Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

Апта тынысы Төртінші билік Жеңілдіктер қарастырылуда

Елімізде БАҚ-на қатысты салықтық жеңілдіктер беру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл туралы Астанада өткен «ҚР медиа заңнамасын реформалаудың келешегі» атты тақырыпта ұйымдастырылған дөңгелек үстелде Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қалианбеков мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, комитет төрағасы былтырғы жылы министрлік тарапынан БАҚ-ын тіркеудегі әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған бірқатар өзгерістер жүзеге асқандығын хабарлады.

            – Мерзімді баспасөзді есепке алу үдерістері оңайлатылып, есепке алу туралы өтінішті қарау мерзімі 15-тен 10 күнге азайтылды. Мерзімді баспасөзді есепке қоюға қатысты өтінішпен қоса берілетін құжаттар тізімі жойылды. Бұған қажетті ақпараттардың барлығы арнайы ақпараттық базалардан алынатын болды, – деді Б.Қалианбеков.   

Экран Бір аптада 31,3 млн теңге

            21 наурыздан бастап еліміздің кинотеатрларынан көрсетіле бастаған толықметражды «Ер Төстік пен Айдаһар» анимациялық мультфильмі бір аптада 31,3 миллион теңге жинаған. Мұндай мәліметті Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлайды.  

            Ұзақтығы 67 минутқа созылатын бұл фильмнің жарық көруіне үш жыл уақыт кеткен. Ж.Дәненов пен Р.Тұралиев, М.Алдашиннің сценариі бойынша әзірленген туындының басты кейіпкерлерін К.Демесінов, Д.Ақмолда, Л.Кәденова, К.Шаяхметова сынды актерлер дыбыстаған. 

Қоғам Мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет

            Қазақстан өзінің транзиттік-көліктік әлеуетін толық көлемде пайдаланып отырған жоқ. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен дөңгелек үстелде Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институтының көліктік кешенді проблемалар бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Бекмағамбетова мәлім етті.  «Ағымдағы транзиттің деңгейі жылына 16 млн тоннаны құрайды. Ал тасымалдың ең жоғары кездерінде, яғни 1989 жылы транзиттік ағындар жылына 100 млн тоннадан асты», – дейді ол.

Дүниежүзілік банктің соңғы зерттеулеріне қарағанда, Қазақстанда бір контейнерлік жүктің экспортына жұмсалатын орташа уақыт 81 күн, ал импорт кезінде 69 күн екен. Сәйкесінше, шығыс көлемі 4 685 доллар және 4 665 доллар көлемінде. 

Дода  Іріктеу турнирі аяқталды

            Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің бірінші кезеңі аяқталды. Еліміздің шалғай ауылдарында

өткен аталмыш доданың іріктеу турниріне 100 мыңға жуық палуан қатысқан. Мұндай ақпаратты «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин мәлімдеді.

– Ауылдық округтерде өткен жарыстар өте жоғары деңгейде өтті. Жастардың, балалардың арасында қызығушылық өте зор.  Бірінші кезеңдегі жарыс 31 салмақ дәрежелері және 4 жас ерекшеліктері бойынша өткен болатын. Бұл дода 2 мыңнан астам ауылдық округтерді қамтыды. Оған 100 мыңнан астам спортшы белсене қатысты, – деді Е.Қарин.

 

Әзірлеген Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру