• Цифрлы Қазақстан
  • 28 Маусым, 2018

Технология тың шешімдерге бастайды

Шығын қысқарып, өнімділік ұлғаяды

Агроөнеркәсіп саласын серпінді дамытудың бір кепілі – цифрландыру екендігі белгілі. Сандық үдерістер агроөнеркәсіптік кешендегі еңбектің тиімділігін көтеру және өнімдерді экспорттау көлемін арттыру жөніндегі міндеттерді орындауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан өзекті жобалардың бірі – Қаскелең агропаркі.

Қазақстан экономикасындағы ауыл шаруашылығы секторының жағдайы бойынша талдаулар дәлелдегендей, сала кірісінің аздығы дамудың, заманауи агротехнологияларды және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу технологияларын енгізу деңгейінің төмендігінен болып отыр. Осы тұрғыда заманауи ғылыми жетістіктердің инновациялық технологияларын, сандық шешімдерді, халықаралық тәжірибелерді ен­гізіп, пайдаланбайынша өндірісті үдету қиынға соғады. Сол себепті экономикалық тиімділіктің өсуіне, ауыл шаруашылығындағы тәуекелдерді төмендетуге септігін тигізетін тұрақты негіздегі инновациялық жобаның қажеттілігі туындайды. Ғалымдардың, фермерлердің, тұтынушылардың адами капиталын дамыту жалпы салаға автоматты түрде оң әсер ететіні анық. Қаскелең агропаркі нақты егіншілік, өсімдік, тұқым шаруашылығы, фитосанитария саласындағы озық технологиялар, сандық шешімдер және мақсатты шаруашылық әдістері қолданылатын ғылыми-деманстрациялық кластер болып табылады. Оны құрудағы мақсат – нақты егіншілік жүйесінде шығындарды азайтып, ауылшаруашылық өнімі өндірісін 2,5 есе арттыруды қамтамасыз ететін тұжырымдамалық ережелерді әзірлеу мен жүзеге асыру. АӨК-ті цифрландыру аясында «Қаскелең тәжірибе шаруашылығы» серіктестігі базасында құрылған Нақты егіншілікті дамыту иннова­циялық агротехнологиялық паркінің жұмыстарын Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев арнайы барып көрді. Қаскелең агропаркі 6 ірі ғылыми институттар консорциумы негізінде 1630 га жер көлемінде жүгері, соя, жаздық бидай, арпа және сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дәнді-дақылдарын өсіріп-өндіру бойынша құрылған. Фермерлерге өндірістің тиімділігін жоғарылатуға жол ашатын нақты егіншілік элементтеріне – электронды жер картасы, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, жоғары ажыратымдылықтағы камералармен жабдықталған әртүрлі ұшақтарды пайдалана отырып аэрофототүсірілім жасау, космомониторинг, параллельді жүргізу жүйелерін пайдалану, қашықтан басқару және басқа да шешімдер жатады. Мұндай технологияларды енгізу ауыл шаруашылығында тәуекелдерді басқарудың жаңа деңгейіне көшуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, телеметрия және қашықтан кіру жүйелері, қысқа уақыт ішінде үлкен аумақтардан әртүрлі мәліметтерді алуға, талдауға және технологиялық үдерістер мен операцияларды түзету бойынша уақтылы шаралар қабылдауға мүм­кіндік берген. Дифференциалды қолданудың арқасында тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау өнімдерін тиімді пайдалану, суару жүйесінде су мен энергия шығынын үнемдеу үшін суару режимдерін өзгерту, жүктің біркелкі бөлінуіне байланысты ауылшаруашылық техникасының логистикасын жоспарлау және тиісінше, оның өнімділігін арттыру мүмкін болды. Мұның бәрі жоспарланған шығындарды 70%-ке дейін азайтып, нәтижесінде ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін жоғары­латуға ықпал етеді. Қазірде министрлік тарапынан АӨК-ті дамытудың барлық негізгі бағыттары бойынша осындай біліктілік орталықтарын құру үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде, университеттер, ғылыми-зерттеу институттары, тәжірибелік шаруашылықтар базасында осы технологияларды меңгеру ісі сапалы түрде ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта Ауыл шаруашы­лығы министрлігі ауқымды цифрландыру бағытында АӨК-ті мемлекеттік реттеу жүйесін цифрландыру және өндірістік саланы технологиялық қайта жарақтандыру міндеттерін қойып отыр. Цифрландыру АӨК-ті мемлекеттік реттеудің – АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігі, өткізу нарығын және экспортты дамыту, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігі, су және биоресурстарды тиімді басқару секілді төрт бағытын дамыту үшін маңызды құралы болып табылады. Аталған бағыттар бойынша АӨК-тегі 101 мемлекеттік қызмет көрсету мен оған байланысты процестер автоматтандырылады. Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру саланың бәсекеге қабілеттілігін көтеріп, еңбек өнімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сонымен қатар инвестиция тартуға жол ашады. Сала мамандары тұтастай алғанда, 2025 жылға дейін экономикалық тиімділік шамамен 40 млрд теңгені құрайтынын айтуда.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1801 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы