметтің 90%-ын онлайн түрде көрсету.
Жалпы алғанда, 2014 жылдан бастап жүйелі негізде жүргізілген заңнамалық реформалар нарыққа кіруді оңайлату, реттеуші ортаны жетілдіру, әкімшілік кедергілерді алып тастау және рәсімдерді оңайлату бойынша қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік берді. Осы ретте лицензиялар мен рұқсаттар саны екі есеге қысқарды, кәсіпорындарды тіркеу оңтайландырылып, банктің ағымдағы шотын онлайн ашу енгізілді. Шағын және орта бизнес субъектілері үшін тіркеу алымы, мөрдің болуы туралы талап, сондай-ақ жаңа құрылыс объектілерін тіркеу кезінде техникалық паспортты ресімдеу қажеттілігі алынып тасталды. Техникалық жағынан күрделі емес объектілер бойынша бірқатар құжат пен сараптама алынып тасталды, электр желілеріне қосу кезіндегі рәсімдер қысқарды, жер учаскелерін беру кезінде «бірыңғай терезе» қағидаты енгізілуде. Сондай-ақ «Екеуінің орнына бір реттеу» қағидатын енгізу қолданыстағы екі құралдың орнына жаңа реттеуші құралды енгізуді көздейді. Осылайша бизнеске реттеуші жүктеме тө­мендейді. Лицензиялар мен рұқсат­тар­ды оңтайландыру жоспарлануда.
Әкімшілік кедергілерді одан әрі қысқарту және рәсімдерді оңайлату мақсатында кәсіпкерлер мен бизнес-қауымдастықтардың шағымдары бойынша мемлекеттік органдардың тиімсіз актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру тетігін енгізу ұсынылды. Яғни бизнеске кедергі келтіретін шешімдер тез күшін жоюы және түзетілуі мүмкін.
Жоспарлы тексерулерге балама ретінде «кәсіпорындарды диагнос­тикалауға» көшу, цифрландыру аясында бизнес үшін барлық қыз­метті толық электрондық нысанда қамту көзделіп отыр. Бизнесті қаржы­ландырудың қолжетімділігін арттыру және мемлекеттік қолдау ша­ра­ларын жетілдіру жұмыстары жал­ғасады.
Осы аталған шаралар 2025 жылға қарай ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономика деңгейін 20%-ға дейін төмендетуге бағытталған. «Бұл – Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында белгіленген көрсеткіш. Аталған шараларды іске асыру эконо­миканың тұрақтылығына, бюджеттің теңгерімділігіне, бизнестің бәсекеге қабілеттілігіне оң әсер етеді», – деп түйіндеді Р.Дәленов.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру