• Энергетика
  • 17 Наурыз, 2017

ЖАРҚЫН ІСТЕРГЕ ТОЛЫ ЖАҢА КЕЗЕҢ

Ақтөбе өңірін көркейтіп, гүлдендіре түсуде

Тәуелсіздіктен нәр алған, күн сайын жаңарған Қазақстанның саяси-қоғамдық және әлеуметтік-экономикалық өмірінде бұрын болмаған ерен жетістіктер мен терең өзгерістерге қол жеткізілуі – бүгінгі күннің нақты шындығы. Мұны Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы жылғы Жолдауы толық айқындайды. Қазір еліміздің барлық аймақтарында Жолдау жолдарында айтылған тұжырымдар мен алға қойылған нақты міндеттерді орындаудың жаңа жолдары қарастырылуда. Сондай іргелі аймақтың бірі – Ақтөбе облысында жаңа кезеңге сәйкес жаңалығы да, жақсылығы да мол игілікті жұмыстар мен өрісті бастамалардың өмірге жиірек еніп жатқандығы байқау қиын емес.

Табиғаты, жерінің қолайлылығы және экономикасының дамуы жағынан да Ақтөбе облысының көз қуантарлық жағдайы мен мүмкіндігі мол. Ежелгі ұлы даланың үлкен бір бөлігін алып жатқан қазыналы өлкеге, яғни, бұдан біршама уақыт бұрын еліміздегі беделді тұлғаның бірі – Бердібек Сапарбаевтың әкім болып келуі – өзімен бірге үлкен өзгерістерді де ала келген еді. Өйткені, ел басқарудың, халықпен біте қайнасып жұмыс істеудің өмірлік мектебінде шыңдалған Бердібек Мәшбекұлына ақтөбеліктердің де таудай сенім артқаны бар. Сол сенімнің үдесінен қазір аймақ басшысының шығып жүргені де аян. Өйткені, Ақтөбе қаласының шырайлы көркіне қарап та, қазыналы өңірдің жеткен жетістіктеріне қарап та көп жайды көзбен көріп, көңлге тоқуға болады. Географиялық жағынан қолайлы орналасқан облыс аумағында көлік байланысының желісі жақсы дамыған. Орал және Маңғыстау, Орта Азия және Еуропаға қарай маңызды бағыттағы теміржолдар 1000-нан астам шақырымға созылып жатыр. Облыс территориясы арқылы Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автокөлік магистралі өтеді. Ақтөбе халықаралық әуежайы Қазақстанның батыс өңірі бойынша әуе қозғалысын басқаруда қазіргі заманғы автоматтандырылған жүйемен жарақтандырылған. Ақтөбе облысы – негізінен Қазақстандағы ең ірі ауыл шар­ушылығы аймақтарының бірі болып саналады. Жоғарыда айт­қанымыздай, облыстың жер жағдайы шаруашылық жүргізуге өте ыңғайлы. Өзен, тау, үстірт төбе, құм қойнаулары мал бағуға, ал, жазық алқаптары егін өсіруге қолайлы болып келуімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, мұндағы ел  сырт жерлермен де тығыз байланысқан. Ақтөбе аймағы еліміздің алты облысы мен Ресей Федерациясының Орынбор облысы және Өзбекстан Республикасы құрамындағы Қарақалпақстанмен шектеседі. Облыс еліміздің 11% 300,6 мың шақырымдық аумағын алып жатыр. Аймақтың 27,9 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері, 25,3 млн. гектар жайылымдық, 464, 6 мың гектар шабындық, 649,9 мың гектар егістік жер алқаптары бар. 2016 жылғы есеп бойынша 4756 агроқұрылымдар, оның ішінде 4364 шаруа қожалықтары және 392 заңды тұлғалар тіркелген. Олар негізінен астық, картоп, көкөніс пен бақша өсіру, ет-сүт бағытындағы мал және құс шаруашылығымен, өңдірілген өнімдерді қайта өңдеумен айналысады. Бұл саладағы қол жеткен жетістіктер қомақты. Ауылдар көркейіп, жаңа кезеңдегі өрлеудің екпінімен тыныс алуда.

Шаруа қожалықтары ірілендіріліп, ауыл шаруа­шылығы кооперативтерінің тұтқасына ие болуда. Жалпы ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы облыстың әлеуеті жоғары. Бердібек Мәшбекұлының сөзімен айтқанда, облыста 2016-2018 жылдары агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы негізгі міндет – барлық мүм­кіндіктерді тиімді пайдаланып, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісі мен саланың экспорттық әлеуетін арттыру болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстарға басымдық әлі де беріле түсетін болады. Жер – елдің байлығы, қазына атаулының анасы. Сондықтан облыс әкімінің тікелей басшылығымен өңірде суармалы жерлер алаңын кеңейту мақсатында су қоймаларын қайта құру жұмыстары одан әрі жүргізілуде. Жұртшылықтың әлі есінде, 2016 жылы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен суармалы жерлер алаңын кеңейтіп, Ақтөбе қаласындағы жасыл желектерді су ресурстарын оңтайлы пайдалана отыра үнемі суаруға мүмкіндік беретін жобаны жүзеге асыру басталған болатын. Осыған орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Сазды су қоймасының қайта құру барысын қарап шықты. «Қазсушар» РМК Ақтөбедегі бөлімшесінің басшысы Бекзат Наметов қазіргі таңда 49 жыл пайдаланылып, тозығы жеткен су құрылысының кейбір бөлігінің қайта жасақталатынын айтты. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде су қоймасының сыйымдылығы қазіргі 6 млн текше метрден 7,5 млн текше метрге дейін, ал су қоймасының суарушы мүмкіндігі 400 гектардан 1 000 гектарға дейін артпақ. Артық су Сазды өзеніне құйылып, Ақтөбе қаласындағы жасыл желектерді, гүлзарларды ауызсуды шығындамай-ақ үнемі суарып отырудың мәселесі шешіледі. Су қоймасын үйінділер мен шөгінділерден тазарту, су есептегіш құралдарын қондыру, тоғандарды, күзет бекеттері мен бейнебақылауларды сыртқы жарықтандыру және ішкі электрмен жабдықтау шаралары жалғасуда. Ағымдағы жылы тоғандардың жоталарына дабыл бағандарын орната отырып, асфальттау және т.б. жұмыстарды атқару жоспарда бар. Қайта құруға бөлінген 131, 8 млн теңгенің 118,3 млн теңгесі құрылыс-монтаждау жұмыстарына жұмсалады. 2016 жылы 30 млн теңге игерілсе, осы жылы құны 88,1 млн теңге болатын іс-шараларды жүзеге асыру жоспарлануда. Өңірдегі жұмыс жасап тұрған су қоймаларының техникалық жағдайын әрі қарай жақсарту шараларын қолға алып, АӨК саласындағы 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында салынатын 10 жаңа су қоймасы құрылысының мәселесін тезірек шешу қажеттігі назарда тұр. Бұл суармалы жерлер алаңын, су қорын кеңейтуге мол мүмкіндік беретіндігін Бердібек Сапарбаев жауапты жергілікті атқарушы органдарға атап көрсетті. Белгілі болғандай, бірінші кезеңде суармалы жерлер алаңы 18700 гектардан 40 мыңға дейін, екінші кезеңде алаң 70000-80000 гектарға дейін артпақ. Сонымен қатар, 10 жаңа су қоймасы 600 млн текше метр қарды қабылдай алатын болады. Аймақ басшысының бастамасымен Ақтөбеде сонымен бірге Сазды өзенін Ақтөбе су қоймасымен жалғайтын 11 шақырымдық су бұрғыштың құрылысы бойынша жұмыстар жалғасуда. Су бұрғыш арқылы артық су өзенге құйылып, қосымша су таратқышты орнату арқылы облыс орталығындағы жасыл желектерді күтіп-баптау үшін пайдаланылмақ. Ақтөбе қаласының әкімдігі оның жұмыс жобасын жасауда. Сонымен қатар, өңір басшысы қарды тоқтату жұмыстарын күшейтуге де баса назар аударды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пилоттық жоба жүзеге асырылатын «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй мас­сивінде болып, көшпелі мәжіліс өткізді. Аталған жаңа бағдарлама –  «Нұрлы жер» аясында қаржыландыру механизмін анықтаумен Ақтөбе қаласында үй құрылысы комбинаты технологиясы бойынша тез іске қосылатын аз қабатты несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша жоба ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Маминнің Ақтөбе облысына жұмыс бабындағы сапары барысында таныстырылған болатын. Аз қабатты тұрғын үй құрылысын «Нұр Ақтөбе» бірнеше шағын ауданында іске қосуды жоспарлап отыр. Құрылыстың жалпы аумағы 100 гектардан асады. Бұл мақсатта облыс бюджетінде 2017 жылға аз қабатты тұрғын үйлерді, оның ішінде инженерлік коммуникацияларды жобалауға 150 миллион теңге бөлу қарастырылған. «Танхаус» типіндегі 3 қабатты тұрғын үйлер құрылысын жүргізумен бірнеше құрылыс салушылар айналысатын болады. Олардың ішінде «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС, «Соллерс» ЖШС, «Нектар» ӨК, «Досқалиев» ЖК, «Крост» ЖШС, «Жидель+» ЖШС бар. Бірінші кезеңде жобалау жұмыстары мен құрылыс салушылардың өз қаржысы есебінен жүзеге асырылатын болады. Содан кейін конкурстық процедуралар жолымен дайын тұрғын үйді сатып алу жүргізіледі. Тұрғын үйлер құрылысына үй құрылысы комбинаты мен жергілікті өндірістің әр түрлі технологиялары қолданылатын болады. Қазіргі уақытта құрылыс салушылар қоршаулар мен құрылыс вагондарын орнату жұмыстарын бастады. Жер қазу жұмыстары орындалып, құрылыс материалдары жеткізілуде. Жалпы алғанда аумағы 200 мың шаршы метрден асатын 420 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталады. 1 шаршы метр тұрғын үй алаңы құны 120 мың теңгеден аспайтын болады. – Бұл жоба аясында біз сапалы материалдан қысқа мерзім ішінде тұрғын үйлер салатын боламыз. Бізде үш-төрт жыл ішінде Қазақстанда баламасы болмайтын үлгілі қалашық тұрғызудың жақсы мүмкіндігі бар. Барлық жағдайды ескеру қажет. Кезектегілер үшін әр шаршы метр қолжетімді деңгейде болуы тиіс. Бұл жақсы мүмкіндік тұрғындарға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесіп қана қоймайды, сонымен бірге жергілікті өндірушілер мен үй құрылысы комбинатын 100 пайыздық жүктемемен қамтамасыз етуде, – деп атап көрсетті облыс әкімі. Ақтөбе облысы – республикада құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп келе жатқан  аймақтың бірі болып табылады. Мұнда өткен жылы құрылыс саласына салынған инвестицияның көлемі 200 миллиард теңгеден асып түскен-ді. Бұл сөзіміздің тағы бір дәлелі: биылғы жылы облыста кем дегенде 250 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылады деп күтілуде. Саладағы мұндай ауқымды істер ең алдымен, орасан мол әрі сан алуан құрылыс материалдарын қажет ететіні де ақиқат. Бұл өз кезегінде қуатты құрылыс индустриясын құру қажеттігін туындатады. Осы арада өңірдегі құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар тапсырыс берушілердің сұранысын қаншалықты деңгейде өтеп жүр деген сауал туындайды. Жергілікті өнім мөлшері қандай көлемде? Міне, осы басы ашық сауалға толыққанды жауап берілгенде ғана аймақтағы құрылыс индустриясының қауқары жөніндегі әңгімені одан әрі жалғастыруға болатын шығар. Алдын ала жасалған есептер мен талдаулар өңір кем дегенде құрылыс материалдарымен өзін 70 пайызға қамтамасыз ете алатынын көрсетеді. Әйтсе де осы мүмкіндік толық пайдаланылып жүр деп айтуға ауыз бармайды. Мұның басты сырын өңірдегі бірқатар жергілікті құзыретті мемлекеттік органдардың құрылыс кәсіпорындарымен қоян-қолтық, тікелей жұмыс жүргізіп отырмағанынан деп білу жөн сияқты. Облыстағы құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың жүктемесі 30-40 пайыздың төңірегінде болып жүргенінің бір сыры осында емес пе? Соның салдарынан құрылыс компаниялары өздеріне қажетті материалдардың біраз бөлігін шетелдерден сатып алып келуге мәжбүр. Мұның өзі қосымша шығын екені белгілі. Оның үстіне бұл жайт құрылыс бағасының өзіндік құны жоғарылауына әсерін тигізбей қоймайды. Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму бас­қар­масының басшысы Ерлан Назаровтың айтуынша, шет елден тасымалданған тауарлар Ресейден, Қытайдан, Германиядан, Польшадан және Белоруссиядан жеткізілген. Жасалған талдаулар сырттан әкелінетін құрылыс тауарларының тең жартысы қашықтығы екі мың шақырым аймаққа орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден келгенін айғақтайды. Әрине, ықпалдастыққа түскен мемлекеттер арасындағы тауар алмасулардың мұндай түрін еш айыптауға болмайды. Бұл геосаяси тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге геоэкономикалық тұрғыдан да қажетті іс болып шығады. Мақсат – құрылыс индустриясына жаңа қарқын туғызу. Құрлысты одан әрі өркендету және табысты жүргізу үшін өңірде мол мүмкіндіктер бар. Өйткені, аймақ аумағында салаға қажетті шикізаттар да, қазба байлықтары да жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, түрлі құрылыс материалдарын, оның ішінде кірпіш түрлерін, қиыршық тастар мен құмның сан алуан түрін өндіретін кәсіпорындар да жетерлік. Тек істі ұтымды ұйымдастыру қажет. Мұны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылыс мамандарымен кеңескенде үнемі айтудан жалыққан емес. Аймақтағы іс басында жүрген азаматтар жергілікті құрылыс материалын пайдалануды жалаң мақсат деп есептемейді. Басты мақсат – оны сапалы шығару болып отыр. Облыста сырттан келетін құрылыс тауарларын азайту мәселелері тек бір бағдарлама көлемімен ғана шектелмейді. Сондай-ақ, бұл үшін өңірде бүгінгі күні әлемдегі жетекші өндірісшілердің қатысуымен жаңа зауыттар ашу қарастырылуда. Сонымен бірге, қазіргі кезде құрылыста қолданылып жүрген импорттық тауарларды түгелге дерлік көлемде жабу мақсатында бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделуле. Қазіргі кезеңде әлеуметтің әлеуетін электронды жүйе арқылы арттырудың маңызы зор. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова Ақтөбе облысында жұмыс сапарымен болғанда халыққа қызмет көрсету орталығының қызметімен танысты. Министр орталық қызметкерлерімен өзара ой-пікір алмасу барысында алдымен жұмыспен қамту ісінің жай-күйіне баса назар аударды. Бұл бағытта жұмыссыз жүргендерді тіркеу, оларды мүмкіндігінше әлеуметтік жұмыс орындарына жолдау және қайта даярлау курстарынан өткізу жөнінде бірқатар жұмыстар атқарылғанын өз көзімен көрді. Дегенмен, аталған орталық қызметінде әлі де болса ширатып, жетілдіре түсетін тұстар, әсіресе, ақпараттық жүйені одан әрі тереңдету мен бағдарлама шеңберіндегі деректер базасын толықтыруда өзінің шешімін күтіп тұрған мәселелер бар. Қурайлы ауылдық округінің тұрғындарды тұрақты қызметке тарту жөнінде бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдармен бірге қоян-қолтық жұмыс атқарып жүргені оң пікір айтуға лайық. Бұл орайда олар былтырдан бері байыпты бағдарламамен жұмыс жасап келеді. Оның аясы округтегі 8100 тұрғынды қамтып отыр. Қурайлылықтардың халықты жұмыспен қамту ісіндегі тәжірибелерінен үйренуге облыстың өзге 143 ауылдық округі ықылас танытуда. Бұдан екі-үш жыл бұрын өңірдегі ауыл әкімдері халықтың саны мен тұрғындардың мәртебесін, тұрғын үйлерінің жай-күйін, көлік пен мал санын анықтауды өздерінің қолындағы шаруашылық кітабының көмегімен жүргізіп келген. 2015 жылдан бері бұл тәсіл келмеске кетіп, оның орнын электронды формат алмастырды. Бұл өміршең мәліметтер базасымен жұмыс істеуге толық мүмкіндік береді. Сондай-ақ, электронды жүйенің биылғы жылдың 1 шілдесінде енгізілетін міндетті медициналық сақтандыру ісіне үлкен септігі мен көмегін тигізе алатындығы да қуантады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен кездесулерінде, әлеуметтік қорғауды одан әрі жақсарту жөніндегі кеңесте және халықпен кездесу кезінде жұмыспен қамтуды жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, министр аймақтағы кәсіби-техникалық мамандар әзірлейтін арнаулы оқу орындарында болып, бір оқушы-студенттің нарық сұранысына сай қос мамандық алуы қажеттілігінің кейбір қырларына тоқталды. Қыс ұзаққа созылатын өңірлерде көктемнің кеш шығатыны белгілі. Десе де, арқаны кеңге салуға болмайды. Облыстық әкімдікте өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен қала мен аудандарды көркейту, санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстары бойынша жиын өтті. Облыс әкімі қаланы абаттандыруға билік пен қоғамдық ұйымдар бірлесе атсалысуы қажет деп атап өтті. Сондай-ақ, былтырғы жылы жүктелген жұмыстарды тиісті деңгейде орындамаған басшыларға ескерту жасалды. Бүгінге дейін кейбір аудан орталықтарында демалыс орындары мен саябақтар жоқ. – Былтырғы жылы егілген талдарға қадағалау жүргізілмеген. Осыдан 40-50 жыл бұрынғы егілген талдар да қурады. Олардың барлығын қайта жаңартып, көркейту керек. Осы орайда билік пен қоғамдық ұйымдар бірігіп, халыққа үлгі көрсетуі қажет. Жастарды неғұрлым қоғамдық, тәрбиелік мәні зор жұмыстарға баулысақ, сонда ғана олар еліміздің нағыз патриоты атанады. Бірнеше жылдан бері «Жасыл ел» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама жастарды еңбекке, отансүйгіштікке үйретеді. Ал, Байғанин, Хромтау, Темір аудандарында бұл бағдарлама тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Жасыл желек көп болса, ауамыз таза болады. Сондықтан бұл жұмыстарға жастарды, қоғамдық ұйымдарды тарту керек, – деді өңір басшысы. Жиын барысында елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жөнінде облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2016-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында аймақта 12 гектар жерге климаттық жағдайға бейімделген түрлі жас көшеттер мен жеміс ағаштарын отырғызу үшін саябақтар мен гүлзарлар ашу белгіленген. – Биыл жергілікті бюджеттен жасыл белдеуді құру үшін жер дайындау жұмыстарына 22 миллион теңге бөлінді. Бұл – 1274 гектар алқап. Ал әуежай аймағына 1000 гектарға орман алқабын құру үшін 90 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр, – деді М.Жұмағазиев. Өткен жылы облыстық басқармалар мен ұйымдар өздеріне бекітілген учаскелерге көшет отырғызу жұмыстарымен ғана шектеліпті. Бүгінде әр мекеме мен басқарманың өз саябағы болуы тиіс деген тапсырманы денсаулық сақтау басқармасы ғана орындаған. – Аудан орталықтарының көпшілігінде дұрыс саябақ пен демалыс орны жоқ. Саябақтар мен гүлзарлар күрделі жөндеуді қажет етеді. Бірақ жергілікті билік бұл мәселеге еш алаңдаушылық білдірмейді. Ал аудан тұрғындары қайда барып демалатынын білмейді. Сондықтан біз оларға жайлы жағдай жасауымыз керек. Қазір тоқсаныншы жылдар емес, халыққа жақсы жағдай жасау үшін барлық мүмкіндік бар, – деді өңір басшысы. Бердібек Машбекұлы өз сөзінде Темір ауданының Шұбарқұдық елді мекеніндегі қоқысты, көшені қардан тазарту жұмыстарына ерекше тоқталды. Себебі, осы мәселеге қатысты тұрғындардан әлеуметтік желілер арқылы облыс әкімінің атына көп ұсыныс-пікір түсетін көрінеді. Жиында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Жаңабай Бексары былтыр сенбілік жұмыстарына 2000 техника жұмылдырылып, 4 мыңнан астам көше мен 600-ден астам саябақ қоқыстан тазартылғанын айтты. Биыл Қобда ауданындағы төрт саябақ күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан бір саябақ салуға жобалық сметалық құжаттар әзірленген. Сонымен қатар Қандыағаш қаласына бір саябақ салу және Шалқар қаласындағы 5 гектар алқапқа жасыл белдеу құрып, бір саябақ салу жоспарланған. Тазалық мәселесіне қатысты өткен жиында Ақтөбе қаласындағы саябақтар мен гүлзарлардың бүгінгі жай-күйі де айтылды. Сондай-ақ, Наурыз мерекесіне дайындық жұмыстарын бастау шаралары пысықталды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың әрбір күні  аймақ тіршілігіне байланысты шаралар мен кездесулерге толы. Бәріне де уақыт тауып, шешімін күткен мәселелерді  байыпты шешуге тырысу – оның дағдылы ісі. Кейде шет елдерден  мәртебелі меймандар да төбе көрсетіп, облыс өмірімен кеңірек танысқысы, іскерлік байланыстар орнатқысы келіп тұрады. Оларға да уақыт тауып, кеңпейілділік таныту – Бердібек Мәшбекұлының қанына сіңген қасиеті. Жақында ғана ол Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Израильдің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Михаэль Бродскиймен кездесті. Елшіге ықылас білдірген аймақ басшысы Қазақстан мен Израиль арасын мемлекеттік ауқымдағы қарым-қатынастармен қатар, өңірлік деңгейдегі сенімді серіктестік байланыстыратынын атап өтті. – Израиль мен Ақтөбе облысы арасында бұрын­нан қалыптасқан жемісті ынтымақтастықтар мысалы аз емес. Солардың қатарында Израиль Сыртқы істер министрлігі жанындағы Халықаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша «МАШАВ» агенттігімен арадағы белсенді өзара қатынасты атауға болады. Ақтөбе облысы алдағы уақытта да Израильмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделі, – деді облыс басшысы. Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтас­тық­тың өзекті мәселелерін талқылады. Ақтөбе облысы Израильмен ғылыми-технологиялық инфра­құры­лымдарды дамыту, сапалы медициналық қызмет көрсету, ауылшаруашылық саласындағы мәселе­лерге (ауылшаруашылық жерлерін суару,  ауылшар­уашылық кооперативтерін құру және т.б.), «МАШАВ» агенттігімен ынтымақтастықты ілгері дамытуға мүдделілік танытатындығын білдірді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес пен «ақылды қала»  («Smart city») жүйесін дамытудағы Израиль тәжірибесі де назар аударарлық. Өз кезегінде Израильдің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі де өзара қарым-қатынасты тереңдетуге ықыласты екенін жеткізді. Тараптар 15 наурыз күні Ақтөбеде еліміздегі бизнес қоғамдастықтарының өкілдері мен ресми тұлға­ларының қатысуымен өтетін Қазақстан-Израиль бизнес-форумы осы мақсаттың жетістігі болатын­дығына сенім білдірді. Михаэль Бродский мырза форумға Израильдің алдыңғы қатарлы компанияларында қызмет ететін ауыл шаруашылығы, медицина салаларындағы, «ақылды қала» технологиясын жасап, енгізген және олардан басқа да бірқатар маман иелерінің қатысатындығын айтты. Кездесудің соңында мәртебелі мейман: «Мен біздің жобаларымызды ұсына отырып, осы жерден серіктес табатынымызға қуаныштымын», – деді жылы шырайлы қабылдауға шын ризашылығын білдіріп. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көге­рер» дейді халық даналығы. Ежелгі қазақ дәстүрі бойынша батыс өңірінде 14 наурызда көрісу күні болып саналады. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қадірлі қарттардың шаңырақтарына сәлем бере барып, олармен емін-еркін әңгімелесіп қайтты. Бердібек Мәшбекұлымен бір сәт болса да шүйіркелесіп, арқа-жарқа болып қалған қарттардың шексіз риза көңілде болғаны – бір үлкен әңгіме. Облысқа есімдері танымал еңбек ардагерлері Қарлыға Кереева, Әліби Қойлыбаев, Зайыр Жанжаркенов облыс басшысымен әңгімелесу барысында бұл мерекені батыс өңірі ылғи да ерекше салтанатпен атап өтетінін айтып, үйіндегі бар жақсы киімдерін киініп, ұйқысынан ерте тұрған адамдар жақын ауылдарды аралап, үлкендерге қос қолын ұсынып, барша жұртқа жақсылық пен игі игіліктер тілейтінін ерекше бір жылы сезіммен еске алды. Аймақ басшысы аға буынның атқарған істеріне алғысын жеткізіп, бүгінгі жетістіктердің негізі солардың қолымен қаланғанын айтты. Қарлыға Кереева Ойыл ауданында, Әліби Қойлыбаев Қарабұтақ ауданында ұзақ жылдар бойы халықпен тығыз байланыста қызмет істеді. Ал Зайыр Жанжаркенов Ақтөбе қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек етті. Облыс әкімі ардагерлердің үлгісі жастар үшін баға жетпес қазына екенін атап көрсетіп, бұл кісілердің ұрпақтарының да бүгінде өнегелі жолда жүргеніне тоқталды. Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев үлкен кісілерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, сондай-ақ, олардың жақын-жуықтарына мол игілік тілеп, ескерткіш сыйлықтар тапсырды. Еңбек ардагерлері қарт адамдарға деген ыстық ықыласы үшін облыс басшысына алғыстарын айтып, жұмысына табыс тіледі. Ата дәстүр бойынша ел мен жердің амандығы, тұтастығы мен бірлігі үшін қажымай-талмай қажырлы еңбек етіп жүрген қайраткер азаматқа ақсакалдық ақ баталарын берді. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңындағы осы бір көріністің өзінде қанша мән-мағына жатыр десеңізші! Асылы, біздің дана халқымыз: «Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөзді бекер айтпаған ғой.

КЕМЕҢГЕР ЖАЙЛЫ ТОЛҒАУ Бердібек Мәшбекұлына

Ақтайтын халық қамын жеп, Таппайтын ешбір дамыл көп. Көшелі ойдан нұр саулап, Еседі бойдан жалын леп, Ұштайсың баба дәстүрін, Көнеден жеткен таным деп. Аттан бір түспей келесің, Нұсқайтын елің нар ұл деп. Кемеңгер ердің бірісің, Ұстайтын биік Арын тек!

Өзіңдей асыл тұлғадан, Ұрпақ көп дейтін: үлгі алам. Орнайды мәңгі әділдік, Толғайды соны бұл ғалам? Өзіңдей ұлық көп болса, Болмайды орта ырысым. Көзіндей ұлдың бірісің, Еділ мен Жайық, Сыр үшін. Қолдайды халқың білемін, Мұғаджар таудай ірісің!

Дәуірде мынау жаңғырған, Сәулетті үй, сарай салдырған. Ақтөбең бүгін – Бақ төбе, Көркімен таң қалдырған. Ел-жұртын қорғап, қолдаған, Заманның сырын болжаған. Атымтай жомарт секілді, Молшылық жырын толғаған. Халқына қамқор, қайырымды Тілеймін Сізге оң қадам!

Ибрагим Бекмаханұлы

549 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы