Валюта бағамы: $ 76.92 14.25 312.47 ¥ 136.7

Көрші ел ұйымының көмегі

Елімізде қауіпті індет кезінде қажетті дәрі-дәрмектің тапшылығы тұтас жойылды деуге болады. Әр өңірге жан-жақтан дәрінің түрлері жеткізіліп жатыр. Мәселен, Нұр-Сұлтанға медициналық препарттардың кезекті партиясы келді. Екі жарым миллион қорап дәрі Covid-19 бен пневмонияны емдеуге арналған. Олар негізінен антибиотиктер мен вирусқа қарсы және ыстық түсіретін дәрілер. Қазір барлығы дәріханаларға үлестіріліп жатыр.

Ал өз кезегінде «Добро-Со­седство» акциясы өзінің бас­тауын алды. Акция ұйымдас­тырушылары Қазақстандағы қиын жағдай кезінде шет қалмау үшін «Добро-Соседство» шарасы жүзеге асырылғанын атап өтті.
Ресейдің азаматтық сектор өкілдері Қазақстанға барлығы 100 мың бетперде, 20 мың қолғап, тонометр, термометр және антисептик жібереді. Жүктің жалпы құны – 1,5 миллион рубль (9 миллион теңге) құрады.
Қазақстанның әр түрлі ұйым­дарына (медициналық және во­лон­терлік ұйымдар; балалар және қарттар үйлері) волонтерлік қолғаптар, маскалар, қан қысымын бақылау құралдары, электронды термометрлер, медициналық ингаляторлар таратылып жатыр
Гуманитарлық көмектің ал­ғашқы партиялары Екатерин­бургтан Қостанай, Көкшетау, Петропавл қалаларына, Уфадан Қостанай және Нұр-Сұлтан қалаларына, Астраханнан Атырауға, Саратовтан Оралға жеткізілді.
Сонымен қатар Ресейдің ком­­мерциялық емес ұйымынан Қостанайға гуманитарлық көмек келді. «Урал Евразия» сарап­шылық клубы коронавирус инфекциясының алдын алуға арналған дәрілік заттар жіберді. Бағалы жүкті «ГрИн» азаматтық альянсының, облыстық ҮЕҰ және «Жанашыр бол» ҚҚ еріктілері күтіп алып, түсіріп, таратуға бір кісідей жұмылды. Қораптарда бетперделер, қолғаптар, антисептиктер, қызу түсіретін дәрілер, градус өл­ше­гіштер, тонометрлер және өзге де дертпен күресуге аса қажет зат­тар бар. Шекаралық әріптестік аясында мұндай көмекке Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарының ҮЕҰ-дары да ие болғанын айта кету керек.
Жуырда Қостанайға 4 тон­наға жуық антибиотик пен қызу түсіретін дәрілік заттар әкелінді. Бүгіндері тапшылығы сезіліп отырған бұл дәрі-дәрмектерді облыс бюджетінен бөлінген қаржыға «Цветная» дәріхана желісі сатып алды. Осыдан екі апта бұрын облыс әкімдігі ауадай қажет дәрілерді сатып алуға 300 млн теңге бөлген еді. Бұл қаржы бөлшектік сауданы жүзеге асыратын ірі дәріхана желілеріне және көтерме сауда фирмаларына бағыттаған болатын. Олардың қатарында «Цветная» дәріхана желісі де болды. Олардың қоймасына препараттар тиелген фура келді. Жүк көлігі әкелген дәрі-дәрмектің жалпы құны 110 миллион теңгеге тең. «Сапасы өте жоғары еуропалық препараттарға қолымыз жетті. Жалпы көлемі – 4 тонна немесе 90 мыңнан астам қаптама. Олар – цефтриак­сон, аспирин, сумамед және басқа да аса қажетті дәрілер», – деді «Витайм» ЖШС директоры Александр Носов.
Қоймаға келген антибио­тиктер мен қызу түсіретін дәрілер жәшіктерінің ішінде ерекше назар түсетіні – тапшылығы қатты сезілген парацетамол бар. Олардың қорабынан Болгария, Дания, Германия өндірісі екенін оқуға болады. Бұл дәрілер Балтық жағалауы елдерінен сатып алынған. Тауарды Қостанайға жеткізу үшін бар-жоғы 4-ақ күн кеткен. Серіктестік директорының айтуынша, дәрілер сол күні-ақ «Цветная» дәріхана желісінің барлық нүктесіне таратыла бастайды. Дәрі-дәрмектерді түсіру жұмыстарымен қойма жұмыскерлері түні бойы айналысуы тиіс. Мұндай тапсырманы желі директоры беріп отыр, өйткені препараттар мүмкіндігінше тезірек сөрелерде пайда болуы керек. Дәріханалардың иелерінің алдындағы ендігі міндет – осы дәрі-дәрмектерге жұмсалған қаржыны облыс бюджетіне қайтару. Ал облыс әкімі белгілеген шекті мерзім – 2020 жылдың аяғы. Бірақ бұл бағаның көтерілуіне себепші болмауы тиіс.
Коронавирус індетімен күрес кезінде Қостанай облысына қарасты Денисов аудандық ауруханасының провизорлық стационарын оттегі концентраторларымен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Осыған байланысты «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы «Арай Холдинг» ЖШС-нің бас директоры Виктор Соложенковқа демеушілік көмек көрсету туралы өтініш жолдаған болатын.
Инфекциямен күресуге жұ­мылдырылған медициналық ұйымдар оттегімен қамтамасыз етіледі. Қостанай облысының 4 ауруханасында, атап айтқанда, облыстық аурухана, Қостанай және Рудный қалалық ауруханаларында, Тобыл қаласының туберкулезге қарсы диспансерінде стацио­нарларды оттегіні бөлудің орталықтандырылған жүйесімен жабдықтау мәселесі қарастырылды. Жобаның болжамды құны – 715 миллион теңге. Сондай-ақ жақын арада АҚШ, Түркия, Қытай және Ресей өндірісінің 400-ден астам оттегі концентраттары жеткізіледі деп болжануда.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру