Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

Мереке тойланды

Мереке тойланды

Алматы облысына қарасты Панфилов ауданындағы Қазақстан-Қытай шекарасында «Қорғас» халықаралық  ынтымақтастық орталығында (ХШЫО) Ұлыстың ұлы күніне орай «Наурыз мейрамы – 2013» байқауы ұйымдастырылды. «NRG+ST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйытқы болуымен өткен жобаның әріптестері  «Қорғас» ХШО» акционерлік қоғамы, Алматы облысындағы Панфилов ауданының әкімдігі, «Diamante» ивент-агенттігі. Аталмыш мереке-думанға еліміз бен Қытай Халық Республикасының  ресми және іскер топтарының, шетелдік дипломатиялық миссиялардың, отандық және халықаралық бизнес-элитаның, сондай-ақ  ұлттық-мәдени орталықтардың  өкілдері қатысты.

Байқаудың бағдарламасы бойынша мерекелік шарада «Достық» аллеясын жасау жүзеге асып, көрермен назарына «Саятшы» бүркітшілерінің шоуы, концерттер мен театрландырылған қойылымдар ұсынылды. Ұлттық  ойындар мен спорт түрлерінен жарыстар, қайырымдылық лотереясы,  Орталық Азия мен Ресей қолөнершілері жасаған қолданбалы-сәндік қолөнер бұйымдарының жәрмеңке-сатылымы, Қазақстанның жетістіктері туралы фотокөрме, отандық  суретшілердің картиналарының көрме-жәрмеңкесі, қолөнер шеберлерінің шеберлік сабақтары мерекенің көркін қыздырды. Мерекеге сай безендірілген қазақтың киіз үйлері орнатылып, кәсіпкерлер үшін жаңа байланыстарды жолға қою үшін бизнес-кездесулерге арналған алаңдар жасалды. Фестиваль қонақтары  ҚХР аумағындағы жаңа сауда алаңдарымен танысып қана қоймай, оның алғашқы сатып алушылары қатарынан көрінді.

Бүгінде  «Қорғас» ХШЫО – екі елдің мемлекет басшыларының бастамасымен жүзеге асырылып отырған ірі жоба. Орталықтың басты  ұстанымы – ҚР мен ҚХР азаматтарының  және елде  іскерлік кездесулер үшін ресми болатын үшінші мемлекеттер азаматтарының еркін қозғалуы. Сонымен қатар, ҚР, ҚХР және ТМД елдері өндіретін өнеркәсіп өнімдерімен танысу, бажсыз сауда және сауда мәмілелерін жасау болып отыр. ХШЫО аумағында шекаралық сауда жүргізу жұмыстары  ҚХР және басқа да елдермен іскерлік ынтымақтастық орнату барысында ерекше құқықтық режим көзделген. Мәселен, орталықтың аумағында визасыз жүрудің мерзімі 30 тәулікті құрайды.

Мақпал САҒЫНДЫҚ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру