• Цифрлы Қазақстан
  • 19 Сәуір, 2018

Сандық технология – дамудың жаңа кілті

Алматыдағы Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «Сандық Қазақстан: BIM-технологияларын практикаға және білім беру жүйесіне енгізудің жаңа парадигмалары» атты II Халықаралық инновациялық форум өтті.

Аталмыш іс-шараға Сәтбаев университетінің студенттері мен оқытушылары, әсіресе сәулет-құрылыс саласының мамандары жоғары қызығушылық танытты. Форумды KAZGOR Жобалау академиясы және Халықаралық Autodesk компаниясымен бірлесе отырып, Сәтбаев университеті ұйымдастырды. Форумның ашылу салтанатында Satbayev University-нің ректоры Ескендір Бейсембетов, «CEO KAZGOR» өкілі Айдар Татығұлов, Т.Басенов атын­дағы Сәулет және құрылыс инс­ти­тутының директоры Болат Құспанғалиев, «Information Ma­nagement Partner at Simpson Haugh and Partners» ағылшын ком­па­ниясының өкілі Дэйв Мойес сөз сөйледі. Форумның алғашқы күні ақ­параттық модельдеу саласының жетекші мамандары 10 шеберлік сағатын өткізіп, оған 115 қонақ қатысты. Мұндай іс-шаралар өте мазмұнды әрі маңызды түрде өтіп, алдағы ынтымақтастық қарым-қатынас туралы бірне­ше келісім-шарттарға қол қой­ылды. Форумның екінші күнгі отырысына студенттер, оқытушы­лар, құрылыс және жобалау ұйым­дарының өкілдері қатары­нан барлығы 200-ден астам адам қатысты. Ұлыбритания, Ресей және қазақстандық баяндамашы­лар BIM-технологияларын қол­­данысқа енгізу жөніндегі тә­жірибелерімен бөлісіп, оның болашақ дамуы туралы мәселе­лерді талқылады. Форум аясында қазақстандық компаниялардың BIM-техноло­гия­ларын қолдану арқылы жаса­ған жобаларының көрмесі ұйым­дас­тырылды. Сондай-ақ сәулет және құрылыс институттары сту­денттерінің арасында өткен бай­қаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталмыш форум болашақ мамандарды даярлайтын техникалық жоғары оқу орындарының, жобалау және құрылыс ұйымдары­ның, кәсіби бірлестіктердің және т.б. көптеген ұйымдар арасындағы байланысты нығайтатыны анық. ВІМ-технологиясы саласы қа­зір­гі заманғы үрдістерге, ВІМ-тех­нологияларды тәжірибелі енгі­зу­ге және қолдануға, сондай-ақ Қазақстанда және шетелде ақпа­раттық модель­деуді дамытуға ба­ғытталады. Форумда күн тәртібіне қатысты көптеген бағалы баяндамалар жасалды. Әсіресе, шетелдің көрнекті ғалымдары жасаған баяндамалары зор ықыласпен тыңдалды. Форумда сәулеттегі және құрылыстағы ВІМ-технологиясы мәселесі жайдан-жай қозғалған жоқ. Өйткені елі­мізге сандық технологияларды енгізу ауадай қажет болып отыр. Экономика салаларының бәсе­кеге қабілеттілігін және ха­лық­тың өмір сүру сапасын арт­тыруға бағытталған «Цифрлық Қазақстан-2020» бағдарламасының «Сандық Жібек жолы» бағытының мақсаты ауылдарды интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға негізделген. Сонымен қатар бұл сандық түрлену көлік пен логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, электронды коммерция секілді бағыттарды қамтымақ. 2020 жылы еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 4,7 пайызы ақпараттық-коммуникациялық сектордың үлесінде болмақ. Ал аталмыш саланың еңбек өнімділігі 34 пайыз артады деп күтілуде. «Сандық Қазақстан: сәулет­тегі және құрылыстағы ВІМ-техно­логиялар» форумы бола­шақ мамандарды даярлайтын техникалық жоғары оқу орындарының, жобалау және құрылыс ұйымдарының, кәсіби бірлестіктердің, мем­ле­кет­тік құрылымдардың өкіл­дері ВІМ технологиясын ен­гізу және қолдану бойынша мә­селелерді тал­қылай алатын шараға айналуы тиіс. Сонымен қатар жинақталған практикалық тәжірибемен, даму перспективаларымен бөлісе алатын, саланың барлық буындары­ның өзара байланыс схемасын әзірлейтін, әмбебап пікірталас өт­кізе алатын форум ретінде тұ­рақ­ты өткізсе құба-құп. Алматыдағы «KAZGOR» Жобалау академиясы өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бері сәулет өнеріне бет бұрған таланттардың ұябасар шаңырағына айналған. Республикамыздағы алдыңғы қа­тарлы жобалаушылар мен сәу­лет­шілердің басын қосқан бұл мекеме кешегі Кеңес дәуірінің өзінде 12 рет Бүкілодақтық со­циалистік жарыстардың жеңім­пазы атанып, осы дәстүр еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында да лайықты жалғасын тапты. Осыдан бірер жыл бұрын олар «Алтын сапа» белгісіне ие болды. Академия үнемі мәдени-рухани саладағы елең еткізер оқиғалардың ордасы болып та келеді. Әрі жуырда бұл академияның демеушілігімен Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу уни­верситеті Халықаралық компания Autodesk және «KAZGOR» Жобалау академиясымен бірігіп «Сандық Қазақстан: Сәулеттегі және құрылыстағы ВІМ-Техно­логиялар» атты форумды өткізген болатын. Академия президенті Айдар Әбдісағитұлы Тәтіғұловтың техникалық университетте фо­рум­­ның сәтті өтуіне қосқан үлесі зор болды.

Нұрлан ҚҰМАР

2145 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы