Валюта бағамы: $ 76.92 14.25 312.47 ¥ 136.7

Дағдарысқа қарсы шаралар: Экономикалық белсенділікті қолдау

Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы ұлттық экономика ахуалын күрделендіре түсті. Үкіметтің 10 шілдедегі кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан бері жалпы ел экономикасының 1,8% төмендегенін айтты. Елдегі эпидемиологиялық жағдай әлі оңала қойған жоқ. Осы ретте ел аумағында кеңінен тарала түскен індетпен күрес барысындағы шұғыл шаралар үшін қосымша 150 миллиард теңге бөлінетін болды.

Пандемия елді азық-түлікпен қамтамасыз етудің әлсіз тұстарын көрсетіп берді. Халықтың табысы азайды, төлем, тұтыну қабілеті төмендеді. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбаттай түсті. Осы ретте Мемлекет басшысының оныншы шілдеде берген тапсырмаларын іске асыру шаралары елдің бас банкі тарапынан бірінші кезекте инфляцияны 8-8,5% дәліз шегінде ұстап тұруға бағытталады. Бұл туралы үкіметтің кезекті отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев баяндады.
Ұлттық банктің мәліметтеріне сәйкес, жылдық инфляция болжам­дарға сәйкес қалыптасуда. Маусымда ол 7,0%-ды құрады. Инфля­цияға негізгі үлес қосқан бағаның жылдық мәнде өсуі 11,1%-ды құраған азық-түлік тауарларының қымбаттауы болды. Бұл ретте айлық азық-түлік инфляциясы биыл сәуірдегі 1,9%-дан маусымдағы 0,5%-ға дейін бәсеңдеген. Маусымның қорытындысы бойынша жемістерге (23,0%), макарон өнімдеріне (15,3%), ет және ет өнімдеріне (14,0%), нан-тоқаш өнімдеріне және жармаларға (13,5%), балық және теңіз өнімдеріне (11,7%) ең үлкен жылдық өсім байқалады. Инфляцияның басқа құрауыштары бағасының өсуі қалыпты болып қалуда.
Азық-түлікке жатпайтын инфляция болжамды деңгейден төмен қалып­тасып, 5,4% болды. Баға өсімі­нің айлық серпіні тұрақты және 0,5%-дан аспайды. Карантин шараларының қолданылуы және халықтың нақты ақшалай кірісінің құлдырауы негізінде сатып алу қабілетінің төмендеуі жағдайында тұтынушылық сұраныстың азаюы – азық-түлікке жатпайтын тауарларға қатысты инфляция тежелуінің басты себебі. Ақылы қызметтер инфляциясы маусымда жылдық мәнде 3,0% болды.
Жалпы алғанда, 2020 жылдың қоры­тындысы бойынша жылдық инфля­цияның нақты серпіні болжамды бағалауға сәйкес келмек. 2020 жылдың соңында 8-8,5%-дық болжамды траек­тория шеңберінде кейінгі айларда жылдық инфляцияның одан әрі үдеуі күтіледі.
Карантинді күшейту жөніндегі шаралардан өскен дезинфляциялық нәтиже, сондай-ақ болжамдармен салыстырғанда ағымдағы жылғы бірінші жыртыжылдықта ішкі жалпы өнімнің барынша айтарлықтай төмендеуі 2021 жылы 4-6% нысаналы дәліздің жоғары шегіне қарай инфляцияның біртіндеп баяулауын қамтамасыз етеді.
Инфляциялық үдерістерге фис­кал­­­дық және квазифискалдық қар­қын­ның әсері, карантин жағ­дайын­да жеткізу тізбегінің бұзы­луы­нан туындаған ұсыныстың төмендеуі, сонымен қатар теңгенің айырбастау бағамының әлсіреуі аясында импорттық жеткізілімдер бағасының өсуі ағымдағы сәттегі негізгі тәуе­кел­дер болып табылады.
Биыл алғашқы жартыжылдықтың қорытындысында еліміздің жалпы ішкі өнімі болжамды -1,5% кезінде жылдық көрсету бойынша 1,8%-ға қысқарды. Бұл мамырдың ортасынан бастап карантин шараларының бәсеңдеуіне, сауда және қоғамдық тамақтану орындарының ашылуына қарамастан, қызмет көрсету секторындағы төмендеуге негіз болды. ІЖӨ серпініне ақпарат пен байланыс (9,0%), денсаулық сақтау, білім және мемлекеттік басқару салалары оң үлес қосты. Тау-кен (2,2%) және өңдеу өнеркәсібінде (4,8%) өндірістің өсуі байқалды. Құрылыс жұмыстары ауқымының кеңеюі (11,2%-ға) мен жалпы ауыл шаруашылығы өнімін шығару көлемінің ұлғая түсуінің де (2,4%-ға) экономикалық белсенділіктің біршама артуына ықпалы болды.
Ұлттық банк кәсіпорындарға жүргізілген пікіртерім негізінде есептеген іскерлік белсенділік индексі теріс аймақта тұр. Дегенмен ағымдағы жылғы сәуірде тарихи ең төмен көрсеткішке дейін құлдырағаннан кейін (37,2), маусымда 46,8-ға дейін өсті. Салалар бойынша көрсеткіштің баяулауы көбінесе қызмет көрсету мен өнеркәсіп секторында байқалады.
Тұтынушылық және инвестиция­лық белсенділіктің төмендеуі жиын­тық сұранысқа қысым көрсетуде. Пандемия кезіндегі карантин шаралары тұтынушылық белсенділіктің төмендеуіне ықпал етіп, халықтың кірісіне теріс әсер етті. Жалдамалы қызметкерлердің нақты еңбекақысы өсуінің бәсеңдеуі, жекелеген өндірістердің жабылуы мен тоқтата тұрылуы еңбек нарығындағы жағдайдың нашарлауына әкеп соқты. Халықтың нақты табысының құлдырауына байланысты ішкі сұраныстың азаюы – негізгі капиталға инвестициялар қысқаруына себептің бірі. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша негізгі капиталға инвестициялар көлемі жылдық мәнде 2,9%-ға төмендеген. Теңіз кен орнындағы құрылыс жұмыстарының тоқтатылуына байланысты тау-кен өнеркәсібіндегі инвестициялардың 11,6%-ға төмендеуі (2019 жылғы есепті кезеңге қарағанда) инвестициялық белсенділік серпініне әсер етті. Осы кезеңде әлеуметтік қамтамасыз ету мен әлеуметтік көмекке мемлекеттік шығыстардың өсуі жиынтық сұра­нысқа қолдау көрсетеді. Бұл са­лаға республикалық бюджеттің шы­­ғыстары биылғы бірінші жарты­жылдықта 19,9%-ға өсті.
2020 жылғы маусымда карантиндік шектеулерді ішінара алып тастау нәтижесінде әлемдік өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласындағы көрсет­кіштердің жақсарғаны байқалды. Алайда, CoviD-19 пандемиясының қайта өршу тәуекелі жоғары болған­­дықтан, алдағы уақытта әлем­дік экономикадағы іскерлік белсенді­ліктің қалпына келу-келмеуі белгісіз болып қалмақ. Сыртқы сұраныстың төмендігі мен ынталандыру шара­ларының жетіспеушілігі Қытай эко­номикасының қалпына келуіне қара­мастан, әлемдік экономиканың күтіліп отырған өсуін шектеуі мүмкін. Әлемдік экономиканың одан әрі даму перспективаларына әлемдегі әлеуметтік толқулар, АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық қатынастардың ықтимал нашарлауы, дамыған елдерде ұзақ уақыт сақталып келе жатқан төмен инфляция, кейбір елдердегі жоғары жұмыссыздық және берешектің өсуі де әсер етеді.
Сыртқы нарықтағы осындай тұр­лаусыздық жағдай Қазақстанның сауда әріптес елдеріндегі өсу мүмкіндіктерін биыл төмендеу жағына қарай қайта қарауға негіз болды. Consensus Economics күтулеріне сәйкес, биыл Ресей экономикасы 5,2%-ға қысқарады. Коронавирус пандемиясы аясында тұтынушылық сұраныс пен ахуалдың нашарлауына байланысты Еуропалық одақ экономикасының биылғы жылға өсу болжамы 8,4%-ға дейін төмендеді. Қытай экономикасы бойынша болжамдар өзгерген жоқ. Қытайдағы ІЖӨ-нің өсуі биыл 1,4%-ды құрайды. Осыған байланысты негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын қайта қарау талап етіледі.
Осы кезеңде сыртқы инфляция­­лық ая төмен деңгейде сақталуда. Ма­мыр­­дың қорытындысы бойынша Еуропалық одақтағы инфляция 0,5% болды. Маусымда Қытайдағы бағаның жыл сайынғы өсуі нысаналы бағдардан төмен болғанымен, 2,5%-ды құрады. Ресейде маусымда инфляция 3,2% деңгейінде болды. Экономиканы қалпына келтіру перспективасының төмендеуі және дезинфляциялық тәуекелдердің айтарлықтай өсуі жағ­дайында РФ Орталық банкі соңғы шешімінде негізгі мөлшерлемені 4,5%-ға дейін 1 п.т. төмендетті.
Ұлттық банк инфляция серпініне әсер ететін аталып өткен ішкі және сыртқы факторлардың мониторингін жүргізуді жалғастыра отырып, биыл­­ғы жылы инфляцияны 8-8,5% дәліз шегінде ұстап тұру үшін қолда бар құралдарды пайдаланатын болады. «Сонымен қатар, Мемлекет басшы­сының монетарлық емес инфляцияны төмендету тапсырмасын орындау мақсатында нарықтарды тауарлармен толтыру, жеткізу тізбегін оңтайландыру және алыпсатарлыққа жол бермеу жолымен Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан импортқа тәуелділікті азайту бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл ақша-кредит саясатын іске асырудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік бе­реді», – деді Е.Досаев.
Екінші – бұдан бұрын қабыл­данған дағдарысқа қарсы шаралар мен жаңа бастамалардың негізінде экономиканы қалпына келтіруге қатысу. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп ағымдағы жылғы шілденің соңына дейін әлеуметтік-экономикалық ахуал нашарлаған жағдайға салаларды қолдаудың қосымша шаралар топтамасын дайындайды. Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларының шеңберінде Агенттік пен Ұлттық банк пруденциялық реттеу шаралары мен мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру арқылы экономиканы кредиттеуді ынталандыруды жалғастырады.
Үшінші – экономикалық белсен­ділікті қолдау үшін қаржы нарығын дамыту. «Инвесторларды тарту үшін кіріс­тілік қисығын құру бойынша жұмыс жалғасады. Ол үшін Қаржы министрлігімен бірлесіп, 2020 жылы 1 жылдан 3 жылға дейінгі секторда және 2021-2022 жылдары 1 жылдан 5 жылға дейінгі секторда мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару қамтамасыз етілетін болады», – деді Е.Досаев.
Биылғы жылдың соңына дейін тұрақты негізде 1 трлн теңге сомаға дейінгі көлемде қысқа мерзімді қағаздарды шығарумен МБҚ-ны шығару кестесіне тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл Қазақстанның мемле­­кеттік бағалы қағаздарын облига­циялардың халықаралық индекстеріне енгізу жұмысын жалғастыруға мүм­кіндік береді. Ұлттық банк төрағасы қор нарығын экономикаға инвестициялар тартудың маңызды көзі ретінде одан әрі дамыту үшін Агенттік Ұлттық банкпен және Үкіметпен бірлесіп, оның артта қалу проблемалары мен себептеріне талдау жүргізетінін атап өтті. Соның негізінде қор нарығын одан әрі дамыту, оның ішінде оны «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуеті мен инфрақұрылымын пайдалана отырып, халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдастыру жөнінде кешенді ұсыныстар дайындалады.
Төртінші – жүйелік тәуекелдердің жиналуын болдырмау үшін қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Экономикалық айналымға жұмыс істемейтін активтерді тарту үшін Проблемалық кредиттер қорының мүлкін сату бағытындағы шаралар қолға алынбақ. Бұл жұмыс істемейтін активтердің тиімді нарығын құруға мүмкіндік береді. Жүйелік тәуеке­лдерді азайту мақсатында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп банк жүйесі активтерінің сапасын (AQR) ұдайы негізде бағалау үшін ұсыныстар дайындайды.
Ұлттық банк осы дүйсенбіде инфля­ция­ның болжамды дәліз­ден ауытқу тәуекелдерін, сыртқы сектордағы қалпына келу қарқыны­ның белгісіздігін және ұлттық эко­номиканың едәуір қысқаруын ескере келіп, базалық мөлшерлемені пайыздық дәлізді +/- 1,5 п.т. дейін тарылта отырып, жылдық 9,00% деңгейіне дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну негізіндегі тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 10,5% және өтімділікті алу негізіндегі тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 7,5% болады.
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі проинфляциялық тәуекелдердің биылғы алғашқы жартыжылдықта болжамды шекте күтілгенге қарағанда біршама әлсіреуі мен экономикалық белсенділіктің барынша қысқаруына негізделді. Карантинді қатаңдату бойынша қабылданған шаралардың қосымша дезинфляциялық әсер берері түсінікті. Ұлттық банк хабарламасында долларландырудың өсу тәуекелдері айтарлықтай төмендегені атап өтілді. Теңге активтерін қорғау жөніндегі жедел шаралар нәтижесінде алғашқы 6 айдың қорытындысы бойынша депозиттерді долларландыру алдын ала деректер бойынша 43,1%-дан 40,0%-ға дейін төмендеген, бұл базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігіне де ықпал етеді.
Пайыздық дәлізді тарылту – қаржы нарықтарындағы ахуалдың тұрақтануына және экономиканың жаңа жағдайларға біртіндеп бейімделуіне байланысты туындаған шешім, делінген хабарламада. Бұл шешім ақша нарығының мөлшерлемелерін базалық мөлшерлемеге жақындатуға мүмкіндік береді, ақша нарығы мөлшерлемелерінің құбылмалылығын төмендетуді қамтамасыз етеді және нарық қатысушылары тарапынан тұрақтылыққа деген сенім қалыптасуына ықпал етеді. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі кредиттердің құнын төмендете отырып, өсірілген кредиттік тәуекелдерді белгілі бір дәрежеде өтеуге, ел экономикасына карантинді күшейту жөніндегі шаралар салдарының ықпалын реттеуге мүмкіндік береді және экономикалық өсімді қалпына келтіру үдерісін қолдайды. Бас банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімі 7 қыркүйекте жарияланады.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру