• Цифрлы Қазақстан
  • 21 Маусым, 2018

Жергілікті өзін-өзі басқару қадамдары

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру аясында соңғы жылдары көп іс тындырылғаны мәлім. Соның бір айғағы – 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізуді көздейтін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша заңның қабылдануы. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті үстіміздегі жылғы 1 қаңтардан бастап халық саны 2 мың адамнан асатын 1 062 ауылдық округте енгізілді, ал 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық жерде енгізілетін болады. Дербес бюджетті енгізу ауылдық округтердің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтуге және салықты тікелей өз бюджетіне алуы арқылы аумақтық маңызы бар мәселелерді шешуде жергілікті өзін-өзі басқару рөлін күшейтуге мүмкіндік бермек. Ауылдық округ бюджетіне салықтық түсімдердің 7 түрі және басқа салықтық емес түсімдер, сондай-ақ шығыстардың 9 бағыты енгізілді. Үстіміздегі жылға түзетілген жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттер кірістерінің жоспары 113,8 млрд. теңгені құрады. Заңды жүзеге асыру мақсатында жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес ауыл әкімдері мен олардың аппараттары қызметкерлерін оқыту, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізуге уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелері мен дерек базаларының дайындығын қамтамасыз ету, ауыл әкімдері аппараттарын интернет байланысымен және компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша шаралар көзделген. Іс-шаралардың көбі орындалды. Ауылдық округ әкімдері мен олардың аппараттары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында оқыту жүйелі негізде жүргізілуде. Заңнамаға сәйкес әділет органдарының тіркеу қызметімен ғана айналысады, олардың жеке тұлғаны мемлекеттік тіркеуден өтуге міндеттеуге құқығы жоқ. Тиісінше, меншік құқығын ресімдеу кезінде меншік иесі немесе сенім білдірілген адамның болуы қажет. Тіркелмеген жылжымайтын мүлік нысандарының бар болуы себепті ауылдық округтер бюджеттеріне салықтың толық түспеуі ықтимал. Осыған байланысты әкімдер әділет органдарымен бірлесіп, мемлекеттік тіркеуге құжат ұсыну қажеттігі туралы заңнама талаптарын халық арасында түсіндіру жұмысын күшейтетін болды. Қазіргі уақытта жер учаскесі құқықтарын ресімдеу, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу кезінде өтініш берушінің шығыны жерге орналастыру жобасын әзірлеу мен жер учаскесі шекараларын белгілеудің бәсекелес ортада болуын ескере отырып, орташа алғанда 26,5 мың теңгені құрайды. Өз кезегінде өтініш берушінің белгіленген тәртіпте пайдалануға енгізілмеген тұрғын үйге құқық белгілеу құжаттарын ресімдеуге жұмсайтын шығыны орта есеппен 31,1 мың теңге. Бұл қаражатқа бәсекелестік ортадағы жоба нобайын дайындау кіреді. Ал сейсмикалық өңірлерде шығын 50 мың теңгеден басталуы мүмкін. Осыған байланысты ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін 1-2 жылдық өтпелі кезеңге аталған қызметтерді жеңілдік шартпен ресімдеу мәселесі пысықталатын болды. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін атқару бойынша қордаланып қалған түйткілдер де баршылық. Мәселен, салықтық және салықтық емес түсімдердің негізгі көлемі жылдың соңына қарай біртіндеп ұлғая отырып, ағымдағы қаржы жылының ақпан айынан кейін түсе бастайды. Сөйтіп, ол жоғары тұрған бюджетке өтіп кетуі мүмкін. Немесе өзін-өзі қамтамасыз ете алатын бюджеттердің бұл уақытта қаражат жетіспеушілігіне байланысты қаржылық операцияларды жүргізе алмауы ықтимал. Осыған орай бюджеттің атқарылу және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларына өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ ағымдағы жылдың басында жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне бағытталған төлемдерді кейбір екінші деңгейлі банктер ауданның, облыстық маңызы бар қаланың кірісіне қате есептеп жіберген. Мүдделі мекемелер бірлесіп жүргізген жұмыс нәтижесінде бұл түйін тарқатылды. Алайда, бүгінгі күні жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне жататын салықтарды есепке жатқызуға қатысты мәселелер басы ашық күйінде қалуда. Мәселен, үстіміздегі жылдың алғашқы айларында патент бойынша жеке табыс салығы 2017 жылғы желтоқсанда төленген еді. Бірақ, салық төлеушілер кабинетінде 2017 жылдың екінші жарты жылдығындағы міндеттемелерді орындау барысында 2017 жылғы есеп беру нысандарына ауылдық округтердің бизнес сәйкестендіру нөмірі енгізілмеген. Ал, үстіміздегі жылғы міндеттемелер бойынша мұндай олқылық болмаса да салық төлеушілердің кейбірі ағымдағы жылдың басында қаржысын аудандық бюджетке ескі тәсілмен қате төлеген. Сөйтіп, осының салдарынан салық органдары салықты жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне «қолмен» аударуда. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бойынша жұмыс мұнымен бітпейді. Қазіргі уақытта ауылдық округтерде бюджет пен коммуналдық меншіктің жаңа деңгейін енгізуге қатысты талдау жүргізілуде. Оған сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару институтын дамыту бойынша шаралар қабылданады.

1817 рет

көрсетілді

43

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы