Валюта бағамы: $ 76.92 14.25 312.47 ¥ 136.7

«ҚАЗМҰНАЙГАЗ: Коронавирус індетімен күреске 2,6 млрд теңге бөлді

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (ҚМГ) басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңір басшысы Серікбай Тұрымовпен кездесіп, компания кәсіпорындарындағы эпидемиологиялық ахуалды және коронавирустың әрі қарай таралуының алдын алу мақсатында қолға алынған шараларды талқылады.

Сонымен қатар Алик Айдарбаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ниясының өңір тұрғында­рына көрсетіп жатқан демеушілік және қайырымдылық көмегі туралы баяндады. «Біз алғашқы күннен бастап пандемияға қарсы күреске барынша атсалысып келеміз. Компания өз қызметін жүргізетін өңірлердің тұрғындарына қамқорлық көрсетуде. «ҚазМұнайГаз» компаниясы жалпы сомасы 2,6 млрд теңгеге, соның ішінде Маңғыстау облысына 1,8 млрд теңгеге демеушілік қолдау көрсетті. Бұл қаражат аса қажетті медициналық құрал-жабдық, реанимобильдер, оттегі концентраторларын және өкпені жасанды желдету аппаратарын сатып алуға жұмсалды. Сонымен қатар ҚМГ-ның еншілес компаниялары әкімшілік пен медициналық мекемелерге көлік, жеке қорғаныш құралдарын, сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған азық-түлік жинақтарын алып берді. Біз коронавирус індетімен бірлескен күрес барысында дәрігерлер мен жергілікті атқарушы органдарға жан-жақты көмек көрсетуді жалғастыратын боламыз», – деп атап өтті ҚМГ басшысы Алик Айдарбаев.
Қазыналы өңірге жұмыс сапары барысында Алик Айдарбаев Ақтау қаласындағы медициналық орталықтың жұмысымен танысты. Аталған орталық «ҚазМұнайГаз» -дың еншілес және сервистік компаниялары жұмысшыларын вахта ауысымына кірісер алдында ПТР-тестілеуден өткізеді. Тестілеуден тәулігіне 200 адамға дейін өтеді. Тестілеу COVID-19 жұқтырғандарды анықтауға және өндіріс орындарында аурудың таралуының алдын алуға септігін тигізеді.
Сондай-ақ осы сапар барысында Алик Айдарбаев Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қара­жанбасмұнай» АҚ және сервистік кәсіпорындар басшылары­ның қатысуымен селекторлық жиналыс өткізді. Жиналыс барысында ағымдағы қызметтің, дағдарысқа қарсы стратегияның іске асырылу, пандемиямен күрестің және санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың қатаң орындалуы мәселелері талқыланды.
Сонымен бірге Алик Айдарбаев коронавирус инфекциясы мен пневмониядан қайтыс болған қызметкерлердің отбасыларына және туған-туыстарына көңіл айтып, науқастанған әріптестестеріне тезірек сауығып кетуін тіледі. «Өкінішке қарай, әріптестеріміздің арасында да осы індеттен қайтыс болғандар бар. Бұл жанға бататын ауыр жағдай. Бақилық болған қызметкерлер мұнай-газ өнеркәсібін дамыту мен өркендету ісіне елеулі үлес қосқан азаматтар еді. Олардың ерен еңбектерін біз ешқашан ұмытпаймыз», – деді Алик Айдарбаев.
Жаңаөзен қаласында ҚМГ басшысы үстіміздегі жылдың қыркүйек айында ашылуы жоспарланып отырған мүмкіндігі шектеулі бала­ларға арналған медициналық-оңалту орталығына барды. Жобаға «Өзен­мұнайгаз» АҚ тарапынан 50 млн теңге бөлінген. Орталықта жылына 700 балаға дейін оңалтудан өте алады.
Сондай-ақ Алик Айдарбаев «Өзен­мұнайгаз» АҚ жанындағы провизорлық орталықтың қызметі­­мен танысты. Провизорлық орта­лық қалалық инфекциялық емханалардың жүктемесін азайту үшін қосымша 65 төсек-орынмен жабдықталды, тәулігіне 500-ге жуық науқасты қабылдай алады. ҚМГ басқарма төрағасы «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылығына провизорлық орталықты қажетті жабдықпен қамтамасыз етуді тапсырды. Ол келешекте «Өзенмұнайгаз» АҚ қызмет­керлері мен олардың отбасы мүшелерін емдеуге арналған толыққанды медициналық орталық ретінде жұмыс істейді деп жоспарлануда.
Пандемия кезеңінде «ҚазМұнай­Газ» ҰК» АҚ компаниялары тарапынан Маңғыстау облысы бойынша көрсетілген демеушілік көмек туралы ақпаратты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Атап айтқанда, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ компьютерлік томография аппаратын сатып алу үшін 475 млн теңге бөлді. Бұл жабдық жақын арада Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілетін болады. Жергілікті медицина ұйымдарына 817 млн теңгеден астам сомаға 20 өкпені жасанды желдету аппараты және үш реанимобиль сатып алынды.
«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының мұнайшылары өз еріктерімен жергілікті ауруханаларға оттегі баллондарын жинақтау, толтыру және жеткізу жұмыстарын ұйымдастырды. Компанияның демеу­шілік қолдауымен Ақтау қаласына Ресейден 9 адамнан тұратын бір топ жоғары білікті медицина қызмет­­керлері келді. Олар: инфекционист, пульмонолог, терапевт, реаниматологтар.
«Өзенмұнайгаз» АҚ Жаңаөзен қаласының ауруханасына жалпы сомасына 40 млн теңгеге 2 жаңа маман­дандырылған реанимобиль алып берді. Компания карантин кезеңінде қаланың тұрғындарына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Айталық, компания 6 инфрақызыл тепловизор және қалада дезинфекциялық жұмыстарды жүргізуге бірнеше арнайы техника бөлді. «Өзенмұнайгаз» қызметкерлерінің жергілікті
кәсіподағы» бірлестігі қалалық аурухананың қажеттіліктері үшін 5 млн теңгеге 10 оттегі концентраторын, 6,9 млн теңгеге 4 науқастарға арналған мониторды, 723 мың теңгеге 100 оттегі редукторы мен 150 метр оттегі шлангысын сатып алды.
«Қаражанбасмұнай» АҚ Маң­ғыс­тау облысының әкімдігіне өңірдің жұқпалы аурулар және провизорлық мекемелері үшін оттегі концентраторларын алуға жалпы сомасы 20 млн теңгеге демеушілік көмек көрсетті. Түпқараған ауданының әкімдігіне провизорлық орталыққа тапсыру үшін оттегі концентраторларын, меди­циналық құрал-жабдықты және жеке қорғаныс құралдарын алуға 7,4 млн теңге бөлінді. Жақын арада компания Ресейден келген медицина мамандарының шығындарын өтеуге және қажетті дәрі-дәрмек алуға тағы да 43,5 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр.
«Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС осы айдың соңына дейін Маңғыстау облысының әкімдігіне 20 өкпені жасанды желдету аппаратын және жеке қорғаныш құралдарын беруді жоспарлап отыр. Әкімдік оларды медициналық мекемелерге үлестіріп береді. Демеушілік көмектің жалпы сомасы 320 млн теңгеден асады.
«CASPI BITUM» БК» ЖШС Ресейден келген тоғыз дәрігердің қонақ үйде бір ай тұруын төлеп берді.

ЕРНАР орманов


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру