Валюта бағамы: $ 76.92 14.25 312.47 ¥ 136.7

Індет ұлттық құндылыққа назар аудартты

Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов Antikor Live эфирінде пандемия кезіндегі тамақтану мен гигиенаның рөлі туралы баяндады. Академиктің пайымдауынша, науқастың аяққа тұруы үшін қажет басты төрт нәрсе –тазалық, сапалы тағам, сенім және жоғары көңіл-күй.

Ұлттық бастауларымызға оралу мүмкіндігі

«Covid-19 инфекциясының басты ерекшелігі – жасы келген жандарға аса қауіпті. Сол үшін де олардың күтіміне көбірек көңіл бөлген дұрыс. Қазақтың ұлттық менталитетіндегі үлкенді құрметтеу ұғымының орны зор. Өкініштісі, қазіргі заманда қарттарға құрмет арзандап кетті. Жасы келген әке-шешесін жұртқа не қарттар үйіне қалдыратындар бар. Адамгершілік арзандап кетті. Коронавирус эпидемиясы, міне, осыны еске салып, ұлттық бастауға қайта оралуға мүмкіндік тудырып отыр», – дейді академик.
Шындығында да, соңғы 30 жыл бедерінде қоғамдағы адамгершілік тәрбиесі қағидаларының күрт құл­дырауы ұлтымыздың ғасырлар бойғы жиған-терген асыл қасиеттері­нің өзін жоғалтып алу қаупіне душар етіп отыр емес пе? Халқымыздың біртуар ұлы, Шорманов мырзаның осыны еске салып отырғаны де бекер емес. Әрине, жаны ауырғасын, қариясын сыйлаудан қалып, қара бастың қамы мен құр құлқынын толтыруды көздеп кеткен ұрпақты тәубеге шақырған аталы сөз деп те қабылдаған жөн мұны. Тек сонымен шектелмей, лаң салған індеттен қалай арылудың жолын көрсетіп қана қоймай, білімді де білікті ғалым ата мен әжені сыйлаудың нақты жолын да көрсетеді. «Үлкен адамға төрді ұсынған дұрыс. Төр қашанда таза орын. Оларға ұлттық тағамдарды көбі­рек ұсынған абзал. Дастархан таза, тағам жақсы болса, індет те қашықтай түседі. Қарт жандардың көңіл-күйі үнемі жақсы болуы шарт. Сондай-ақ эпидемия кезінде өзге жандармен қарым-қатынасын шектеген абзал. Жас адам індет жұқтырса, ауырып аяққа тұрып кетеді, ал қарттардың аман қалуы қиындау», – деп ақыл қосады ол.

Жылқының қымызы мен етіне еш тағам жетпейді

«Науқас адамның тамағына ерекше көңіл бөлу қажет. Ең пайдалысы – сұйық тағамдар. Сұйықтық ағзаға тез сіңетіндіктен, вирусты да сыртқа шығару мүмкіндігі жоғары. Ұлттық сусындардан ең пайдалысы – қымыз, айран. Одан бөлек, таза судың да рөлі зор. Қымыз дәруменге ерекше бай, оны басқа сусындармен салыстыруға келмейді. Жалпы, жылқының қымызы мен етіне жететін ешқандай тағам жоқ. Қазақта тамақтың сіңуі туралы: «Қойдың еті – ертеңгі күн батқанша, сиырдың еті – таң сарғайып атқанша, жылқының еті – төсек салып жатқанша», деген сөз бар. Осыдан-ақ жылқы еті үш есе жылдам сіңетінін аңғаруға болады. Ол ғылыми дәлелденген. Тағамтану маманы ретінде мұны бар жауапкершілікті мойныма ала отырып, айта аламын, – деп ашып айтты пікірін академик. – Қымыздың құрамында С дәруменінің үлесі жоғары. Биенің сүті мен етінде транс май қышқылы жоқ. Ал ол, мәселен, сиыр сүтінде бар. Сол себепті қымызды 100% пайдалы деуге болады».
Атамыз қазақтың салт-дәстүрі ұла­ғатының ұлылығына тәнті болып қана қоймайсың мұндайда, тағам­ды таңдап ішкенін, оның ішінде қай­сысының ағзамызға қаншалықты пайдалы екенін саралап білгеніне де шексіз риза боласың! Дәл қазір алғашқы кездегі абдыраңқырап қалған сәттерден соң ес жинап, жан-жағын байыпты бағамдай алған халқымыз індетті байырғы халықтық ем-домы­мен, әсіресе ұлттық тағамдары мен сусындары күшімен бетін қайтара алғандай күй танытуда.
Осы ретте еліміздің қай өңірін алсақ та, жергілікті кәсіпкерлер өз күштерімен, тіпті биліктің күші жетпей жатқан кездері де, дәрі-дәрмектерді де, аса қат өкпені жасанды желдету жабдықтарын да іскерлердің қаражатына, кейде тіпті халықтың өздері жиған ақшаға сатып алып та қиындықтан шығудың жолдарын тауып жатқандары қуантпай қоймайды.
Дегенмен де, білікті академик дәрігердің ақыл-кеңесі, әсіресе қазір­гідей жағдайда, әрине, алтынға пара-пар. Сонымен, Төрегелді Шарманов мырзаның мына пікірін де қаперге алған абзал болар.

Емшілеріміз – халық денсаулығының жанашыры

«Дәрі-дәрмек ауруға 100 пайыз ем болады деу – қате ұғым. Статистика бойынша ең көп дегенде 95-96 пайыз пайда беруі мүмкін. Дегенмен, аурудан айығуға әсер ететін өзге факторларды да естен шығармау керек. Мәселен, адамның көңілі, ниеті аурудан айығуға керемет әсер етеді. Тіпті, емдеуші дәрігердің бет-бейнесіне қарап-ақ ауру жеңілдейді. Сондықтан, бірінші кезекте адамның сенімін түсірмей, көңілін аулаған абзал. Сол үшін де мен «дәрігер» сөзін түбірі «дәрі» болғандықтан жақсы қабылдамаймын. Ол «дәрі беріп емдеуші» дегенге келеді. Дұрысы – емші. Яғни тек дәрі-дәрмекпен ғана емес, науқасты сөзімен, ісімен, көңілі­мен де емдеп жазушы», – деп түйіндеді академик Т.Шарманов ашық эфир барысындағы сұхбатында.
Тағдыр тауқыметінен талай жапа шеккен қазақ халқы осы бір жайсыз індетті де абыройлы еңсерері даусыз. Бұған ұлағатты ұлтымыз данасының пікірі де зор дем беріп отыр десек, қателеспеген болар едік. Індетпен күресте, қиналғанда жұдырықтай жұмылатын салтымызбен бірге, басқа да ұлттық құндылықтарымызды ұлық­тауға шақырған академик үлгісі – өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру