• Мәдениет & Спорт
  • 19 Қаңтар, 2018

Қысқы олимпиада қыр астында

Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяның Пхенчханда өтетін ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарына 50-ге жуық жолдама алуды жоспарлауда. Бұл туралы Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков айтты.

Жолдама үшін сайыстар жалғасуда, нақты қанша спортшы баратыны осы айда белгілі болмақ. Әзірге құрама қоржынында 23 жолдама бар. Спортшылар бүгінге дейін бірнеше рет допинг сынамадан өтіп, таза екендіктерін дәлелдеді. Жолдама алған спортшылар алдағы уақытта да тексерістен өтеді. Ең соңғы рет Қысқы Олимпиаданың алтынын шаңғышымыз Владимир Смирнов 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен олимпиадада ие болған еді. Арада 24 жыл өтсе де бірде-бір спортшымыз бұл биік шыңды бағындырған емес. Рас, 1998 жылы Жапонияның Нагано, 2010 жылы Канаданың Ванкувер және 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен байрақты додада спортшыларымыз жүлделі орын алғаны есімізде. Бірақ, алтын емес. Ал, 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити және 2006 жылы Италияның Турин қласында өткен олимпиадада жерлестеріміз жүлделі орынға ие бола алмай, ауылдарына бос қайтқан болатын. Енді алдағы 4 аптаның ішінде басталатын Олимпиадада жүлделі орынға лайықты спортшыларды атап өтсек. Соның бірі – фристайлшы Юлия Галышева. Оның жеңісті қадамы 2008 жылдан басталды. Ол бұл уақытта Еуропаның екі дүркін чемпионы атанды. 2009 жылы Жапонияда өткен әлем чемпионатында тамаша өнер көрсеткен бойжеткен бапкерлердің көзіне түсті. Канаданың Ванкувер қаласында өткен Қысқы Олимпия ойындарында жолы болмады, сәл қателік жасап еді, Канада, АҚШ елінің қазылары төмен қарай сырғыта салды. Сочи Олимпиадасына қатысып, жерлесіміздің өнерін көзбен көрген еді. Бұл жолы да жүлдеге іліге алмады. Былтыр Америкада Әлем кубогы жарысында 2-орынды, биыл Алматыда өткен дүниежүзілік ХХVІІІ Қысқы Универсиада ойындарында чемпион атанды. Жапонияның Саппоро қаласында жалауын көтерген Азия ойындарында да Юлияның жұлдызы жанды. 2017 жыл талантты жерлесіміз үшін жеңіске толы болды. Жақында ғана Юлия Қытайда өткен Әлем кубогының кезекті сайысында бір алтын, бір күміске ие болып, әлемдік рейтингте екінші орынға жайғасты. Осылайша қалың қазақ халқы Юлия аруымыз Пхенчханда жүлде алады деп үміттеніп отыр. Биатлоннан Қазақстан ұлттық құрамасы дәл қазір нағыз бабында десек артықтық етпейді. Қоржында 10 жолдама бар. Дегенмен, бапкерлер құрамы Оңтүстік Кореяға кімдерді апаратыны осы айдың соңында белгілі болмақ. Егер дәл бүгінгі жұлдызды құрамды апаратын болса, Олимпиаданың бір медалі болады, деп сеніммен айта аламын. Ол медальды кім алады? Кімнен үміт күтуге болады? Меніңше, басқа спортшыларға қарағанда Галина Вишневскаяның мүмкіндігі өте жоғары. Былтырғыға қарағанда биыл Вишневскаяның деңгейі әжептәуір өскен. Сондықтан Галинаның Пхенчханда жүлдеге күре­суіне толық үміт бар. Басқа биатлоншылардан да нәтиже күтуге болар еді. Дегенмен, олардың нәтижесі Вишневскаядан жоғары емес. Мәселен, Дарья Усанова әрдайым үздік нәтиже көрсетіп жүргенімен, оқ атуға келгенде үнемі қателесіп жатады. Ал Алина Райкованың нәтижесі керісінше. Өзге спортшыларға қарағанда жылдамдығы тө­мен болғанымен, оқ атуда үнемі нысананы дәл көздейді. Бұдан басқа шаңғышымыз Алексей Полторанин жүлделі орын еншілейтіндей мүмкіндігі мол. Жақында ол Швейцарияның Ленцерхайд қаласында өткен «Тур де Ски» кезеңінде ерлер арасында 15 шақырымды классикалық әдіспен жүгіруде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұдан басқа көптеген жарыстарда жүлде еншілеп жүрген А.Полтаранин олимпиадада барын салып, алғашқы үштіктен де жоғары көрсеткіш көрсетеді деп ойлаймыз. Осылайша Қазақстан құрамасы биыл тәуелсіз ел ретінде жетінші рет қатысқалы тұр. Жеті деген сан қазақ ұғымында қасиетті сан болып келетіні белгілі. Сондықтан 28 күннен кейін басталатын Олимпиадада атлетшілеріміздің жолы болып, бірнеше жүлде алатынына үміттенеміз. ХХІІІ Қысқы Олимпиадаға 80-нен астам елден 2 500-ге жуық спортшы қатысады. Олар 15 спорт түрі бойынша 102 медаль топтамасын сарапқа салады.

Нұрлан ҚҰМАР

1183 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы