Валюта бағамы: $ 76.92 14.25 312.47 ¥ 136.7

Эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды, электронды сауда көлемі өсті: Осы үрдісті сақтап қала аламыз ба?

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің сейсенбідегі селекторлық отырысында елдегі эпидемиологиялық ахуал және коронавирусқа қарсы күрес шаралары, сонымен қатар электронды сауданы дамыту мәселесі қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады. Министр қатаң карантиндік шектеу шаралары енгізілген 5 шілдеден бастап 3 апта ішінде 35951 жаңа КВИ-мен ауыру тіркелгенін, жалпы бүгінде тіркелген жағдайлардың 29%-ға төмендеуі байқалып отыр­ғанын айтты. Карантиндік шараларды жеңілдетудің әзірленген критерийлеріне сәйкес, министрлік инфекцияның репродуктивтік көрсеткішін (бір науқас оқшауланғанға дейін ауруды жұқтыратын адамдар саны) және КВИ емдеу үшін инфекциялық стационарлардың төсек-орын қорының қамтылу пайызын қадағалайды. Нәтижесінде инфек­цияның репродуктивтік көрсет­кіші 1,2%-дан 0,99%-ға, төсек-орындардың қамтылу пайызы 90%-дан 47%-ға дейін төмендеуіне қол жеткізілді. Осылайша, денсаулық сақтау жүйе­сіне түсетін жүктеменің негізгі көрсет­кіштерінің жоғарыда көрсетілген оң серпіні карантиндік шараларды кезең-кезеңмен жұмсарту мүмкіндігі бар екенін көрсетіп отыр. «COVID-19-дан сырқаттанушылық пен өлім-жітім жағдайын одан әрі тұрақтандыру экономиканың барлық секторларының үйлесімді жұмысына және тартылуына байланысты екенін ерекше атап өткім келеді. Атап айтқанда, қабылданатын тұрақтандыру шараларының тиімділігі тек қана 30%-ға медициналық көмек пен эпидемиологиялық іс-шаралар­дың сапасына байланысты», – деді ведомство басшысы.
Карантиндік шаралардың мерзімі 2 тамызда аяқталады. Жалпы осы кезеңде еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды, медицина ұйымдарының жүктемесі біршама азайды. COVID-19-дан сауығып кеткендердің саны 63%-дан асты. Ауру жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 1,7%-ға дейін азайды, ауруханалардағы төсек-орын жүктемесі 46%-ға дейін, жедел жәрдемді шақыртулар саны 38%-ға төмендеді. «Барлық өңірлер дәрі-дәрмектің жеткілікті қорымен қамтамасыз етілген. Эпидемио­логия­лық жағдайды одан әрі жақсар­туымыз қажет. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі карантиндік шараларды біртіндеп алу жоспарын ұсынып отыр. Бұл жоспар қазіргі жағдай мен осы айдың қорытындысы ескеріле отырып, Мемлекеттік комиссияның отырысында қаралып, тиісті шешім қабылданатын болады», – деп түйін­деді талқыланған мәселені Асқар Мамин.
Отырыста қаралған электронды сауданың даму барысы туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Бағдат Мусин баяндап берді.
Бақыт Сұлтанов биыл бірінші жар­тыжылдықта елімізде электронды сау­даның бөлшек тауар айналымындағы көлемі бір жарым еседен астам өскенін атап өтті. «Қазпочта» АҚ мәліметіне сәйкес, биыл алғашқы жартыжылдықта электрондық сауда нарығының көлемі 435 млрд теңгені құрады. Бұл бөлшек сауданың жалпы көлемінің 9,4% құрайды. Осы жылдың соңына дейін 900 млрд теңгеге өсім болжануда. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш бөлшек сауданың жалпы көлемінің шамамен 13% құрай отырып, 1,9 трлн теңгеге жетеді. Бұған дейін қойылған міндет 2025 жылға қарай жалпы бөлшек саудадағы электрондық сауданың үлесін 10%-ға дейін жеткізу болды. Алайда, ҚР СИМ 2025 жылға қарай электрондық сауда үлесінің нысаналы көрсеткішін 15%-ға дейін қайта қарауды бастады, бұл сауданы дамытудың 2021-2025 мемлекеттік бағдарламасында көрсетілетін болады.
Карантин кезінде онлайн сауда мен төлем операцияларын жүргізудің ұлғаюы байқалды. Ұлттық банктің мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елдегі қолма-қол ақшасыз операциялардың көлемі 2,5 есеге ұлғайып, шамамен 7,5 трлн теңгені құрады.
Министр электрондық сауда үлесінің өсуіне қарамастан, онлайн-желіге толық көшу үшін әлі де кедергілер бар екенін айтты. Бұл – көлеңкелі экономика үлесінің, банкаралық төлемдер, эквайринг бойынша комиссияның жоғары болуы, шағын, орта кәсіпорындардың дайын еместігі және тауарларды уақтылы жеткізе алмау сияқты түйткілдер.
Бақыт Сұлтанов электрондық сауданың өсу қарқынын қолдау үшін нормативтік және техникалық қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтіп, осы бағытта қарастырылып отырған шараларға кеңінен тоқталды. «Жоғарыдағы трендтерді ескере отырып, біз элек­трондық коммерцияның барлық қатысушыларын қолдау үшін толық­қанды архитектурасын қалып­тасты­­рамыз және Қазақ­стандағы B2B мен B2C сегменттеріндегі көлемдерді ұл­ғай­туға мүмкіндік береміз», – деді министр.
Премьер-министр күн тәртібінде қаралған екінші мәселеге қатысты талқылауды қорытындылай келіп, электронды сауданың перспективасы зор екенін, әрі экономиканың ілеспе секторлары – логистикаға, кон­тейнерлік тасымалдауға, курьерлік қызметтерге, цифрлық сервистер мен қызметтерге, қолма-қол ақшасыз айналымға, еңбек нарығына және тағы басқаларға мультипликативті әсерін тигізетінін атап өтті. «Біздің алдымызда электронды сауда рәсімдерін жеңілдетіп, қаржыландыруға жол ашатын, интернет арқылы мәміле жасауға сенімділікті нығайтатын, сондай-ақ киберқылмыстарға қарсы әрекет етуге мүмкіндік беретін тиімді шараларды қалыптастыру міндеті тұр», – деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы 2025 жылға қарай, еліміздің электронды сауда секторында аралас салаларды ескере отырып, шамамен 300 мыңнан аса жаңа жұмыс орны мен мамандығы ашылатыны болжанып отырғанын атап өтті. Осы ретте Премьер-министр Сауда министрлігіне Еңбек министрлігі, «Атамекен» ҰКП және ірі интернет-дүкендермен бірге кәсіпкерлерді онлайн-сауданы тиімді жүргізуге оқыту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді, оның ішінде бағдарламаға жастарды белсенді тартуды тапсырды.
Сауда логистикасын одан әрі тиімді дамыту мақсатында сауда, цифрлық даму министрліктеріне фулфилмент-орталықтар желісін және қазіргі таңда құрылып жатқан Ұлттық тауар өткізу жүйесін дамыту бойынша Жоспарды үйлестіру, ал Қазақстанның Даму банкімен бірлесіп онлайн-саудада жаңа несиелендіру өнімдерін қарастыру мәселесін пысықтау тапсырылды.
Инновациялық технологиялық шешімдерді қолдану осы саладағы заңнамаға өзгерістер мен толықты­рулар енгізуді талап етеді. Осы ретте Асқар Мамин цифрлық даму министрлігіне тиісті заң жобасын әзірлеуді жеделдетіп, биыл Үкіметтің қарауына ұсынуды жүктеді.
Үкімет басшысы «бір терезе» қағидаты бойынша онлайн саудадағы тұтынушылардың шағымдары мен ұсыныстарын қабылдаудың Бірыңғай платформасын іске қосу жұмысын жандандырып, тиімді кері байланыс­ты жолға қою, электронды сауданы дамытудың 2023 жылға дейінгі жол картасын жандандыру міндетін алға қойды.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру