• Энергетика
  • 13 Сәуір, 2017

Аралдың ажары мен ахуалы

«...Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын!»

Н.Ә.Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үшін қасиетті қазақ жерінің қай аймағы да айрықша ыстық, қай мүйісі де ерекше қымбат. Дегенмен, кез келген суреткердің де өзгелерінен гөрі жанына жақын тұтатын туындысы, әрбір ата-ананың басқаларынан гөрі алақан жылуын көбірек төгетін перзенті болады емес пе. Осы тұрғыдан келгенде, Арал аймағы мен оның маңайын жайлаған қалың жұрт Президентіміздің дәл сондай әрдайым жүрегінің бір түкпірінде жүретін өзгешерек өңірлердің біріне жатады десек, артық айтқандығымыз емес. Өйткені, мұны Нұрсұлтан Әбішұлының өзі де әлденеше рет қадап тұрып айтты. Айтып қана қойған жоқ, оны өңірге қатысты көптеген іргелі істерімен бірнеше рет дәлелдеп те берді.

...Қазақстан мемлекетінің ширек ғасырдағы тарихының әрбір парағы – кезең жаңалықтарының жылнамасы. Н.Ә.Назарбаев Қазақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланып, үлкен тебіреніс үстінде ант бергенде залдағылар да, теледидар арқылы көрген тілеулес халқы да зор толқыныс үстінде болған еді. Себебі, бұл Тәуелсіздігіміздің алғашқы бастауы болатын. Сонда тұңғыш Президент мінбеге көтеріліп, толғана сөз сөйледі. Ал, экология мәселесіне көшкенде: «Арал Қазақстан, Орта Азия республикалары үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін нағыз экологиялық апатқа айналды.

Бұл қайғы-қасіреттің дүниежү­зілік көлем алғаны қазір орынды айтылуда... Егер болашақ ұрпаққа бүлінген табиғатты қалдыратын болсақ, олар мұнымызды кешіре қоймас», – деген тұста бүкіл Арал халқы демдерін іштеріне тарта отырып тыңдап, бір сілкіністің болатынын сезгендей еді. Иә, айтқандай-ақ, міне, ол кездегі Арал мен қазіргі Аралдың арасы аспан мен жердей. Енді осы сөзімізді тұздықтай түсейік. ...Шекарасы Ақтөбе облысының Шалқар, Ырғыз аудандарымен, Қараған­дының Ұлытау ауданымен және Қара­қалпақ Республикасымен шектесіп жат­қан Арал ауданының тарихы 90 жылға жуық уақытты қамтиды. Қазақстан мен Өзбекстан аумағында орналасқан Арал теңізі бір кездері көлемі бойынша жер бетіндегі төртінші теңіз саналған. Бірақ, теңіздің біртіндеп тартылып құрғауы экономикалық және экологиялық жағынан халыққа ауыртпалық әкелді. Соған байланысты, 1992 жылы апаттың ауыр зардаптарын жоюды заңдылық тұрғысында қамтамасыз етуге ұйытқы болған да Елбасымыз болатын. ...Ал, аралдықтардың жадында 2005 жылдың 27 сәуірі естен кетпестей болып жатталып қалды. Сәрсенбінің сәтіне сәйкес келген бұл күні табиғат та ерекше елжіреп тұрды. Ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген Елбасы Халықаралық Кувейт қоры арқылы жүргізіліп, халықтың асыға күткен таза суының құбырын өз қолымен іске қосып берді. Президент дидарынан нұр шашылып, судың дәмін татып: «Ең таза ауыз су аралдықтарда», деп ағынан ақтарылған еді. Осы жерде тебіреніспен: «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын!» деген тарихи сөзін айтты. Қазір осы сөз қаладағы көрнекті жерден көрініс тапқан. Арал халқы бүгінде таза судың рахатын көріп отыр. Елбасы таза судың тұсауын кескен күнді есте қалдыру мақсатында аудан әкімдігі қаладағы С.Сейфуллин көшесінің бойына стелла орнатты. Мемлекет басшысы сол сапарында Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай, соғыстан оралмаған 6 мың аралдық боздаққа арналып салынған «Тағзым» алаңының лентасын қиып, алғашқы гүл дестесін қойды. Байырғы ата кәсіптермен қайта қауышқан ағайынға деген ерекше ілтипаты болар, Елбасы балық өсіріп жатқан Қосжар питомнигіне ат басын тіреген болатын. Сол жылдан бастап, Арал өңіріндегі су айдындарынан балық аулау көлемі жылдағыға қарағанда өсе түсті. Елбасының елге келуі расында да аралдықтарға құт болды. «Кіші Аралды ұлы теңізден бөліп алып, жағалауды қалаға дейін жеткізуіміз керек. Ол үшін САРАТС жобасының бірінші кезеңін бастап кетуіміз қажет», деп кесіп айтқан еді. Осыдан бастап айтылған шаруаны орындау жолында қыруар жұмыстар басталып кетті. Жоба осылай жүзеге асты. Бұл бір жағы қаншама қиыншылық алдан шыққанына қарамастан, алған бетінен қайтпаған Президенттің қайсарлығын көрсетті. Сол құлшыныстың нәтижесінде қазір Кіші Арал теңізі пайда болып, қалаға төтесінен 18-ақ шақырымдай ғана жерде тұр. Алып жобаның бірінші кезеңі бойынша «Көкарал» бөгеті тұрғызылып, «Ақлақ» су тоспасының аяқталуына байланысты көлдер жүйесін қалыптастыру, суландыру, су реттегіштер орнату, реттеу жұмыстарын атқаруға қол жеткізілді. Сыр­дария өзенінің арнасы реттеліп, «Қара­өзек», «Әйтек» тоспалары қайта жаң­ғыр­тылды. Соның нәтижесінде, бүгін­де жан-жақтағы көлдерге су келуде. «Ақлақтың» келешегі зор. Қазіргі кезде сонда су электр станциясын салу көзделуде. «Кіші Арал» суға толып, суының тұздылығы азайды. Оның байырғы кәсіптік маңызы бар балықтарының теңізде өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туды. Осылайша, 1990 жылдары балықтың тек қана екі-ақ түрі, яғни камбала глосса мен балтық майшабағы ғана қалған болса, бүгінде теңіздің інжу-маржаны қайта оралып, қазір балықтың 22 түрі ауланады. Бүгінде Арал ауданында балықты өсіру мен аулау ісі ғана емес, сол өнімді өңдеу ісі де жүйелі жолға қойылған. Кезінде аудан экономикасының негізгі тірегі болған өңдеуші өнеркәсіп салаларын қайта қалпына келтіріп, импорт алмастыратын және бәсекеге лайық өнімдерін өндіруге жарамды жаңа бағытты қалыптастыру мақсатында «Балық шаруашылығын дамыту» консорциумы құрылып, жұмыс жасауда. Сонымен қатар, заманауи тұрғыда салынған балық өңдейтін 7 зауыт жұмыс істейді. 1990 жылдары жылына 3000 тоннаға жуық балық ауланса, қазіргі таңда 8000 тоннадан астам балық ауланып, 3000 тоннаға жуық балық өңделуде. Балық шаруашылығының арқасында маусымдық жұмыстардың өзіне 3,5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. ...Міне, біз бүгін де аудан басшысымен қаладағы орталық алаңда жаңа жылдық шыршаның жанында кездестік. Қашан да шаруа қамымен шапқылап жүретін орта бойлы, шалт қимылды жігіттің ақ сары жүзі Аралдың шыңылтыр аязымен қызылшырайлана түскен. Сөзге тарттық. Тәжірибесі мол әрі туған өңірінің қыр-сырын жетік білетін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қарапайым қалпымен ауданның қазіргі кездегі даму барысына жан-жақты тоқталды. – Арал – өндірісті аудан. Ақ алтыны ғасырға жуық уақыттан бері ел кәдесіне жарап келе жатқан «Аралтұз» акционерлік қоғамы қазу мен оны өңдеп тұтынушыларға жеткізу жұмыстары мен жер қойнауын пайдалану үшін берілген Үкіметтің лицензиясына және келісімшартына сай қарқынды жұмыс істеуде. Бүгінде комбинатта 1000-нан аса адам тұрақты жұмыс істейді. Жаңадан қосылған екі цехта 60 жаңа жұмыс орны ашылды. Акционерлік қоғам республикадағы тұз қазу мен өңдеу бойынша ең ірі кәсіпорын болып саналады. Комбинат алдағы уақытта Сауд Арабиясы, Жапония, Қытай елдерімен байланыс орнатуды жоспарлап отыр. Өткен жылдың шілде айында компания ас және техникалық тұз өндіретін екінші испан зауытын пайдалануға берді. Соның арқасында ай сайын шығаратын өнімді 25 000 тоннаға дейін өсіру жобаланып отыр. Жаңа зауытқа 200-ден астам адам жұмысқа орналасатын болады. Жобаның нәтижесінде ас тұзының ұсақтығы нөлдік тегістелген өндірісі 7 есеге өспек. Өнімдерінің ауқымын кеңейтіп, өндірістік желісінде сумен жабдықтау үшін тұз түйіршіктері қолданылады. Сондай-ақ, өндіріс орнындағы жылына 200 мың тонна өнім шығарады деп жоспарланып отырған кальцийлендірілген сода зауыты «Аралтұз» акционерлік қоғамының өндірісті әртараптандыру бастамасы аясында салынбақ. Кальцийлендірілген сода – өндірістің барлық саласында кеңінен қолданылатын, күн сайын ерекше маңызға ие болып келе жатқан өнім. Қазір ел нарығы бұл өнімді 100 пайыз сырттан алып отыр. Бүгінде жобаның технико-экономикалық негіздемесін әзірлеу аяқталды. Жоба бастамашылары оны жүзеге асыру үшін Қазақстан Даму банкінен инвестиция тартумен айналысуда, – дей келе, бір сәт ойланып барып сөзін сабақтады: – Жол – қашан да тіршіліктің күретамыры. Ал, жалпы ұзындығы 1200 шақырымнан асатын «Бейнеу-Сексеуіл-Жезқазған» темір жолы бірнеше өңір мен бүкіл республиканың тіршілігіне жан бітіріп, ондаған жылдарға алға жетеледі. Темір жолдың 2012 жылы Индустриалдық форум барысында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың телекөпір арқылы ерекше маңызы бар «Бейнеу-Сексеуіл-Жезқазған» темір жолының құрылысын бастауға рұқсат бергенін барша аралдықтар зор қуаныш үстінде қарсы алған еді. Бүгінде темір жол біздің ауданымыздың үстімен жүріп, бірнеше станса, бекеттер бой көтерді. Құм басқан маң далаға тірлік бітіру мүмкін еместей көрінгені де рас кезінде. Бірақ, қолдау болып, қолға алса бітпейтін іс болмайды екен. Темір жолмен алғашқы жүк пойыздары жолға шықты. Станса маңындағы ауыл тұрғындарының дүрсілдеген тепловоз дауысынан оянып, жаңаша бір тіршілікке де төселді. Жүздеген аралдықтар темір жол құрылысына қатысып, жергілікті азаматтар жұмыспен қамтылды. Өткен жылы, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жолаушылар пойызы да жүре бастады. №617 жолаушылар пойызынан «Абай» стансасына алғаш түскен жолаушылардың қуанышында шек болмады... Сондай-ақ, елге елді жалғаған, ауданымыздың оңтүстігі мен солтүстігін түгел басып өтетін, аудан көлеміндегі ұзындығы 213 шақырымды құрайтын күре жол – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізінің құрылысы да сәтті жүргізілді. Қазір оның бойынан біраз нысандар ашылып, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр, – деді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық жоспарын жүзеге асыра отырып, жыл сайын Қазақстан өз дамуында жаңа сатыға көтеріліп келе жатқанын толық сеніммен айтуға болады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып отырған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» жобасы Арал қаласының тұрғындарына өте ыңғайлы, экологиялық тұрғыдан таза әрі өте үнемді отын пайдалану мүмкіндігін берді. Арал қаласын газдандыру өткен жылдың мамыр айында басталып, газбен жабдықтау жүйесі мерзімінен екі ай бұрын пайдалануға беріліп отыр. «Қызылорда облысының 5 елді мекенін газдандыру» инвестициялық жобасы аясында «ҚазТранс­ГазАймақ» АҚ салған нысандар түгелдей дерлік межелеген мерзімінен әлдеқайда ерте аяқталып жатқанын ерекше атап өту керек. 5 ай ішінде Арал қаласында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магис­траль­ді газ құбырынан жоғары қы­сым­ды жеткізуші газ құбыры тартылып, 293 км қалаішілік газ құбырлары салынды. 2 газ тарату пункті (ГТП), 36 шкафтық газ тарату пункті (ШГТП) орнатылды. 32 мың қала тұрғыны, 143 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болды. «Арал» АГТС қуаты өзге де елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге жеткілікті болғандықтан, алдағы уақытта Жақсықылыш, Шижаға және Жалғызағаш ауылдарына да құбыр тарту жоспарда бар. Газға алғашқылардың бірі болып Арал қаласындағы 10 мектеп, 9 балабақша, 6 аурухана, 6 мәдениет үйі, 3 спорт мектебі, туберкулез диспансері, №3 өрт сөндіру бөлімі, мешіт, «Қазтелерадио» өндірістік кешені, «Барсакелмес» қорығы­ның әкімшілік ғимараты қосылды. Аудан әкімі атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы әңгімесін тағы да былай жалғады: – Өңдеуші өнеркәсіп саласы өткен жылдың қорытындысымен 1998 жылмен салыстырғанда 15 есеге артты. Сондай-ақ, азық-түлік өнімдері өндірісінің, балық өнеркәсібінің, бетон және пластмасса өнімдерінің, тұз және кварц топырағы өндірісінде де айтарлықтай өсімге қол жеткізілді. Аудан экономикасын қуаттан­дыра түсуде аграрлық сектордың алатын орны ерекше. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 1998 жылы 200,0 миллион теңгені құраса, 2015 жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 4533,00 миллион теңгеге жетіп, 22,7 есеге артып отыр. Халықтың басты тіршілік көзі – мал шаруашылығы саласында малдың генофондын сақтай отырып, мал басы мен одан алынатын өнімдердің елеулі өсуі көңілге қуаныш ұялатады. Барлық мал басы түрінен өсім жоғары көрсеткішті көрсетуде. Жыл санап егін шаруашылығына да аса мән беріліп келеді. Өткен жылы 253 гектар жерге егін егілді. Сонымен қоса, Ақбай алқабында 500 гектар жерге мал азығындық дақылдар өсіру жоспарланып, тиісті дайындық шаралары жасалуда. Елбасымыз айтқандай, Тәуелсіз­дігі­міздің жеті қазынасының бірі – индус­триялық-инновациялық эконо­мика. Яғни, жеріміздің байлығы халыққа тиесілі. Қуантарлық жағдай, ауданға ин­вес­тиция тарту, тау-кен өндірісін дамыту бағытында ауқымды шаралар атқарылғалы тұр. «Аралмұнайгаз» ЖШС-і Арал қаласының оңтүстік-шығыс бетінде, Аманөткел, Мергенсай ауылдық округтерінде мұнай барлау жұмыстарына кірісуде. Зерттеу, барлау жұмыстарының қорытындысымен мұнайдың болжамды қоры анықталып жатса, еліміздің мұнай-газ секторын дамытуда Аралдың да өзіндік орны болары анық. Ауданға тартылған инвестиция көлемі 200,0 есеге дейін артты. Аудан бюджетінің толығуына қомақты үлес қосатын шағын кәсіпкерлік те қарқынды дамып келеді. Шағын және орта бизнесті дамыту саласы бойынша жоспарланған жұмыстарды іске асыруда 7 балық зауыты ашылды. Тоқтап тұрған өндіріс орындары іске қосыла бастады. Осы мақсатта аудан орталығындағы ұн шығаратын элеваторға инвестор тартылып, элеватордың қуаттылығы тәулігіне 120 тонна ұн шығаруға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда «РАННАР» жеке шаруашылық серіктестігі «Аралым» ұнын және мал азығындық жемін сатылымға шығаруда, – деп, жұмыс уақытының тығыздығын, тоғыз жолдың торабы Сексеуіл кентіне жол жүруі керектігін айтты. Аудан басшысының іскерлігіне іштей риза болып қалдық... 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өңірлік индустрияландыру картасына ауданнан 4 жоба кіріп отыр. Арал қаласында 10 гектар жерді индустриялық аймақ құру жұмыстары бойынша «Берекет» шаруа қожалығының «Ет және ет өнімдерін өндіру, тұшпара цехын салу», «Аралым» ЖШС-нің «Диверсификацияланған көп­салалы ауылшаруашылық кешені», «Жаңа Арал» ЖШС-нің «Тері және жүнді алғашқы өңдеу жобаларын іске асыруға беру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, республикалық индустрияландыру картасына ауданнан «Арал Сода» ЖШС-нің «Кальцийлендірілген сода өндіру» жобасы ұсынылып отыр. Ал, шағын кәсіпкерлік субъекті­лерінің саны 815-тен (1998) 3642-ге дейін өсіп отыр. Биыл бұл көрсеткіш 3835-ке жетіп, 5596 адам жұмыспен қамтылды. Бұл өткен жыл­мен салыстырғанда кә­сіп­керлер санының 294-ке, жеткенін, ал жұмыс­пен қамтудың 289-ға артқанын көрсе­теді. Иә, қызмет аясы ауқымды инфра­құрылым саласында да жоғары көр­сеткіштерге қол жеткізіліп, аудан көле­мінде типтік жобадағы әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инженерлік-инфрақұрылым жүргізілді. Ұлт бола­шағы білімді ұрпақтың қолында десек, білім беру саласы бойынша 30 мектеп жаңадан бой көтерді. Ал, ең өзекті денсаулық сақтау саласы бойынша 8 медициналық пункт және 3 амбулаториялық емхана салынды. Осындай қолдаулардың нәтижесінде аудан тұрғындарының денсаулығы оңалып, халық саны 77029-ға жетіп отыр. Халықты әлеуметтік қорғау саласында «Жұмыс­пен қамту-2020 жол картасы» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында жоспарланған шаралар жүйелі іске асырылды. Аудандық бюджеттен атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәр­демақы, тұрғын үй көмегін төлеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Ауданда 1991 жылдан бастап, экономика саласында 10050 жаңа жұмыс орындары ашылды. Нәтижесінде, өткен жылғы көрсеткіш бойынша жұмыссыздық деңгейі 0,1 пайызға төмендеген. 2002 жылы аудандағы орташа жалақы көлемі 13683 теңгені құраса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 86066 теңгеге жетті. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясында: «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәс­түр­лерімізді әралуандығымен және ұлы­лы­ғымен қосып қорғауымыз керек» дей келе, тарих тағылымы бізден ел қамын ойлар естілікті тілейтінін айтып өткен болатын. Соның арқасында отаншылдық үрдістерге серпін бе­ріліп, еңсеміз көтеріліп, халықтық қалпымыздың сапасы артты. Аудан­ның барлық елді мекендерінде мәде­ниет ошақтары ашылды. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселелер­дің бірі – тұрғындарды баспанамен қамтама­сыз ету. Өңірде «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы не­гі­зінде 2010-2014 жылдар ара­лығында 62 арендалық тұрғын үй салынып, ел игілігіне берілді. Сексеуіл кентінде әкімшілік ғимараты, Арал қаласында коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілді. «Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруа­­шы­­лығын модернизациялау» бағ­дарла­­масы аясында 2014 жылы Арал қаласындағы 10 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтсе, өткен жылы 8 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол инфрақұрылымын дамытуда 2014 жылы Арал қаласындағы жалпы ұзындығы 11,45 шақырым 13 көше жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, «Самара-Шымкент-Сексеуіл», «Са­мара-Шымкент-Қамыстыбас», «Аман­өт­кел-Бөген», «Самара-Шымкент-Жақ­сықылыш-Тоқабай-Абай» автокөлік жол­дары және Сексеуіл, Жақсықылыш, Қамыстыбас, Шижаға елді мекендерінің ішкі жолдары жөнделді. Елбасының тіке­лей қолдауымен аудан орталығы то­лығымен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Сондай-ақ, 14 елді мекенге таза ауыз су жүргізіліп, соңғы 5 жылда 8 елді мекен «Арал-Сарыбұлақ» топ­тық су құбырына қосылды. Алда аудан көлеміндегі елді мекендерді 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Ел болашағы – жастардың қолын­да деп жатамыз. Осыны ескере отырып, ауылдарды дамыту шаралары аясында соңғы 5 жылда ауылдық мекендерге әлеуметтік салада жұмыс істеуге барған 114 маманға көтерме жәрдемақы төленіп, 51 маманға тұрғын үй сатып алуға несие берілді. Аудандағы Сексеуіл, Қамыстыбас, Шижаға сын­ды тіректі елді мекендер­ді дамыту, қоршаған ортаны қор­­ғау шаралары республикалық және облыс­тық бюджеттерден қаралған қаржы көлемінде іске асырылды. Қол жеткізген жетістіктердің ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақ­саруы­ның басты айғағы – бюджеттің кіріс бөлігінің артуы. Аудан бюджетінің кірісі 1996 жылы 560,0 миллион теңгені құраса, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 8376 миллион теңгеге жетті. Сөз реті келгенде айта кетуіміз керек, осынау қыруар шаруаны жүзеге асыру барысында облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың қосқан үлесі зор, еңбегі ерен. Өйткені, түйткілді мәселелерді шешуге тікелей өзі араласып отырды. Оның да нәти­жесін халық көріп отыр қазір. Тізбектей берсек, атқарылып жат­қан жұмыстарды көптеп айтуға болады. Міне, осылай, жыл озған сайын ауданның әлеу­мет­тік және экономикалық көр­­­сет­­кіш­терінің кө­те­ріңкі қалыпқа кө­терілуі халықтың тұрмысына да оң ықпалын тигізуде. Бұл күнде Елбасы наза­­рын­дағы айдынды Аралдың ажары айшықты, келбеті көркем. Аралға қо­сымша көмек көрсету мақсатында «Арал ауданының 2017-2019 жылдарға арналған жол картасының» қабыл­дануы және осы бағыттағы іс-шараларды толық қаржыландырудың көзделуі 75 мыңнан астам халқы бар Арал жұртшылығының келер күндерге деген сенімін одан әрі нығайтты. Бүгінгідей Тәуелсіздігіміздің ши­рек ғасырлық мерекесі тұсында Елба­сымыз­дың бұдан біршама уақыт бұрын: «Қырық жыл экологиялық қасірет шеккен аудан­ның халқы оның бар қиындығын қайыс­пай көтеріп, нағыз қайсарлық танытты. Болашаққа сеніммен қарады, міне, енді соның жемісін көріп отыр. Жалпы, бұл өңірдің келешегі кемел» деген көрегендікпен айтқан сөзінің Арал халқына үлкен күш пен жігер бергендігін айтқымыз келеді.

Шымкентбай ЖЫЛМАҒАНБЕТОВ, Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі

879 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы