• Цифрлы Қазақстан
  • 12 Сәуір, 2018

Білім берудегі цифрлық ресурстар

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУкафедра меңгерушісі e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Елімізде ақпараттық технологиялар мемлекеттік басқару саласында ширек ғасырдан бері табыспен қолда­нылып келеді. Қазіргі таңда мемлекет ұсынатын қыз­мет­тердің көпшілігі электрондық тәсілмен көрсе­тіледі. Бұл орайда шалғай өңірлерге да тарала бастаған элек­тронды үкімет – e-gov желісінің ізашарлық рөлін атап өту керек. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­да­йындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Елбасы Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масына сәйкес цифрлық ресурстарды ұлғайтуда үсті­міз­дегі жылы білім берудің ақпараттық жүйелерін мем­ле­­кеттік органдар желісімен біріктіру қолға алынып жатыр. Білім және ғылым мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық күш-қуаты өркендеуінің негізгі қоз­ғаушы күші болып табылады. Білім саласын дамыту инновацияны ендіруге септігін тигізіп, жастарды қазіргі еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға қажетті керекті білімдер мен дағдылармен қамтамасыз етеді. Ernst&Young халықаралық компаниясының зерттеу мәліметі бойынша мемлекеттің білім мен эко­номикасының арасында тікелей байланыс байқалады. Мәселен, бастауыш білім берумен қамтылуды 1 пайызға арттыру мемлекеттің жалпы ішкі өнімін 0,35 пайызға көтереді. Жоғарғы сыныптарды оқыту мерзімін бір жылға көбейту мемлекеттің жалпы ішкі өнімін 0,44 пайызға арттырады. Ұзақтығы 10 жылға созылатын білім берудің стартегиялық бағдарламаларын іске асыру мемлекеттің ішкі жалпы өнімін 5 пайызға көбейтеді. Бұл ретте орташа баллдан 5 балл жоғары алған мемлекет еңбек өнімділігін 2,5 пайызға және жалпы ішкі өнімді адам басына шаққанда 1,5 пайызға арттыра алады. Білім берудің сапасына әсер ететін келесі бір көрсеткіш бір оқушыға жұмсалатын шығын болып табылады. Қазақстан Еуропа және Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде бір оқушының білім алуына қажетті ең төменгі соманы, яғни ішкі жалпы өнімнің 12 пайызын ғана жұмсайды. Ресейде бұл көрсеткіш 21 пайызды, ЭЫДҰ мемлекеттерінде орта есеппен 27 пайызды құрайды. Олқылықтың орнын толтыру үшін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қаржылық тетіктер қарастырылып, ақпараттық технологияларды қолдану арқылы оқыту үдерісін жетілдіруде мектептерді тех­никалық жабдықтау және олардың кең жолақты Интернет желісіне, Wi-Fi жүйесіне қосу көзделіп отыр. Үкімет жоспарына сәйкес 2020 жылдың соңына дейін барлық қашықтағы елді мекендер кең жолақты интернетке толықтай қосылуы тиіс. Мұның өзі білім беру жүйесін цифрландыруды әрі қарай дамытуға қуатты серпін бермек. Бұл ретте ақпаратқа қолжетімділік артып, кез келген оқушы, мұғалім, ата-ана немесе мектеп директоры өз смартфондары арқылы қажетті ақпаратты ала алады. Сөйтіп, әр оқушының өз бағаларын, үй тапсырмаларын, оқулықтарды, әлемнің цифрлық білім беру ресурстарын интернет арқылы көруіне мүмкіндік туады. Сонымен қатар балабақша кезегінен бастап аттестат немесе диплом алуға дейінгі барлық қажетті ақпарат қолжетімді болады, әрбір оқушы немесе мұғалім интерактивті сабақтарға еркін қол жеткізеді. Барлық деректер бір дерекқорға біріктіріліп, BigData технологиялары енгізіледі, онлайн-талдаулар жүргізіледі. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 2016–2017 жылдары 14 мыңнан астам мультимедиялық жиынтық сатылып алынды. Биыл республикалық бюджеттен тағы да 6 млрд теңгеге трансферттер бөлініп, үшінші жыл қатарынан жергілікті әкімдіктер білім беру мекемелеріне қосымша 10 мыңнан астам жиынтық сатып алып жатыр. Мұндағы міндет – ауыл және қала мектептерінің мультимедиялық жиынтықпен жаб­дықталуын 80 пайызға дейін жеткізу болып табылады. Жүйелі түрде жүргізілген жұмыстың арқасында білім беру саласындағы интернет желісінің қолже­тімділігі арта түсті, бүгінде мектептердің 99 пайызы интернетке қосылған. Бұл ретте олардың 62 пайызы жылдам интернет желісіне, ал 47 пайызы Wi-Fi-ға қосылғанын атап өту керек. «Цифрлық Қазақ­стан» бағдарламасына сәйкес барлық мектеп­терді интернетке қосу жоспарланып отыр. 4 мың­нан астам мектепте электронды «Күнделіктер» енгі­зілген, оларды барлық мектеп оқушыларының тең жары­мы пайдаланады. Бұдан өзге басқарушы орган – Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік қызметтер көрсетумен айналысады. Министрліктегі 73 мемлекеттік қызметтің 25-і автоматтандырылған. Бүгінде оның тұғырлары e-gov платформасы арқылы мемлекеттік органдардың базаларымен біріктірілген. Алдағы екі жылда тағы 48 қызметті автоматтандыру және оңтайландыру көзделіп отыр. Бұл ретте цифрлық технологиялардың қолжетімділігін арттырып, кеңінен тарату үшін 150 мың мұғалім мен бір жарым миллион ата-анаға ақпараттық тұғырларды қолдануды үйрету көзделіп отыр. Сондай-ақ біліктілікті арттыру және қосымша мамандық алу үшін үздіксіз білімді ұйымдастыру, ғылыми жұмыстар бойынша мәліметтерді элек­трондық түрде жүргізу, мемлекеттік қызмет көрсе­туге сыртқы ақпараттық жүйелерден тапсырысты бір жүйеде қабылдау, бірыңғай платформада тапсы­рыстың әрбір түрін өңдеу үдерісін автоматтандыру және мәліметтермен электрондық түрде алмасу қолға алынды. Осы және басқа игілікті шаралар нәтижесінде еліміздің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемдік рейтингте лайықты орын иеленіп отыр.

2928 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы