Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

Биікке ұмтылған «Бәйтерек»

Биікке ұмтылған «Бәйтерек»

Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» инвестициялық аймағында орналасқан «Қағаз шаһары» кәсіпорыны кеңсеге қажетті және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған қағаздарды шығарады. Зауыттың ішінде заманауи қағаз кесетін, қағазды қаптайтын және орайтын аппараттар орнатылған. Бұл жерде жылына 4 мың офсеттік, 1500 тонна жылтыр, 5500 тонна кеңсеге қажетті қағаздар шығарылады.

Бастапқыда кәсіпорынды іске қосқан уақытта кәсіпкерлер 150 миллион теңгені өз қалталарынан құйып, зауыттың алға басуына септіктерін тигізіпті. Жалпы бұл зауыттың құрылысы 1 миллардқа жуық қаржыны құраған.

Қазіргі таңда кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп жатқан жоқ. Себебі зауытта шетелдік құрал-жабдықтар орнатылып, жұмысшылар олардың басқару тетіктерін меңгеру үстінде. Алдағы уақытта кәсіпорын күніне 20 тонна қағаз шығаруды жоспарлап отыр. Әзірше тұтынушылардың сұранысына ие А4, А3, АО қағаздары үздіксіз өндірілуде. Елімізде қағаз өндірісін дамытуда шикізат көздерінің тапшы екендігі белгілі. Сондықтан әзірге қажетті шикізат Қазақстанға Финляндиядан жеткізіліп тұрады.

Отандық нарықта бүгінде өзіндік сұранысқа ие болып  отырған «Қағаз шаһары» кәсіпорнының өнімдері саудаға «Бәйтерек» деген атпен танымал. Мұндағы кеңсе қағаздарының бағасы елімізге сырттан келетін қағаздардан 10-15 пайызға арзан.

Әлемнің дамыған елдері қоршаған ортаны қорғау мақсатында макулатураны қайта өңдеуді жолға қойғаны белгілі. Сондықтан кәсіпорын басшылары макулатура жинап, оны қайта өңдеуге барынша көңіл бөлуді болашақтың еншісіне қалдырып отыр. «Қағаз шаһары» кәсіпорыны негізінен қалдық қағаздарды қайта өңдеп, еліміздегі қағаз өндірісінің керегесін кеңейтуді мақсат еткен заманауи зауыт. Осында Германиядан әкелінген құрылғылар рулон қағаздарды түрлі пішінде кесіп, автоматты түрде қорапқа салып тұрады. «Бәйтерек» деп аталатын кеңсе қағазы қажетті талаптарға сай болғандықтан, елімізде шығатын басқа да өнімдердің сапасынан артық болмаса, кем емес.

Осылайша, офсеттік қағаздарды, жылтыр қағаз бен жылтыр картонды, кеңсе қағаздарын шығаратын кәсіпорынның жұмысы қарқынды даму үстінде. Кәсіпорында елуден астам қызметкер еңбек етуде.

Мақпал САҒЫНДЫҚ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру