Валюта бағамы: $ 412.55 465.73 5.79 ¥ 58.91

БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ЕЛ АБЫРОЙЫ

Үкімет: іргелі істер үрдісінде

Премьер-министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында 2020 жылға дейінгі білім беру саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы қаралды. Сонымен бірге, мемлекеттік басқару мен жергілікті басқаруды дамыту мәселелері бойынша заң жобасы талқыланды.

Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысынан хабардар етті. Тұтастай алғанда, бағдарлама табысты жүзеге асырылып, қазіргі кезеңде барлық мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілді. Осы мерзім ішінде білім және ғылым саласындағы заңнама толық жаңартылып, тиісті құқықтық актілер қабылданды. Заңнамалық базаның қалыптасуы мен барлық негіздегі бағыттар бойынша түбегейлі жаңа практикалық механизмдердің әзірленуі бағдарламаның табысты орындалуына тікелей әсер етіп отыр.

Министр жоғары оқу орындарының жаңа жіктемесі бойынша оларды оңтайландыру шаралары, техникалық және кәсіптік білімді басқару жүйесіндегі өзгерістер туралы баяндады. Орта білім саласында 12 жылдық оқытуға дайындық жұмыстары аяқталуға таяу. Мұғалімдердің біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі, білім сапасын бақылаудың ұлттық жүйесі құрылып, электронды оқыту енгізілуде. Назарбаев зияткерлік мектептері мен Кембридж университеті әзірлеген біліктілікті арттыру жүйесі өзінің тиімділігін көрсетіп, жаңа жүйе бойынша 2 жыл ішінде 8 мың педагог курстан өткен. Олар жалақыларына үстеме алуда.   

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет апатты және үш ауысымды мектептерді жою мен жаңа мектептер тұрғызуды ұдайы назарда ұстап, алдағы кезеңдегі жоспарға енгізіп отыр. Оған министрлік те қосымша мектептер салу жөніндегі ұсынысын дайындауда. Аталған проблемаларды болдырмау үшін 2011 жылы 21 мектеп салынса, өткен жылы олардың саны 56-ға жетті.

Оқу орындарын өңір қажеттілігіне қарай мамандандыру туралы Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру бағытында мемлекеттік жоғары оқу орындары оңтайландырылып, олардың жалпы саны 100 шақты болмақ. Министр коммерциялық жоғары оқу орындарының көпшілігі білім беру сапасы жағынан сын көтермейтіндігін баса айтты. Сол себепті де жуық жылдары олардың санын 66-дан 30-ға дейін қысқарту көзделуде.

Екі жылдық жұмыстар біршама оң нәтижелерге қол жеткізді. Дегенмен, Үкімет басшысы атап көрсеткеніндей, бағдарламаның тиімділігіне қоғамдық баға берудің маңыздылығы зор. Мұның, әсіресе, 2015 жылдан бастап Ұлттық тестілеуге көшуге, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін енгізуге әсері бар. Сонымен қатар, С. Ахметов білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы мемлекет-жеке меншік әріптестігінің дамуын әкімдер жұмысын бағалаудың өлшеміне енгізуді, Мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесіне жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды қатыстыру тетігін пысықтауды тапсырды. Білім беру саласында педагогикалық еңбектің тиімділігін бақылау жүйесі қажеттігін атап өтті. «Жоғары оқу орындарын бағалау үшін басты өлшем түлектердің жұмысқа орналасуы болуы тиіс деп санаймын. Бұл Білім және ғылым министрлігінің тұрақты бақылауында болуы тиіс маңызды мәселе. Соған сәйкес жұмыс берушінің, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс қалыбында кадрларды даярлау барысында бағалау фактісі қажет», деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ, мектептерді мерзімінде салып бітіру және пайдалануға беруді тұрақты бақылауды Білім және ғылым министрлігі Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен, Қаржы министрлігімен және Өңірлік даму министрлігімен бірлесе отырып жүзеге асыруы қажет.   

Үкімет мүшелері Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіліктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарап, мақұлдады.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру