Валюта бағамы: $ 76.92 14.25 312.47 ¥ 136.7

Ержанның ерлігі

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы екі адамды құтқару кезінде танытқан батылдығы мен ерлігі үшін Наурызбай ауданының ХҚО маманы Ержан Әбдіразақовты Басқарма төрайымының алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ Ержанға мемлекеттік корпорацияның кәсіподақ қызметінің дамуына қосқан үлесі үшін «Еңбек даңқы» медалі табысталды.

Басқарма төрайымы мен кәсіподақ ұйымы атынан берілген екі марапатты «Аза­мат­тарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қалалық филиалының директоры Данияр Қырықбаев табыс етті. Өз атынан филиал басшысы Ержан Әбдіразақовқа естелік сыйлық – қол сағатты сыйға тартты.
Естеріңізге салсақ, таяуда Алматы қаласының Наурызбай аудандық ХҚО қызметкері Ержан Әбдіразақов өз өмірін қатерге тігіп, екі адамды ажалдан құтқарып қалды. Кейін белгілі болғандай, олар кәріз құдықтарының бірінде жөндеу жұмыстарын жүргізген «Алматы Су» компаниясының қызметкерлері болған. Жұмыс кезінде олар газ түтінімен уланып, есінен танған. Ержан Әбдіразақов оларды құтқару үшін құдыққа алғашқылардың бірі болып түсті.
Екі адамның жанына араша болған Ержан ауруханадағы олардың хал-жағдайын біліп қана қоймай, уланғандардың бірі Нұржан Қалбайды ау­руханадан шығарып алған. Зардап шеккен екінші азамат Асқар Қайназаров ауруханадан шілде айының басында шығарылды. «Төменге түсу керек пе, жоқ па деген ойыма да келмеді, оларды өлімнен аман алып қалу керек. Сол сәтте оларды құтқару ғана ойымда болды. Екі азаматтың да ауруханадан шыққанына және дін амандығына қуа­ныштымын. Бұл – мен үшін ең қымбат сый», – дейді Ержан Әбдіразақов.

Айнұр БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру